Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіші қай жерде орнатылатыны белгілі болды

0
139
фото:malim.kz

Аудан әкімдігінің ақпаратынша, саясаткердің ескерткішін Кеген өнер мектебінің алдына орнату жоспарлануда.

Алматы облысы Кеген ауданында Қазақстанның қоғам және мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнату жұмыстары аясында жиын өтті. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөзі қызметі мәлім етті.

Аудан әкімдігі ақпаратынша, жиын барысында Заманбек Нұрқаділовке қойылатын ескерткіштің орнын белгілеу, ескерткіш қойылатын жер учаскесін таңдау туралы сөз қозғалған.

«Көпшіліктің пікірін ортаға сала келе Кеген ауылының көрнекті жері жаңадан бой көтеретін Кеген өнер мектебінің алдынан саясаткердің ескерткішін орнату жоспарлануда», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 14 қаңтарда белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай ас берілді. Оған бірқатар қоғам қайраткері, саясаткерлер, парламент депутаттары, ғалымдар мен қаламгерлер қатысты.

Аста сөз алған президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы көңіл хатын оқып берген. Тоқаев хатында Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнату керек деп есептейтінін жазған еді.

«Ұлт перзенттерінің есімін ел жадында жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру – ұрпақ парызы. Осы орайда, Зәкеңнің туған жері – Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын», – делінген президент хатында.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ