ЖИ пайдалану мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктейді.

0
232

Жақсы оқулық дайындау аса күрделі және аса жауапты іс. Жақсы оқулық – күнделікті сабақтың жоғары деңгейде өтуіне және оқушының өздігінен білім алуына бағыт-бағдар беруі керек. Ол үшін, оқулықтың тұжырымдамалық негізі дидактикалық және әдістемелік тұрғыда сауатты құрылуы шарт.

Қазіргі уақытта қоғамда мектеп оқулықтарының сапасы, ондағы жіберілген қателіктер туралы көптеген пікірлер айтылуда. Олар негізсіз де емес. Біз, баспа қызметкерлері, оның көптеген объективті және субъективті себептерін жақсы білеміз. Қоғам да біледі деп ойлаймыз.

Осы мақала аясында оқулық сапасын көтеруде «Алматыкітап» баспасының жасанда интеллектіні (ЖИ) пайдалану бағытында атқарып жатқан жұмыстарына қысқаша ғана тоқталуды жөн көріп отырмыз.

Біз оқулықтарға ЖИ қолдана отырып, бірнеше бағытта жұмыстар жүргіздік. Баспада осы бағытта жұмыс жасау үшін TopIQ.kz платформасы жасалған. Осы платформа арқылы электрондық оқулықтар мазмұнына Qamqor ЖИ қызметін бірнеше оқулыққа (Әдебиеттік оқу. 2-сынып, Қазақстан географиясы. 9-сынып, Русская литература. 11-сынып, ҚГБ. т.б.) кіріктіруді жүзеге асырдық.

Qamqor ЖИ атауын беруіміздің де өзіндік мәні бар. Оқулықтарға жасанды интеллектіні кіріктірудегі мақсатымыз – сыныптағы әрбір оқушының сапалы білім алуына қамқорлық жасау. Қазіргі уақытта әр сыныпта 25-35 бала отырады. Мұғалімнің әрбір баламен жеке жұмыс жасауы, яғни оған қамқорлық көрсетуі, көп қиындық туғызады.

ЖИ ұстаз жұмысына қолдау көрсетеді. Ол кез келген сұраққа жылдам жауап тауып, оқу материалын тиісті тақырыпқа қатысты өңдеп, мұғалімнің уақытын үнемдеп, оқу процесін автоматтандыра отырып, оны интерактивті етуге, оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға және білім беру мүмкіндіктерін барынша пайдалануға мол көмек көрсетеді.

Мұғалімдер және оқушыларды қатыстыра отырып, ЖИ көмегіне арнайы апробация жүргізілді. Qamqor-да – ЖИ анимациялық кейіпкер ретінде, мұғалімнің де оқушының да кез келген сұрағына жылдам жауап тауып береді. Ол үшін мұғалім, оқушы, ата-ана ЖИ-ке дұрыс сұрақ қоя білуі керек. Қойылған сұрақ нақты болса, ЖИ соншалықты жүйелі әрі дәлелді жауап беретін болады. Оны пайдалану арқылы тиімді сұрақ қоя алу дағдысын дамыту процесі қатар жүреді.

Оқулыққа кіріктірілген Qamqor ЖИ – мұғалімге көмекші тьютор ретінде оның күнделікті жұмысын жеңілдетіп, сыныптағы әрбір оқушының ілгерілеуіне талдау жасап, кері байланыс алып, оларға мұғалімнің жеке қолдауын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Тіпті мұғалімге күнделікті сабақ жоспарын да құрастыруға бағыт-бағдар бере алады.

Ал, оқушы мен ата-ана үшін күнделікті сабақ тақырыбы бойынша қосымша түсіндірмелер беріп, оқу процесін интерактивті, жеңіл әрі қызықты етуге көмектеседі.

Бастауыш сыныптарда «Әдебиеттік оқу» пәні – ұлттық рух пен зиялылықты қалыптастыратын тіл ғылымының бастапқы сатысы. Бұл пәннің атқарар міндеті мен жауапкершілігі жоғары екені әрбір бастауыш сынып мұғалімі жақсы түсінеді.

«Алматыкітап» баспасынан шыққан 2-сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» оқулығының сапасын анықтау үшін ЖИ пайдаландық. Оқулық мазмұны оқушының оқу сауаттылығын, шығармашылық ойлауын және материалды терең түсінуге қаншалықты көмектесетінін анықтау мақсатында «Оқулық мазмұнында оқудың қандай түрлері қамтылған?» деген сұрақ қойылды. Оқу процесін тиімді ұйымдастыруға қаншалықты тиімді құрастырылғанын байқау үшін, «Оқулықта қандай тапсырма түрлері қамтылған?», оқулықтың құрылымы, тапсырмалардың әртүрлілігі, қолжетімділігі және қызықты екенін анықтау үшін «Оқулықтағы материалдар 2-сынып оқушысына қиындық туындатпайды ма?», мәтіндер арқылы сөздік қоры мен түсіну деңгейін дамытуға ықпалын бағалау үшін «Оқулық мазмұнында мәтіннің қандай түрлері берілген?», оқулықтағы бағалау тәсілдері оқушының оқу жетістігін анықтауға, білім деңгейін жетілдіруге арналғандығын білу үшін «Бағалаудың қандай түрлері мен тәсілдері бар?», оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға қазақтың мәдени мұрасын таныстыруға арналғанын тексеру үшін «Оқулықта қазақтың қандай ақын-жазушыларының еңбектері қамтылған?», шығармашылық қабілетті анықтау үшін «Оқулық мазмұнында қандай әдеби жанрлар қамтылған?», т.с.с сұрақтарға нақты әрі жүйелі жауаптар алынды.

Осы және басқа сұрақтарға алынған жауаптарды саралай отырып, ЖИ сарапшы ретінде оқулық мазмұнының сапасын жетілдіруге көмек көрсете алатынына көз жеткіздік.

ЖИ көмегін оқушылар да қолданып көрді. Алғашқыда оларға мұғалімнің не ата-ананың көмегі қажет болды. Жұмыс жасай келе олардың қызығушылығы оянып, оны жылдам меңгеріп алды. ЖИ оларға мектепте және үйде тақырып мазмұнын түсінуі үшін жақсы көмек көрсетеді. Мысалы, «Менің ана тілім» тақырыбына қатысты ЖИ-ге «Неліктен ана тілі деп айтамыз?», «Қазақ тілі қандай тіл?», «Туған тілім өлеңінің мазмұны не туралы?» деген сұрақтар бергенімізде, оның балаға түсінікті жауаптар берілгеніне куә болдық. Бұдан ЖИ сыныпта оқушылар саны көп болғанда мұғалімдерге үлкен көмек тигізе алатынына көз жеткіздік. Себебі, сыныптағы әр баланың сұрағына жауап беру мүмкін бола бермейді, ЖИ олардың әр сұрағына жауап береді. Әрине, оны мұғалімдер қадағалап отыруы керек.

Жалпы ЖИ пайдалану мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктейді.

Қорыта келгенде ЖИ оқулық мазмұны бойынша дұрыс ақпарат алу үшін, ондағы мәтіндер, тапсырмалар, сұрақтардың сапалы берілуін анықтауға көмек беретініне көз жеткіздік.

Оқулықтың қате болуына жол беруге болмайды, онда жазылған әр сөз дұрыс жазылуы керек. ЖИ мүмкіндігін осы мақсатқа пайдалану – жаңа ізденіс, жаңа бастама болып отыр. Біз осы бағытта да зерттеу жұмыстарын жүргіздік, нәтижесінде оң нәтиже алдық. Оқулықтарда кететін қателіктерді болдырмауға ЖИ мүмкіндігін кең түрде пайдалануға болады.

Біз бірнеше оқулық алып, ЖИ көмегімен олардың мазмұнын саралап шықтық. Ол оқулықтарда кеткен грамматикалық, стилистикалық қателіктерді анықтай алды.

ЖИ оқулық әзірлеу процесіне де тиімді пайдалануға болады. Бастапқы кезеңде ақпаратты талдау, іріктеу, жүйелеу үшін пайдаланса, содан кейін жазылған мәтіндерді тексеруге, түзетуге, сабақ тақырыбына бейімдеуге, т.б. мақсатта қызметтер атқару үшін тиімді қолдануға болады. Оның көмегімен оқулық мәтінін салыстырмалы түрде талдауға болады.

Қорыта айтқанда, ЖИ оқулық әзірлеу саласын жетілдіруге тиімді пайдалануға болады. Ол авторларға көбірек шығармашылық ізденістер жасап, терең пәндік білім беретін, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін көтеретін оқулық жазуға да көмек көрсете алады.

Біздің баспа, алдағы уақыттарды, сапалы оқулықтар жасауда ЖИ мүмкіндіктерін кең пайдалану мақсатында нәтижелі жұмыстар атқаратын болады.

Әсима РЫСҚҰЛБЕКОВА, п.ғ.к., оқулық авторы,

«Алматыкітап» баспасының баспа ісі жөніндегі вице-президенті

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ