Алғыс арқалағанға не жетсін!

0
150

Мемлекет басшысы Алғыс айту күнін мерекелеудің форматын өзгерту қажет екенін айтқаны белгілі. Сондықтан атаулы мереке тұтас қоғамның көзайым құндылығына, барша халықтың ортақ мерекесіне айналуы үшін ынтымақ, бірлік, келісімнен бөлек, айналамызда мейірім мен ізгіліктің салтанат құруы маңызды.

Наурыз айы – алғыс пен тағзымның айы. Күн мен түннің теңелуі, жарықтың қараңғыны, жылудың аязды жеңуін иісі түркі баласы жаңа жылдың, жаңа өмірдің бастауы санайды. Ендеше, жыл басының алғыс айтумен, бір-біріне ризалық пейіл, жылы жүрекпен басталуы да заңдылық сияқты. Сондықтан көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін Алғыс айту күні жылылық пен жанашырлықтың, достық пен ынтымақтың жарқын символы іспетті. Бұл мерекенің жыл өткен сайын мәні мен мазмұны тереңдеп, салмағы мен сипаты, құндылығы артып келеді.

Ұлы даланың ұлан белін жайлаған, сөзі жұпар аңқыған, танымы табиғатпен біте қайнасқан халқымыздың ізгі қасиеттерінің бірі – ақжарылқап пейілімен, адал көңілімен алғыс айта білу болса керек. Мың жылдықтардың сүзгісінен өткен даналық бұлағы – мақал-мәтелдерде бұл көптеп кездеседі. «Жаңбырмен жер көгерер, алғыспен ер көгерер», «Алғыс түбі – ақ май, қарғыс түбі – қара қан» деген нақыл сөздер халқымыздың өмір салты мен тірлік қағидатына айналып кеткен тағылымды тұжырымдар.

Бабаларымыз аңсарын тыңдап, бауыры еріген ана жерге алғыс айтып, желілі биенің желінінен шыққан алғашқы ақты жерге татқызады. Қыдыра жалды құла айғырдың құйрығына май жағып, Қамбар ата әулетіне алғыс айтады. Ақбоз үйін алты айналып, алғашқы жаңбырда көктен жаудырған, жерден өндірген мейірімі шалқар бір тәңірге алғыс айтады. Қарап отырсаңыз, дәстүрлі қазақ қоғамында бәрі де жарастықта, өзара алғыс пен тағзымда өмір сүру қастерлі дәстүрге айналған.

Сол секілді адам баласы осынау құсни ғұмырда аялы алақаны мен өмір сыйлағаны үшін – анаға, берік қорған болғаны үшін – әкеге алғыс айтып өтері хақ. Анығына бақсақ, алғыс айту – адамзат мәдениетінің биік шыңы.

Біз кейде өмірдің күңгірт жақтарын көріп, көңіліміз қоңылтақсып жүреді. Шынтуайтында айналамызды қоршаған дүниеде жүрек жылытар жақсылық көп-ақ. «Көңіл көңілден су ішеді» дегенді айтқан халқымыз жылы сөз ғаламның тоңын жібітетінін, жібіген тоң көңілді ғана емес, өмірді де гүлге орайтынын білсе керек. Абыз Әбіштің «Қуана білмегенге құт қонбайды, бағалай білмегенге бақ қонбайды» дейтін аталы сөзі де соны аңғартады.

Бала кезден үлкендердің атаның қолына су құйып батасын алуға, ананың қолғанаты болып алғысын алуға үйрететіні ұлттық тәрбиенің кісілікке толы қайнар бастауы екенін есейе келе білдік. Біз осы болмысымызды жоғалтпай, тұтас қоғамның ең асыл құндылықтарына айналдырсақ, көсегеміз көгеріп, түтініміз тік ұшары сөзсіз.

Мәселен, пандемия белең алған кезде, Маңғыстау өңіріндегі қуаңшылық, Қостанай­дағы орман өрті мен Павлодардағы техногендік апат сияқты төтенше және табиғи жағдайларда зардап шеккен халыққа көмек көрсеткен құтқарушылар, дәрігерлер, еріктілер, түрлі маман иелері мен қарапайым азаматтарымызға, жастарымызға ықыласпен алғыс айта білдік.

Осы тұрғыда, бұл күні қастерлі Отанымыз үшін аянбай еңбек етіп жүрген, өз ісіне адал маман иелері мен азаматтарға құрмет көрсету баршамыздың борышымыз болса керек. Ел Президентінің Алғыс айту күнін жаңа мазмұнда атап өту туралы тапсырмасы да осыған саяды.

Алғыс айту тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, әрбір жеке отбасы деңгейінде де маңызды. Бұл күні балалар ата-аналарына, бауырлар ағайын-туғандарына, шәкірттер ұстаздарына, қызметкерлер әріптестеріне ақеділ көңілмен алғыс-ризашылығын білдіреді.

Қазіргі уақыттың ритмі адамдардың жүрегін қатайтып, пейілін суытып жатқандай. Айналаны еренсіз енжарлық, немкетті бойкүйездік билеп алған секілді. Елдегі көптеген жақсылық пен игі бастаманы кейде көрмей, тіпті, елемей жатамыз. Елім деген ерлерді ел болып бағалап, жұрт болып алқау да азаматтық қоғамды ұйыстырар басты құндылық екенін ұмытпаған абзал.

Біз кешегі Әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұндар жасаған ізгі адам мен қайырымды қоғам құндылықтарының мирасқорымыз. Сондықтан жақсылық жасауға жарысу, кісілік махаббатты әспеттеу біздің кешеден бүгінге бүлінбей жеткен тамырлы дәстүріміз. Мұндай қасиеттер көптеген Шығыс халықтарының дүние танымының негізіне айналған. Атап айтсақ, жапон халқының қоғамдық мәдениеті мен бір-біріне иілген риясыз құрметі мен ізеті де олардың көз қарашығындай сақтаған ата салты екені белгілі.

Сайып келгенде, қоғамды игі өзгерістерге бастайтын, жүректі шуаққа бөлейтін шынайы адами қарым-қатынас. Алғыс – жүректі толқытқан мейірім мен ризалықтың сыртқа сөзбен шыққан формасы. Сондықтан бұлағай заманда барымызды бағалап, жақын жандардан жақсы лепесімізді аямайық. Аяулы өмірде алғыс айтқанға һәм алғыс алғанға не жетсін!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ