Астанада семсерлесуден республикалық турнир өтіп жатыр
Елордадағы «Аспан» спорт кешенінде семсерлесуден республикалық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Кейінгі жылдары елімізде семсерлесу спортықарқынды түрде дамып келе жатыр.
Отандастарымыз бұл спорт түрінен әлемдік аренада да жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Мысалы, 2023 жылы Миланда (Италия) өткен әлем чемпионатында Руслан Құрбанов жеке сайыстан тарихи қола жүлде алса, Стамбұлда (Түркия) өткен әлем кубогінің кезеңінде ерлер құрамасы бірінші рет топ жарды.
Париж Олимпиадасында да ерлер жағы 6-орынға тұрақтап, жеке бәсекеде ширек финалға дейін жеткен болатын. Әрине, ересектер арасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін, балалар, жасөспірімдерге де көңіл аударылуы қажет. Осы орайда елорда төрінде 2008-2010, 2011 және одан кіші жастағы спортшылар бас қосты.
«Семсерлесу спорт түрін дамытуда Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмұдұлының жеке қолдауының маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Биыл қала әкімінің қолдауының арқасында семсерлесу спортына қосымша қаражат бөлінді.
Қосымша қаражат спортшыларымызды оқу-жаттығу жиындарына, республикалық және халықаралық жарыстарға жіберуге мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, өткен аптада біздің команда Малайзияда өткен кадеттер арасындағы Азия чемпионатының кубогіне қатысып келді. Біздің Астана қаласы командасының бас мүшесі Естеу Мансұр жеке сайыста үшінші орын алып, қола медальді иеленді, бұл – семсерлесушілеріміз үшін үлкен жетістік.
Біз биыл сапы жаттығуынан ұлдар мен қылыштағы кадет қыздарымызға үлкен үміт артып отырмыз. Осы балаларымыз 2025 жылдың көктемінде кадеттер арасындағы Азия және әлем чемпионаттарында қаламыз бен еліміздің атынан өнер көрсетуге толық мүмкіндіктері бар.
«Астана қылышының» басты мақсаты – семсерлесуді кеңінен насихаттау, оған жаңа спортшыларды тарту және дарынды жас семсерлесушілерді қолдау. Бұл – турнир жас спортшылардың тәжірибе жинақтап, өсіп-өнуіне тамаша орын. Осы орайда медальдар, кубоктар мен марапаттар бұл іс-шараның бірегейлігін көрсету үшін арнайы брендпен әзірленіп, дайындалып жатыр», – деді Астана қаласы Семсерлесу федерациясының президенті Ержан Нүсіпбеков.
30 қыркүйекке дейін бір аптаға жалғасатын бәсекеде Қазақстанның сегіз өңірінен 150-дей жас және дарынды спортшылар жүлдеге таласады.
Сайыс барысында қатысушылар сапы, қылыш, найза түрлерінен жеңімпаздарды анықтайды.
Соңғы жаңалықтар