Совет мультфильмдерін қазақшалауға қанша қаражат керек – вице-министр жауабы
– Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Сенат отырысынан кейінгі брифингіде совет мультфильмдерін қазақшалап экранға қайта шығару бастамасы туралы пікір білдірді.
«Бұл жерде ешқандай бастама, ұйым деген жоқ. Депутат жеке сұрақ қойды. Кейбір совет дәуірінде шыққан мультфильмдер адами, этикалық жағынан ешқандай қарама-қайшы келмейді. Сондықтан оларды аударуға мүмкіндік бар. Қажет болса аударамыз. Оған жалпы аса бір қаражат кетпейді. Өйткені онсыз да шетелдік контентті аударып жатырмыз ғой. Соның аясында анимация контентін аударамыз. Оған бір нақты ақша сұрамаймыз, қыруар ақша талап етпейді. Өзіміздің бекітілген бюджет аясында жүзеге асырамыз. Совет мультфильмдерінің бәрін деп отырған жоқпын. Іріктейміз, оны бәріміз талқылаймыз. Мүмкін қоғамдық кеңес шығарып, іріктеп, шын мәнінде совет дәуіріндегі контент біздің салт-дәстүрімізге, болмысымызға сай келетін болса, неге аудармасқа. Бірақ оны сараптау керек. Бас салып бәрін аудару деген сөз емес, іріктеу керек. Оған баршамыз атсалысайық деген», – деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол қазіргі қазақ мультипликаторларының жұмысына баға берді.
«Бұл менің бастамам емес, депутаттың бастамасы, депутаттың сұрағы. Қазақ анимациялары 80-90 пайыз біздің рухани сұраныстарымызды қанағаттандырады мысалы «Тоқты мен серкенің несі кем?», – деді Қанат Ысқақов.