Қыз ұзатып, келін түсіру: қазақтың құдаласу салты

0
152
Фото: anatili.kazgazeta.kz

 – Құда түсу, сырға салу, қалың мал беру. Қазақтың ұлды үйлендіріп, келін алғандағы салт-дәстүрлері қандай еді? Қайсысы осы күнге дейін сақталған? Ұмыт қалғандары бар ма? Бірқатарын жинақтап назарларыңызға ұсынамыз.

Құдалыққа бару

Үкі тағу салтын өткізген соң жігіттің ата-анасы бауыр-туыс, құда-жегжаттарын шақырып кеңес құрып, құдалыққа барудың қамына кіріседі. Құда-құдағиларға міндіретін ат, кидіретін шапан секілді бағалы заттарын əзірлейді, сондай-ақ, құда-құдағи болып баратын адамдарын іріктейді. Құдалыққа көргені көп, əртүрлі өнерге жетік, салт-дəстүрге жүйрік, шешен де іскер бір адам бас құда болып тағайындалады да, күннің сəтін талғап, құдалыққа аттанады.

Құдалыққа барған адамдарды қыз ауылы шашу шашып қарсы алады. Шашуды сол ауылдағы ең үлгі-өнегелі, бетті-беделді бəйбішенің бірі бастап шашады. Оны басқа абысындары мен келіндері жалғастырады. Шашуға көбінде жерге түссе былғанбайтын кепкен құрт, ірімшік, қант, кəмпит секілді тəтті-дəмді нəрселер шашылады. Оны жиналған жұрт күліп-ойнап, таласа-тармаса теріп жейді. Құдалар үйге кіріп отырып алған соң да сыйлы-беделді бəйбішелер шашуын ала келіп шашып жатады. Бұл – осы ауылдағы барша адамның «құдалық құтты болсын», «қуаныш бəрімізге ортақ» деген ізгі ниеттерінің белгісі.

Табалдырық аттар

Қазақ салтында құдалыққа келген адамдарды бірден үйге кіргізбейді. Ауылдың сергек те шешен бір əйелі үйге кірерде олардың алдын тосып: «Табалдырық аттарларыңызды беріңіздер, болмаса үйге кіргізбейміз» дейді. Құда-құдағилар «табалдырық аттар» кəдесін (жолын) берген соң, есік ашып үйге кіргізеді. Бұл «табалдырық аттар» делінеді.

Құдалық
Фото: instagram.com/tezbesh

Сыбаға асу

Құда-құдағилар үйге кіріп жайғасып отырған соң «еске алған ескі асынан сақтайды» деп, сүр еттен (үйде бар дайын ет) оларға сыбаға асады. Қазақта, ақсақалдар мен құда-жекжаттарға сыбаға сақтау – бұзылмайтын заң іспетті. Мұнда, малдың барлық мүшесінің адамдардың атақ-дəрежесіне қарай тартылатын орны бар. Олардан қателесу қонақ иесі үшін үлкен айып, тіпті олардың орнын ауыстырса немесе бірінің етін біріне шатастырса, яғни, бас тартатын адамға жамбас, жамбас тартатын адамға жілік тартса, міндетті түрде айып төлейді. Себебі сыбағалы сүйектерді дұрыс тарту-тартпау – адамның қадір-қасиетіне саятын мəселе. Əр адамның жолы, жасы, атақ-даңқына қарай сыбағалы еншісін бермеу, сол адамға қарата айтқанда менсінбеу, əдейі сағын сындыру, тіпті қорлау болып есептеледі.

Қалың мал

Ежелгі қазақ əдет-ғұрпында «қалың мал» құдалар арасындағы береке-бірлік пен татулықтың дəнекері ғана болған. «Қыздан алғанды қынға жақ» деп, қалың малды ешқашан, еш уақытта байлық қайнары, кісілік мақсат-мұрат есептемеген. Керісінше, «құрыған адам құдасын қинайды, білімді адам құдасын құдайындай сыйлайды» деп қарап, құдаларына «жоқты тап, жорға-жүйрігің мен жылт еткеніңнің бəрін маған бер» деп сұрағанды, «жақынын қазған жалшымайды» деп, ондай адамдарды нағыз жарымаған, көргенсіз деп есептеген.

Қазақ халқының алыс-беріс, барыс-келіс істерінің бəрінде көз бен көңіл таразысы жəне кісілік өлшемі болғаны сияқты, қалың малының да белгілі өлшемі, шегі, саны, аты-жөні, түрі болған. Тіпті, «қалыңсыз қыз болса да, кəдесіз қыз болмайды» деп, құдалық дəнекер, қуаныш сыйлығы ретінде тегін берген қыздардан да əртүрлі кəделер алып, кəделер берген. Қазақ халқының қалың малы, əл-ауқаты əртүрлі адамдарды көзде ұстай отырып белгіленген. Алайда, «бай мен бай құда болса, араларында жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса, араларында дорба жүреді» дегендей, əр адам өз əл-ауқатына қарай алыс-беріс жасаған. Ол негізінен мынадай түрге бөлінеді:

  1. Дəстүрлі қалың мал – бір түзу мылтық, бір берен сауыт, бір жүйрік ат жəне малдығы артық бір түйеден тұрады.
  2. Қара мал – жиырма ірі қарадан тұрады. Мұнда, құлын, тай, бұзау-таналар да түгел бір қараға есептеледі.
  3. Ілу – күйеу жігіттің қызын жақсы тəрбиелегені үшін енесіне міндетті түрде беретін ат, түйе секілді зат. Егер жігіт ілуге көп қаражат жұмсаса, онда қалың мал азайтылады.
  4. Сүт ақы – жігіт жақтың, қыз анасына беретін заты, яғни ананың аналық ақ сүтінің бодауына берілетін сыйақы.
  5. Жігіт түйе – қыз əкесіне «ата күшіне» деп беретін зат, яғни əке күшінің бодауына берілетін сыйақы.
  6. Той малы – қыз тойына жігіт жақ апаратын сойыс мал. Əдетте, той мал бір ірі қара, екі ұсақ малдан жоғары болады.
  7. Дөңгелек қалың – 10-15 ұсақ мал немесе соған балама ретінде беретін бір жылқы немесе бір сиыр.
  8.  Балама қалың – 10–15 ұсақ мал орнына беретін бір тəуір жылқы.
  9. Олқы қалың – алатын қалыңдығы өліп, оның орнына балдызын алғанда төлейтін 37 ірі қара.

Қазақ салтында бардам адамдардың қалыңға беретін малдарын бөлу үстінде «құрық бауға» деп жылқышылар бір мал, «қосақ бауға» деп қойшылар бір мал алса, ал бата жасағандар «келін тілі» деп бір мал алып қалады. Жоғарыда айтқандай, қазақ халқының дəстүрлі қалың малы – бір түзу мылтық, бір берен сауыт жəне бір жүйрік ат пен малдығы артық бір түйе ғана болған. Бірақ, ол бардам адамдарға қаратылған. Ал, қолы қысқа адамдар «орамал тон болмайды, жол болады» деп, барымен базарлап, бір дəн болса бөліп, жарты дəн болса жарып жеп, өмір бойы тату-тəтті өткен.

Жасау
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Жасау

Ұзатылатын қызға қыздың ата-анасы беретін малы мен дүние-мүлкі «жасау» деп аталады. Жасау, əдетте, қалың малмен шамалас болады. Ауқатты адамдар қызына үй тігіп береді. Тіпті, қалың малдан артық жасау жасап береді.

«Жасау» ауқатты адамдар жөнінен алғанда мынадай мал-мүліктерден тұрады:

  1. Төсек-орын, киім-кешек, яғни, бір ақ шаңқан киіз үй, бір жақсы төсек пен тағы бір құс төсек, 3-7 көрпе-жастық, бірнеше текемет, төркөрпе, сырмақ, от киіз, 5-6 алаша, 2-3 кілем, ішік, шапан, көйлек-көншек əрқайсысы 9-9 немесе 7-7, ең болмағанда 3-тен, 5-тен кем болмайды.
  2. Құрал-жабдық, қару-жарақ. Олар: ер-тұрман, садақ, мылтық, найза, сауыт, қалқан, берен қылыш, қазан-ошақ, шыны-шəйнек, балта-шот, балға-төс, егеу-түрпі, ине-жіп, ара, талыс, үскі-кескіш, біз, сыдырғы, бəкі-пышақ, т.б.
  3. Ат-көлік жəне сауын-сойыс, яғни, қызға мінгізген жорға мен күйеу жігітке мінгізген жүйрік ат жəне олардың сауын ішіп, сойып жеулеріне берген 3-4 сиыр, 20-30 ұсақ мал, сондай-ақ, артынып-тартынып көшулеріне бір-екі түйе қатарлылар.
  4. Қызға танысып барғанда жəне арнаулы берген туыс-туғандарының мал-дүниелері, яғни, мініс ат, сауын сиыр, сойысқа берген ұсақ малдары мен кілем, сырмақ, текемет, түрлі киім-кешек, білезік, сырға, алқа, жүзік, т.б.

Қызға «жасау» беру – қазақ халқының қыздарын ерекше қастерлеуінің тағы бір белгісі. Қыз ата-анасының қызымыз жат жер, жат елге барғанда еш қиындық көрмей, мал-дүниеден тарықпай, жылап-сықтамай, ел қатарлы жақсы күн көріп, тезірек еңсе көтеріп, бай-бақытты тұрмыс кешірсін дегені əрі болашақ ұрпақтардың дүниеге төрт мүшесі сау, ес-ақылы дұрыс болып келіп, олардың ақаусыз өсіп-жетілуіне мүмкіндік жасағаны.

Отау тігу

Қазақ салтында құда-құдағилар жыртысын əкеліп салған соң, ауқатты адам болса, қыз əкесінің үйінің артына қалыңдық пен күйеу жігітке арнап отау тігеді. Əрі «құдай жолы» деп бір мал атап сояды. Отау тігуге инабатты, беделді, балалы-шағалы аналар қатынасып, «кереге керер» деген кəде алады. Отауға уық шаншыларда шаңырақты жасы жер ортадан асқан, балалы-шағалы күйеудің біріне ырымдап көтертеді де, оған бардам адамдар «шаңырақ көтерерге» деп бір ат мінгізеді. Əдеттегі адамдар шама-шарықтарынша киіт, жол береді. Ал, отау тіккен кезде күйеу жігіт отауын тігушілерге «уық шаншар», «туырлық жабар», «түндік жабар», «үзік ұстар», «бау-шу байлар» деген сияқты кəделер береді.

Отау тігу алғаш бас құраған екі жасты дербес күн көруге баулиды. Отауды жақсы ұстап, ел-жұртқа үлгі-өнеге болудай жауапкершілік сезімін оятады. Дербес ой жүгіртіп, ерінбей еңбектеніп бай-бақытты отбасы құруға ынталандырады. Өзгелерге иек сүйеу, бой күйездік, жалқаулық əдеттерінен ертерек айығуға негіздейді. Еңбекшілдікке, іскерлікке баулиды.

«Үй іші ала болса, кереге басы пəле болады». Ұлтымыздың отбасылық құндылықтары
Фото: syrboyi.kz

Отауға кіргізу

Салт бойынша қалыңдық пен күйеу жігітке арнап тіккен отау-ға, ең алдымен, қалыңдықты кіргізеді. Қалыңдық отауға кірген бойда ас-тағам тұратын сол жақ босағаға барып, оң аяғымен жерді бір теуіп, далаға қайта шығады. Одан соң, күйеу жігіт кіріп, сол жақ босағаға барып, ол да жерді бір теуіп далаға шығады. Бұл олардың: «осы отаудың өмірлік иесі біз боламыз, босағамыз берік, төрт түлігіміз сай болсын» дегені. Одан соң, отау тіккен қауым отауға кіріп, «құдай жолына» арнап сойылған малдың етін жеп, тіс тигізбей мұжыған мойынды күйеу жігітке қыз жеңгелерінің біреуі əкеліп береді. Күйеу жігіт оны қолына алып жібек орамалмен орап, отырған жерінде қозғалмай тұрып шаңырақтан далаға лақтырып жібереді. Бұл – күйеу жігіттің: «түтініміз түзу шықсын, ел алдында бет-беделіміз жоғары болсын, болашақта үлгі-өнегелі, қадір-қасиетті отбасы болып, осы шаңырақтай адамгершілігіміз асқақ болсын» дегені.

Күйеу жігіт мойын орап шаңырақтан лақтырып шығарған жібек орамалды «мойын ұсынарым» деп күйеу жігітке мойын ұсынған əйел алады. Ал, күйеу жігіт ұсынған мойынды шаңырақтан лақтырып шығара алмаса, онда үлкен айып төлейді. Отауға кіргізу қыз бен күйеу жігітті болашақ отауды ел-жұрт алдында жақсы басқарып, ата-аналары мен көптің үмітін ақтауға құлшындырады. Отбасына жəне ерлі-зайыптылық қатынасқа жауапкерлік сезімін оятып, алғашқы адымда өздерін үй иесі, қожайын реті-де сезініп, отбасына деген сүйіспеншіліктерін арттырады. Болашақ отаудың шаруашылығын қалай шалқыту жөнінде алғашқы ой-қиялға жетелейді.

Неке қидыру

Бұл – бас құрап үйленетін жігіт пен қыздың міндетті түрде орындайтын ғұрпы.

Неке – бас қосып үйленетін жұбайлар үшін өте қасиетті ұғым əрі ерлі-зайыптылық жəне оған беріктік шарты. Неке қидыруға күміс білезік, күміс сақина жəне жебе салынған бір тостағанға құйылған тəтті суды молланың алдына жайылған ақ дастарқан үстіне қояды. Ер-əйел екі жағынан некеге куə болатын (үштен жоғары) адамдар үйді қоралай келіп отырады. Əр екіжақтың куəгерлері толық келіп болған соң, молла жүгініп отырып: «Бісміллəһи иррəхімəн иррəхим! Алланың əмірі, Пайғамбардың сүннеті, адал некеленген осы қыз бен жігіттің (ер мен əйел дің) некелері тұрақты, бастары бақытты, сау денелі, ұзын өмірлі, жақсы перзентті, ынтымақ-берекелі болуын, бір Алла, өзіңнен ғана тілейміз! Алла-һуак бар!» деп, неке дұғасын оқып, тостағандағы тəтті суға дем салып, күйеу жігіттен: – Пəленнің қызы түгенді өзіңізге өмірлік жар етуге ризамысыз? – деп сұрайды. Оған жігіт риза болса: – Ризамын! – деп жауап береді. Сол кезде жігіт жақтың куəлікке келген адамдары бір ауыздан: – Куə-куə, куəміз, Куəлікке жүреміз.Таңда Тəңір алдында, Мұнда қазы алдында, Ақ куəлік береміз! – деп іле жөнеледі.

Одан соң, молда қалыңдықтан: – Сіз пəленнің ұлы түгенге өмірлік жар болуға ризасыз ба? – деп сұрайды. Қыз риза болса:– Ризамын! – деп, өз ризашылығын береді. Сол кезде оның куə герлеріде: – Куə-куə, куəміз, Куəлікке жүреміз,Таңда Тəңір алдында, Мұнда қазы алдында, Ақ куəлік береміз! – деп қызды қостай кетеді. Соңында, молла қыз бен жігіттің ризалығын алған соң, қолындағы неке суын алдымен жігітке беріп бір ұрттатады, онан соң, қызға б ріп бір ұрттатады. Бұл олардың ресми ерлі-зайыпты болғандығының белгісі есептеледі. Міне, бұл «неке қидыру» деп аталады.

Некелерін қидырып, неке суын ішкен күні түнде жігіт қалыңдығымен оңаша кездеседі. Бұл кездесу – «отауға түсу» деп аталады. Қыз жеңгелері күйеу жігіт пен қалыңдыққа арнап төсек салып, үстіне неке жаулық төсеп беріп, екі жасты оңаша қалдырып, жақсы тілектерін білдіріп, үйден шығып кетеді. Бұл «ақ некелі түн» деп аталады. Бұл түні қалыңдықтың болашақ күйеу алдындағы пəктігі мен арулық абыройы айқындалады…

Қалыңдықтың қыз балалық қасиетін таза сақтап, заңды некеге дейін беті ашылмай құтты орнына қонуы қыз баланың жеке өз басынан тыс, туған елі мен ата-анасына үлкен абырой əперіп, болашақ отбасының тату-тəтті, бай-бақытты өмір өткізуіне берік негіз қалайды. «Қызға қырық үйден тыйым, ұлға мың сан жерден сын» деп, үйлену тойымен «ақ неке түніне» ерекше мəн береді.

Неке қидыру үйленетін қыз бен жігіттің, яғни, бас құрап, өмірлік жар болуды ниет еткен ер мен əйелдің бір-біріне деген жауапкершілік, өзара аяушылық, бағыныштылық сезімін оятады. Сондай-ақ, ақ некеге адал болуға, махаббат-неке ісінің жеңіл-желпі қарауға болмайтын өте маңызды, адамгершілік пен ар-абыройға саятын қасиетті іс екендігін алғашқы адымда ұғындырады. Болашақ отбасының тату-тəтті, береке-бірлікті болуына рухани, идеялық жақтан негіз қалайды. Көңіл күйді орнықтырып, екі жасты бір мақсат, бір тілек те болға құлшындырады

Беташар
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Беташар

Бұл — жаңа түскен келінге алғаш рет ата-енесі мен оның туыс-туғандарын таныстырып, əдеп-иба жөнінде тəлім беріп, тəрбие жүргізетін, сондай-ақ, жас келінге тұңғыш рет ескерту жасап, жақсы-жаман істер жөнінде құлаққағыс ететін тəлім-тəрбиелік қуаты жоғары халықтық жыр. Қазақ халқы «келінді — бастан, баланы — жастан» деп, келін мен бала тəрбиесіне ерекше мəн береді. Сондықтан да əр отбасы келіні табалдырығын аттасымен оған ел-жұрт, үлкен-кішілерін түгел таныстырып, нелерді істеу, нелерді істемеу, қалай жүріп, қалай тұру, қандай адам болу туралы мұқият тəлім-тəрбие жүргізіп, қатаң талаптар қояды. Бұл тұңғыш рет беташар жырында айтылады.

Əдетте, жаңа түскен келіннің бетін алыстан шаршап келді деп, сол күні демалдырып, ертесі ел-жұрт, туыс-туғандары түгел жиналғанда ашады немесе той үстінде ашады. Кей жерде келін келісімен ата-ене табалдырығын аттатқан бойда бетін ашады. Алайда, жаңа түскен келін қашан бетін ашқанша, басына желек бүркеніп, шымылдық ішінде отырады. Бетін ашқан соң барып, орнынан тұрып шай құйып, жаңа ортаға араласып, ел-жұртпен таныса бастайды. Келіннің бетін ашатын кезде, оны екі абысыны екі қолтығынан демеп ата-енесінің үйіне апарып, босағада төрге қаратып ұстап тұрады.

Беташар айтатын жігіт беташар кəдесін домбырасына байлап алып, домбырамен əнге қосып, келінге ата-енелері, қайнаға, қайын бикелерімен жақын туыс-туғандарын таныстырып, ата-ене, үл кен-кіші алдында əдепті, ибалы, еңбекшіл болу, өтірік-өсек айтпау, жамандық атаулыдан бойын аулақ ұстау туралы жыр жолдарын нөсерлетіп келіп, «пəлен атаңа» немесе «пəлен енеңе бір сəлем!» деген сайын келін иіліп сəлем жасап тұрады. Міне, осылайша, ауыл-аймақ, үлкен-кішіге тегіс сəлем жасатып, сон дай-ақ, ақыл-кеңес беріп, жақсылық-жамандықты түгел ескертекеліп, келіннің бетін бүркеп тұрған желекті ашып, келінді көпші лік кекөр сетеді. Міне, бұл «беташар» деп аталады.

Келіннің бетін ашқан жігіт «беташар» кəдесін, келіннің екі қолтығынан сүйеп тұрған екі келіншек «қолтық сүйер» кəдесін алады. Беташардың жаңа түскен келін үшін тəлім-тəрбиелік мəні мен ғылыми негізі өте жоғары. Ол жаңа түскен келінге борыштылық жəне жауапкершілік сезімін тудырып, əдепті, ұятты, мұратты, еңбекшіл, іскер болуға дағдыландырып, үлкенді құрметтеп, кішіні аялайтын, түрлі жаман қылықтардан бойын аулақ ұстайтын, кеңпейілді, кешірімді, мейірімді, жанашыр болуға баулиды. Есею, ержету, жар сүю, перзент көру сияқты өмір заңдылығын шынайы ұғындырады. Кімнің алыс, кімнің туыс екендігін білгізіп, үлкен-кішімен болған қарым-қатынас жолын айқындап береді.

көрпе-төсек
Фото: shopadili.com

Енші беру

Қазақ салтында əрбір ата-ана үйленген ұлына «енші», қызына «жасау» беріп, іргесін бөліп отырады да, кенже ұлына енші бермей, қара шаңыраққа мұрагер етеді.

Қазақ халқы «енші» деп – ұлы үйленіп, бөлек отау болған кезде «мынау сенің еншің» деп ата дəулетінен бөліп беретін мал-дүниені айтады. Əдетте, ұлға берген «енші» мен қызға берген «жасау» қарайлас болады. Яғни, ата-ана ұлын бөлгенде басына үй тұрғызып беруден тыс, əл-ауқатына қарай «еншің» деп ен салып мал береді. Балалы-шағалы болса, «қолғанатың болады» деп, ұлдың іні-қарындастарының бірін қосып береді.

«Енші» алған ұлмен «жасау» алған қыздың енші мен жасауларын алған күннен бастап ата-анасының мал-дүниесіне қол сұғу құқығы болмайды. Енші алмай, қара шаңырақты басқан ұл (мейлі ол кенжесі, мейлі ортаншы, мейлі үлкені болсын) қалған ата дəулетіне ие болады да, ата-ананы бағып-қағу жауапкершілігін сол арқалайды. Ұлға «енші», қызға «жасау» беру ұрпақтарға жауапкершілік сезім ұялатады. Үйлі-баранды болған жас жұбайларға дербес тіршілік жолын іздеуге, адал еңбек, ащы тер төгіп, өз күштерімен бақыт-байлық жолын табуға, ерте бастан шаруаның қыр-сырына қанығып, өзгелерге иек сүйеп алудай жаман əдеттен арылтады.

Үйі, күйі бөлініп, құқық-мүддешегі айырылған күннен (енші алғанша) бастап, ата-анамен бауыр-туыстарының мал-мүлкіне қол салудың жолсыздық болатындығын шынайы ұғындырып, ата-анасы көз жұмып кеткен жағдайда ата дəулетіне таласып, туыстар арасында дауласып-жауласудың алдын алады. Қысқасы, ұрпақтарды бақыт, байлықты елден емес, төккен терден күтуге дағдыландырады. Бауыр-туыстар арасында береке-бірлікті нығайтып тату-тəтті өтулеріне, туыстық сүйіспеншілікті суытпауларына мүмкіндік жасайды.

Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кітабына негізделіп дайындалды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ