Әрбір ата-ана балалардың интернеттегі уақытын қатаң бақылауы керек – депутат

0
81
Фото: parlam.kz

 – Интернетте балалардың денсаулығына зиянын тигізетін контентке бақылауды күшейту қажет. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті.

«Кейінгі кезде елімізде болып жатқан балалардың өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл қайғылы жайттар, әсіресе, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің баланың психологиялық денсаулығына тигізіп отырған зиянды әсерін ескерсек, мәселені шешу кезек күттірмейді. Парламент тиісті заңнамалық нормалар қабылдағаны мәлім. Мәселен, суицид туралы Қылмыстық кодексте арнайы жаңа құрамда 2 бап қабылданды, сонымен қатар суицидті насихаттауды болдырмауға қатысты «Масс-медиа туралы» Заңда нақты реттеу механизмі енгізілді, бұдан бөлек буллингке және кибербуллингке арнайы әкімшілік жауапкершілігі енгізілді. Білім басқармаларының жанынан психологиялық орталықтарды құруға, психологиялық қызметті жетілдіруге байланысты нормалар қабылданды. Дегенмен, бұл проблема бойынша қоғам әлі де алаңдап отыр», – деді Ж. Сүлейменова Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі қауіпті ойындар, квесттер және зорлық-зомбылықты насихаттайтын контент жасөспірімдердің санасын улап, оларды қауіпті әрекеттерге итермелеп келеді.

«Осындай контенттің таралуына бақылауды күшейту – кезек күттірмейтін мәселе деп санаймын. Президент тапсырмасымен Парламент қабылдаған заңнамалық шешімдерді орындауды мемлекеттік органдар қатаң бақылауға алуы тиіс. Әрбір ата-ана балалардың интернеттегі уақытын қатаң бақылап, зиянды контенттерден қорғалғанына көз жеткізуі керек. Осыған байланысты Ақпарат және мәдениет министрлігі, Бас прокуратура, және Цифрлық даму министрлігі балалар үшін қауіпті контентті анықтап, зерделеуде ведомствоаралық жауапкершілікті күшейтуі қажет», – деді депутат.

Оның пайымынша, қауіпті контентті анықтау және мониторинг жасау бойынша автоматтандырылған жүйелерді енгізу керек. Зиянды контентті автоматты түрде анықтай алатын және бұғаттай алатын жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеп, қолдану қажет. Мұндай жүйелер интернеттегі қауіпті материалдарды жедел бақылап, оларды бірден жою механизмдерін қамтамасыз етуі тиіс.

«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің әкімшілері осы заңнамалық талаптарды орындауы керек деп талап етуіміз керек. Бұдан бөлек, ата-аналарды зиянды контенттің қаупі туралы тиімдірек ақпараттандыру үшін сапалы ақпараттық бейнероликтер әзірлеу қажет. Оқу бағдарламаларына оқушылар арасында зиянды контентті зерттеуге бағытталған цифрлық сауаттылықты дамыту компоненттерін енгізу керек. Интернетті қауіпсіз пайдалану, жеке деректерді қорғау және зиянды контентті зерделеу мәселелері арнайы оқу пәндерінің мазмұнында ғана емес, барлық негізгі пәндердің бағдарламасына енгізілуі шарт. Сонымен қатар, бұл тақырыптар тәрбие жұмысының маңызды бөлігіне айналып, ата-аналарға көмек болуы қажет», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ