Бақыт Қажыбаев: «Оян, қазақ» – уақыттың сұранысы
Актер Бақыт Қажыбаевты театрға баратын көзіқарақты көрермен жақсы біледі. Алайда оны бір-ақ сәтте күллі қазақ еліне мәшһүр еткен рөл – «Оян, қазақ» фильміндегі Міржақып Дулатов бейнесі. Көп ішінен бекзат болмысымен дараланатын өнер иесінің табиғатына да осы рөл дөп келгендей. Оны көрермен де лайықты бағалады. Осы жылдың басты жаңалығына айналған фильмнің бас кейіпкері бүгінде елге танымал белді актерге айналды. Көптің көзайымы болған Бақыт Қажыбаевтан сыр тартқан едік.
– Бақыт Бақтанұлы, есіңізде болса, бірнеше жыл бұрын жасаған сұхбатымызда осындай түр-тұлғамен театр мен экраннан шығармашылық мүмкіндігіңізді мейлінше ашатын лайықты рөліңізді таба алмай жүргеніңізге өкініш білдіріп едім. Сол олқылықтың орны толғандай ма?
– Иә, ол әңгіме есімде. Себебі ол кезде шығармашылық толғаныс үстінде болатынмын. Актер болғаннан кейін біздің басты міндетіміз – ел сүйіп көріп, бағалайтын ойлы, кесек бейнелер тудыру ғой. Ол театрға да, киноға да қатысты. Бір ғана рөлімен тарихта қалған саңлақтар қаншама. Керісінше, ғұмыр бойы өз рөлін іздеп арманда кеткен актерлер де аз емес. Сондықтан өнер адамы болған соң, нағыз өнер деңгейінде бейне жасай алсаң, әртіс үшін одан асқан бақыт жоқ шығар. Жан толғанысынан туғаннан кейін актерге әрбір рөлі ыстық. Бірақ бәрібір жылдар алға жылжып, ойың толысқан сайын өзіңе қойылар талап та күшейеді екен. Сондайда жаның сүйіп ойнайтын, оң жамбасыңа келген бейненің бұйыруы да – үлкен олжа. Ал енді «Оян, қазаққа» келсек, Міржақып мен үшін өте күрделі рөлдің бірі болды. Қанша дегенмен тарихи тұлға, ұлтымыз үшін аяулы бейне. Кілті табылмаса, актерге одан өткен үлкен уайым жоқ. Халықтың көңілінен шықпаса, үлкен өкініш сол. Міржақыпты сомдағанымды көпшілік қабылдамаса, өзімді жегідей жеп қояр едім. Сондықтан бұл рөлді алғанда қуаныш пен қорқыныш қатар тұрды.
– Үрейді қалай үркіттіңіз? Рөліңіз несімен ерекше есте қалды?
– Міржақып рөлі көп ізденіс пен дайындықты талап етті. Рөлге бекітілгенімді естігеннен-ақ тұлға туралы тұшымды деректерге ден қойып, білімімді толықтыруға талпындым. Сценарийді қолыма ұстап күні ұзын Есіл жағалап кететінмін. Кейіпкерімнің өмірбаянымен, шығармашылық жолымен таныстым. Жаз уақыты болғандықтан, ұжым еңбек демалысына шығып кеткен кез еді. Театрдың іші тым-тырыс. Грим бөлмеме келіп рөлімді зерттейтінмін. Міржақыптың мұхит әлемі осылайша өзіне баурап алды. Журналист Майя Бекбаеваның деректі фильмдері де тұлға табиғатын тануыма көп көмектесті. Алаш қайраткерлерінің ашылмаған тұстары көп екенін осы фильмге дайындық барысында түсіндім. Әсіресе асылдың сынығы Гүлнәр Міржақыпқызының әкесі туралы жазылған «Шындық шырағы» кітабын оқып шыққаннан кейін Дулатов әлеміне біртабан жақындағандай болдым. Қандай ауыр тағдыр десеңізші!.. Адам осының бәріне қалай төзіп, өмір сүре алады? Алаш қайраткерлерінің өмір жолы, елі үшін жанын берген жанкештілігі мені қатты толғандырып, санама шын мәнінде үлкен сілкініс жасады. Ол кісілерге деген сүйіспеншілігім, құрметім одан сайын еселене түсті. Ешқайсысын бөліп-жара алмадым. Барлығы да батыр, барлығы да құбылыс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы деп жалғасып кете береді. Олардың ойы бір жерден шықты, мақсаты ортақ болды. «Қайтсек дербестік, тәуелсіздік аламыз?» деп күресті. Қайран ерлер, «Ұрпағымыз көзі ашық, білімді болса екен» деген арманмен өтті ғой. Телехикаяның сценарийін оқып отырып, соңына келгенде өксік қысып, жарты сағаттай есімді жинай алмай отырдым. Қасымда ешкімнің болмағаны мұндай жақсы болар ма? Алаш арыстарының ұлт тәуелсіздігі жолында жанын шүберекке түйіп, басын өлімге тіккен көзсіз ерлігі, ұлтын шексіз сүйгендігі қатты тебірентті. Расында, біз Алаш қайраткерлерін танымайды екенбіз ғой дедім. Қалай өлімге барғаны, бір тиын ақы алмай халқына тегін қызмет еткені. Нағыз елі үшін туған ерлердің ісі. Қарап отырсам, Міржақыптай ерлердің атқа қонып, елі үшін ерлік істеген кезеңі қазіргі бізбен тұстас кездері екен. Көзіме жас алып отырып, «Мен өзімнің еліме не істедім?», «Тіліме, Отаныма қандай пайдамды тигіздім?» деген сұрақ қойдым. Осы сериалдың түсірілімінен кейін санамда, танымымда алапат төңкеріс болды. Өмірге, өмір сүру қалыбыма деген көзқарасым өзгеріп, тіпті өзімді қамшылай бастадым. Міржақыптың «Оян, қазағының» мәні маған енді ашыла түскендей.
– Ал түсірілім кезінде қандай қиындықпен бетпе-бет келдіңіз? Ойыңыздағы Міржақыпты сомдай алдыңыз ба?
– Маған үлкен қиындық уақыттың тапшылығы болды. Кейде «асығыстық атүстілікке ұрындырар ма екен» деп қауіптенгенім де рас. Бірақ маған түсірілім алаңында сценаристердің ұлтжандылығы, Алашқа деген махаббаты рухани тұрғыдан қатты көмектесті. Мұрат Есжан, Ұшқын Сәйдірахманұлы және Ұларбек Нұрғалымұлы үштігінің ой ұшқырлығына тәнті болдым. Сценарий бір оқығаннан-ақ мені селт еткізді. Авторлардың мұраты бірден жүрегіме жетті. Одан кейін жеке басыма тағы бір ерекше әсер еткен тұс – біз ойнаған кезде рөлді қалай ашсам екен деп қиналған жоқпыз. Өйткені авторлар қай тұсын қалай ашу керек екенін ұсақ-түйегіне дейін көрсетіп, айтып берді. Актерлер құрамы сценаристердің ізденімпаздығына, талантына тәнті болдық. Драматургиялық құрылымы да қиыннан қиыстырылып, бір-біріне кіріктіріліп жазылған ғой. Сөздің күші, ойнаудың күші бәрі көрініп тұрады. Қазақтың тілі қандай бай еді! Оны кино тіліне сәтті айналдыра алған жігіттердің еңбегі айрықша атап өтуге тұрарлық. Өзге кейіпкерлерге қарағанда Міржақыпты бір саты жоғары қойып қойғанын сезініп ойнадым. Бұл маған ерекше шабыт сыйлады.
– Актердің шығармашылық қуатының ашылуына қасындағы серіктесінің септігі де көп тиеді. Осы тұрғыдан келгенде «Оян, қазақ» фильміндегі ең сәтті серіктесім деп қай актерді айрықша айтар едіңіз?
– «Оян, қазақ» «Ахмет. Ұлт ұстазының» жалғасы болғаннан кейін сол жақтағы негізгі кейіпкерлердің барлығы бұл жобаға да бірге келдік қой. Тек кейбір актерлер ғана ауысты. Алғашқы жобадан-ақ бір-бірімізге бауыр басып қалғандікі ме, әсіресе Ақаңның рөлін ойнаған Байғали Есенәлиевті өзімсініп алдым. Ол кісімен түсірілген әрбір сахна үлкен мереке болды десем, артық айтқандығым емес. Жаны жайсаң, көңілі кең ерекше бір биязы адам ғой. Қасында жүріп өзің де бір тыныштыққа ие боласың, жаныңа сенім ұялайды. Жобадағы мен бірден қабылдаған бейне – осы Байғали ағамның кейіптеуіндегі Ахмет Байтұрсынұлы бейнесі. Сөйлескен сәттен-ақ Міржақыптың Ақаңа деген құрметіндей ерекше бір сезім мені де баурап алды. Сол секілді Ғайнижамалды ойнаған Зарина Кәрмен де талантты актриса ғой. Экранда еркін түсініскен жақсы серіктестерімнің бірі болды. Керісінше, бастапқыда жоба режиссері Мұрат Есжанды қабылдай алмадым. Тым жас көрінді. «Алаш арыстарын лайықты деңгейде аша алар ма екен?» деген күдік те болды. Алайда жұмыс барысында Мұрат мені тереңдігімен тәнті етті. Бұл тақырыпқа режиссер де, сценаристер де үлкен дайындықпен келген екен. Әр сөзді аялап қолданған олар бізден де мәтінге құрметпен қарауды өтінді. «Барынша сценарийде жазылған мәтінді айтыңыздар. Өз сөздеріңізді қоспаңыздар. Себебі әр сөйлемді қайраткерлердің өз еңбегінен алып, стилін сақтап, әр тіркес арқылы сол дәуірдің үнін жеткізуге тырыстық», деп талап қойды. Осыдан кейін-ақ аузымыздан шыққан әр сөздің дұрыс интонациямен сауатты айтылуына мән бердік. Мұның барлығы нені білдіреді? Шығармашылық топтың тарихтың әр дерегіне, фильмнің әр деталіне үлкен жауапкершілікпен қарағанын аңғартады. Осының арқасында жобаның да жұлдызы жанып, фильм біз күткен нәтижеден де асып түсті. Алаш абыройын асқақтатқан, рухын оятқан тұшымды дүние туды ғой деп ойлаймын. Тағы бір айтарым – Мұрат рөлге актер таңдауда да дөп түседі. Нәтижесінде, талай актердің жұлдызы жанды. Өз басым, әсіресе Ахмет Байтұрсынұлы рөліне таңдалған Байғали Есенәлиев ойынына шын иланып, Ақаң деп қабылдадым. Ал ондай сәтті іріктелген актерлер жобада өте көп.
– Түсірілім барысында жаныңызды елжіреткен қандай эпизод болды?
– Фильмде көңілді қозғайтын тұс өте көп. Көрермен түгілі ойнап жүріп өзіміз босаңсыдық. Соның ішінде жаныма айрықша әсер еткен көрініс Міржақып атамыздың Омбыдағы түрмеде екі жыл болып, ешкімге айтпай үйіне кіріп келгенде, қызы Гүлнәр мен Ахметсафаның ұлының ойнап отырып алыстағы әкелерін сағынатыны, әкесін көргендегі Гүлнәрдың қуанышы, олардың қауышу сахнасы маған ерекше әсер етті. Ондай тағдырды басымнан кешпесем де, ойнап жүріп жаным жылады. Әкелік махаббатым да осы көріністе ешқандай актерлік әрлеусіз, дәл өмірдегідей шынайы ашылды ғой деп ойлаймын. Мұндай жағдайлар өте көп. Санамалап айту мүмкін емес. Түсірілім кезін айтасыз, тіпті фильм жарыққа шыққаннан кейін де жүректі елжіретер біраз жайт басымнан өтті. Алматыдағы сауда орталығының бірінде жүр едім, тұтқиылдан бейтаныс жігіт тап келіп, мені құшақтап алды. Алғашында түсінбей қалдым. Қарасам, көзіне жас алып, ерекше толқып тұр екен. «Аға, кешіріңізші! Сізді көргенде Міржақып атам алдымнан шыға келгендей болды. Фильмді кеше көріп шықтым. Жан дүниемді төңкеріп тастады», деді. Бұған дейін мұндай жағдай басымнан өтпегеннен кейін қапелімде не дерімді білмей қалғаным рас. Шынымен күтпеген жайт болды. Тіпті өзімді қалай ұстарымды білмедім. Бұған дейін де қаншама киноға түсіп жүрмін ғой. Бірақ мұндай жағдай болған емес. Сол кездесудің әсерінен ұзақ уақыт шыға алмадым.
– Режиссер Мұрат Есжан фильмнің тұсаукесер рәсімінде: «Біздің елде тарихи кинолар аз түсіріледі. Бұндай дүниелерді көрмейді, түсінуге көпшіліктің деңгейі жетпейді деген тұжырым қалыптасады. Сол сенімді бұзсақ», деп көпшілікке үндеу тастаған еді. Сол үндеу тамаша нәтиже беріп, «Оян, қазақ!» кинотеатрларда көрсетілімнің көшін бастады. Бұл – шынымен де жастардың рухын оятып, қоғамдағы қалыптасқан қасаң қағидаларды бұзған кино әлеміндегі үлкен жаңалық болды. Ал сіз қалай ойлайсыз, «Оян, қазақ» қазақты оята алды ма?
– Кинотеатрлардағы бұл көрсеткіш көрермендердің жеңіл комедиялардан жалығып, терең тақырыптарға сусағанын айқын аңғартты. Шынымды айтсам, тарихи фильмге дәл осындай аудитория жиналады деп өзім де күткен жоқпын. Оны халық та күтпеді. Шынын айтқанда, киноның мұндай сұранысқа ие болатынына біз дайын болмадық. Кинотеатрларға бар-жоғы екі апталық көрсетілімге шығарған ұлттық арнада осылай болады деп болжаған жоқ. «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің монтажы жүріп жатқан кезде режиссер Мұрат Есжаннан «Ертең көрерменнің алдында ұятқа қалып жүрмейміз бе?» деп сұрадым. Кино түсірілімі аяқталған соң да уайымым үдей түсті. «Міржақыптың бейнесінің кілтін таба алдым ба?» деген ой да жанымды жегідей жеп, бір сәт маза бермеді. Бірақ кинотеатрларда көрсетілім басталғаннан кейін-ақ халықтың өзі бірінен соң бірі іліп әкетіп: «Барыңыздар, көріңіздер!» деп насихаттауға кірісті. Бұл – халықтың руханиятқа, өзіміздің шыққан тегімізге шөліркеп қалғанының көрінісі деп ойлаймын. «Оян, қазақ» – уақыттың сұранысы. Елге қызмет еткен Алаш арыстары туралы осындай фильмдерді көптеп түсіріп, халыққа есімдерін жаңғырта берсек, қазақ ұтпаса ұтылмайды. Ел үшін жанын құрбан еткен ардақтыларымызға бұл кинолар өте аздық етеді. Алты бөлімнің өзі меже емес. Алда әлі де талай ізденіс керек. Себебі біз бүгінгі мамыражай өміріміз, азаттығымыз үшін бозторғайдай шырылдап, елдің қамын айтқан, ғылым-білімге шақырып, ағартушылықпен айналысқан, «егемендік алсақ» деп ұлы арманмен өткен тұлғаларымыздың алдында борыштармыз. Мына бейбіт заманда Алаш зиялылары туралы фильм түсірмеу қиянат болар еді. Халықтың санасын оятудың бірден-бір жолы осы. «Алаш» партиясының өкілдері десек, бірден Әлихан, Міржақып пен Ахмет ойға оралады, одан әрі аса алмаймыз. Бұдан бөлек қанша қайраткер бар. Солардың әрқайсысына арнап бір-бір фильм түсірсек, артық болмас еді.
– Енді театр жаққа қарай ойысайықшы. Белгілі режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбай шеберханасынан түлеп ұшқан сіздің курс 2007 жылы Астана төрінен Жастар театрын аштыңыздар. Бүгінде сол театрдың белді актерінің бірісіз. Театрдағы тынысыңыз қалай?
– Бұл жағынан мен өзімді жолы болған жандардың қатарына жатқызамын. Нұрқанат Жақыпбайдай талапшыл да талғампаз режиссердің тәлімін көріп, группалас, дос дегеннің шекарасынан асып, бүгінде бауырға айналып кеткен Әділ Ахметов: Дәурен Серғазин, Азамат Есқұлов, Жандәулет Батай, Айнұр Рахипова, Мәдина Май, Махаббат Мадғұлова сынды жақсы жандарға жолығуым – тағдырдың маған жасаған үлкен тартуы, сыйы. Сахнада ғана емес, өмірде бір-бірімізді демеп, қолдап келеміз. Менің бақытым сол – төрт жыл бірге оқыған достарыммен ажырамай жүріп, жаңа театр ашу дейтін тарихи сәтті бастан кештік. Жан-жаққа тарыдай шашырап кетпей, барлығымыз бірге Жастар театрында қызмет етіп келеміз. Ұстазымыз қасымызда. Әріптесім Әділ Ахметов: «Біз Нұрқанат Жақыпбайдың 21-курсында оқып жатырмыз», деп әзілдейді. Ол рас, ұстазымыздың алдында біз әлі шәкіртпіз. Әлі де үйренеріміз көп. Алла ол кісіге ұзақ ғұмыр берсін деп тілеймін.
– Режиссер Нұрқанат Жақыпбайды талапшыл деп жақсы суреттедіңіз. Сол талапшыл ұстазыңыз кино әлемін дүр сілкінткен «Оян, қазақтағы» рөліңізді қалай бағалады?
– Ол кісі шәкірттерін көзіне көп мақтай бермейді. Бірақ Алматыда өткен бір үлкен жиында «Оян, қазақты» көрген белгілі ғалымдар, өнер қайраткерлері Міржақып туралы жылы лебіздерін білдірген екен. Кейін соны тілге тиек етіп Нұрқанат ағамыз ұжымда өткен жиналыста еңбегіме оң бағасын беріпті. Бірақ өзім кезекті түсірілімде жүргендіктен, ол күнгі жиналысқа қатыса алмадым, әріптестерімнен естідім. «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» демекші, ұстазымыз өнерде өз жолын қалыптастырып келе жатқан әрқайсысымыз үшін тілекші, жанкүйер ғой. Сол қолдау бізді қанаттандырады.
– Кино саласында Міржақып рөлі мерейіңізді үстем етті. Ал театрда ше? Өз рөліңізді таба алдыңыз ба?
– Театрда сомдаған әрбір рөлім – жанымның, жүрегімнің бөлшегі. Себебі әр бейне үлкен еңбек пен тынымсыз ізденістің, жаныңды жегідей жеудің нәтижесінде өмірге келеді. Бұл жағынан келгенде «Кішкентай рөл болмайды, кішкентай актер болады» деген әйгілі қағида менің үнемі жадымда тұрады. Сондықтан әрбір рөліме, ол мейлі басты, мейлі қосалқы болсын, бәріне бірдей ізденемін. Барлығы бірдей ыстық. Әйтсе де, актердің ішінде бұғып жатқан армандары болады ғой. Оны ашып айтып тастағым келмейді. Арман құпия болса, тез орындалады дейді. Сондықтан шығармашылыққа қатысты ішімде жатқан ойларды жарияға жар сала бергім келмейді. Уақыты келгенде орындалар. Міржақып секілді бағымды ашып, көрермен көңілінен шығатын, табиғатым мен ішкі қалауыма дөп келетін кесек бейне театр сахнасында да туатын шығар. Театрдағы өз рөлімді әлі тапқан жоқпын. Ізденіс үстіндемін.
– Актер Бақыттың арманын білдік, ал бала Бақыт қандай еді? Балалық шаққа аз-кем саяхат жасап көрсек…
– Алматы қаласында туып-өстім. Қаланың баласы болғаннан кейін орыс тіліне жүйрік болдым. Тіпті қазақ тілін мүлдем білмедім. Тентектігімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Балабақшадағы тәрбиешілердің сын-ескертпесін жиі ести берген соң, оның үстіне қазақ тілін үйренсін деп ата-анам Шымкентте тұратын нағашы әжемнің қолына беріп тынды. 4-сыныптан бастап сол кісінің тәрбиесін алдым. Апам жылы-жұмсағын ұсынып, қазақ тілін үйретіп қана қоймай, мені еңбекке де баулыды. Ауылда жүріп шаруаның барлық түрін істеп үйрендім. Жер аударып, бау-бақша егетінбіз. Әжемді ертіп, ауызашар мен қонаққа да жиі баратынмын. Мұның барлығы өте үлкен тәрбие деп білемін. Сонда жүріп қазақтың барлық жөн-жоралғы, дәстүр-салтының сырына қанықтым. Соның әсері болса керек, бүгінде мені қаланың баласы деп ешкім айтпайды. Сол үшін де апама ризамын. Мәңгілік қарыздармын. Ал енді балалық арманға келсек, есімді білгеннен бастап ұшқыш болуды армандадым. Бірақ ағам телеарнада оператор болып жұмыс істегеннен кейін, мені де осы сала қатты қызықтырды. Мектеп бітіргеннен кейін операторлыққа оқуға түсейін деп өнер академиясына келсем, алдымнан Ақкенже Әлімжан кездесіп, мені актерлік курсқа түсуге үгіттей бастады. «Әртіс болу бұрын неге ойыма келмеген?» деп сол кезде алғаш рет ойландым. Сөйтіп, аяқ астынан актер болуға аңсарым ауып, Ақкенженің соңынан ердім. Осылайша, 2002 жылы актерлік бөлімге Нұрқанат Жақыпбай шеберханасына қабылдандым. Бірақ оқуды аяқтап, дипломымды алғаннан кейін де ұшқыш болу арманымнан бас тарта алмадым. Сөйтіп, 2006 жылы Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына оқуға құжат тапсырдым. Алайда мемлекет бөлген грантты актерлік білім алуға пайдаланып қойғаннан кейін, енді тек ақылы түрде ғана оқуға тапсыруға құқым бар екенін білдім. Ал өзіңіз білетіндей, авиация – өте қымбат сала. Тәжірибеден өту үшін ұшақты бір рет ұшырып, қондырудың өзі сол кезде 10 мың доллар тұрады екен. Соған қарамастан тәуекел деп емтиханға кірдім. Егер түссем, қалайда болсын оқығым келді. Бірақ бұйырмаған шығар, кешенді тест кезінде физикадан тапсырған емтиханымды химия деп қабылдап, төмен балл алып қалдым. Сапарда жүріп, келген соң аппеляцияға берсем, кеш деп оны да қабылдамай қойды. Әйтпесе «қабылдау комиссиясындағы мамандар түрің де, тұрпатың да ұшқыш болуға кұйып қойғандай екен» деп құрақ ұша қарсы алып еді, амал нешік… Сөйтіп, театрыма қайта оралдым.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»