Еліміздің ең үздік кітапханашылары марапатталды

0
29

Алматыда Кітапханашылар күні мерекесіне орай «Кітапхана – парасат ордасы» атты салтанатты іс-шара өтті.Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен өткізілген іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен кітапханашылар қатысты.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, кітапханалардың қоғамдағы рөлі мен кітапханашылардың еңбегін айрықша атап өтті.

Бейнебайланыс арқылы құттықтау сөзінде министр Қазақстан кітапханашыларының алдында бүгінде орасан зор мәдени мұраны сақтау ғана емес, одан бөлек те маңызды мақсаттар тұрғанына тоқталды. Кітапханашылар осы мұраны насихаттау, оны мәдениеттің жаңа өніміне айналдыру үшін белгілі бір жаңа коммуникациялық орта құру бойынша үлкен міндеттер қоюы керек екенін айтты. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан кітапхана мамандарының білімі мен біліктілігіне айрықша көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

«Кітапхана – білім мен мәдениеттің, шығармашылық пен руханияттың қасиетті шаңырағы. Сіздердің еңбектеріңіз арқылы еліміздің әр азаматы білім алуға, мәдени мұрамен танысуға, рухани байлыққа қол жеткізуге мүмкіндік алып отыр. Елімізде 12 мыңға тарта кітапхана бар, оның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты 4 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Аталмыш көпшілікке қолжетімді кітапханаларда 9 502 кітапханашы қызмет атқаруда. Кітапханаларда жалпы саны 73 млн шамасында кітап бар. Электронды ресурстың цифрлық көшірмелері 77 мыңнан асты. Бұл біздің еліміздің баға жетпес рухани байлығы. Айрықша еңбектің арқасында жыл сайын көпшілік кітапханаларды пайдаланушылар саны артып келеді. Кәсіби мереке қарсаңында кітапхана қызметкерлеріне күнделікті қажырлы қызметі, ұлттық және әлемдік мұраны сақтай отырып, оқырмандарды ақпаратпен қамтамасыз етуде атқарып жатқан еселі еңбегі үшін алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, бақыт, амандық, жаңа шығармашылық табыс пен игі істеріңізге сәттілік тілеймін!» – деді Аида Балаева.

Салтанатты шарада Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли үздік кітапханашыларға министрліктің марапаттарын табыс етті. Ведомстволық наградалармен 143 кітапхана қызметкері марапатталды. Оның ішінде 35 қызметкер «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленді.

Мерекелік іс-шара республикаға танымал заманауи әншілердің концерттік бағдарламасымен аяқталды.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ