Банктер мақұлдаудан неге бас тартады?

0
185

Жыл басталғалы, 2023 жылдың 10 мамырындағы жағдай бойынша «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 37,38 млрд теңгеге 2 334 несие берілген.

Бағдарлама аясындағы қаржы­лан­ды­ру шектеулі көлемде жүзеге асырылады. Жылына – 100 млрд теңге бөлінеді, сәйкесінше тоқсан сайын 25 млрд теңге ғана игеріледі. Осы жағдай несие рәсімдегісі келетін азаматтар үшін қиындық тудырып тұр. Екінші деңгейлі банктер жаңа өтінімдерді қабылдамайды, ал адамдар таңдаған тұрғын үй кешендерінің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс салушы болса меншігіндегі пәтерлерді тезірек сатып бітіруге тырысады. Банктер несиелер санын өз қалауы бойынша реттейді, содан кейін оларды «7-20-25» бағдарламасының операторы, Қазақстанның орнықтылық қоры өтеп береді. Қазір қаржы инсти­туттары екінші тоқсанның лимиті аясында жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте орнықтылық қоры ипотека беру кезінде банктердің бас тартуына негіз болатын бірнеше себепті атайды.

 

Кепілдіктің займ шартына сай болмауы

Кепіл ретінде алынған үй қойы­ла­ды. Бағдарлама шарты бойынша пәтер жаңа, бірақ пайдалануға берілген ғимаратта орналасуы керек. Сондай-ақ тұрғын үй бағасы белгілі бір сома көлемінен аспауы тиіс. Мәселен, Астана, Алматы және оның маңайында, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларындағы максималды сома 25 млн теңгеден аспауы керек. Қарағанды, Түркістанда шекті сома – 20 млн теңге. Өзге қалаларда бұл көрсеткіш 15 млн теңге болып бекітілген. Қордың хабарлауынша, кепілдік займ шартына сай бола алмауы жиі байқалады. Өйткені әлеуетті қарыз алушылар үлестік тұрғын үйді сатып алу кезінде құрылыс салушы мен сатып алушы арасында жасалатын үлестік қатысу келісімшартын ұсынады. Алайда «7-20-25» бойынша құрылыс салушы мен сатып алушы арасында тек сатып алу-сату келісімшартына ғана қол қойылуы тиіс. Банктер өзге ешқандай мәмілені қабылдамайды.

 

Теріс несие тарихы

Төленбегеніне 90 күннен асқан, яғни мерзімі өткен берешектері бар азаматтар ипотека рәсімдеп жатыр. Ондай адамдар қарасы қалың. Банк­тер несие туралы мәліметті Бірінші несие бюросынан сұрайды. Егер адамның басында басқа да кредиттері болса бұл жағдай оның төлем қабілетін төмендетуі мүмкін. Ол егер проблемалық несие болса онда банк бірден бас тартады. Өзінің тұтынушылық, тауарлық және ипотека несиесін уақытылы өтеген азамат қана банк тарапынан дереу мақұлдау алады.

Табыстың жетіспеушілігі

Мұнда бәрі қарапайым – банк ипотека беру кезінде қарыз алушыға қатысты көптеген факторларды ес­кереді. Банк ипотеканы өтеуге қа­білетті қарыз алушыға ғана ма­құл­дау ұсынады. Банктер бұл ретте отбасының жалпы табысына, бала­лардың болуына, санына, ком­му­нал­дық төлем мөлшеріне мән береді. Сонымен бірге бүкіл кредит бойынша төлем көлемі қарыз алушының табыс көлемінің 50 пайызынан аспауы керек деген де талап бар. Нақты «7-20-25» бойынша ай сайынғы ең жоғары төлем 141 мың теңгені құрайды.

Жыл басынан бері «Банк Центр­Кредит» – 13,5 млрд теңгеге 848 займ, «Банк Фридом Финанс» – 13,7 млрд теңгеге 802 займ, Halyk Bank – 7,1 млрд теңгеге 461 займ, RBK Bank – 1,9 млрд теңгеге 125 займ берген.

Еске сала кетейік «7-20-25» бағ­дар­­ламасы несиені 25 жылға береді. Тұр­ғын үйді тек бастапқы нарықтан сатып алуға ғана рұқсат етіледі.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ