Ақтауда самбодан халықаралық жарыстар өтуі мүмкін

0
351

Ақтау қаласында самбодан халықаралық деңгейдегі жарыстар өтуі мүмкін, – деп хабарлайды zamandas.kz сайты mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жақында Маңғыстау облысына Азия самбо одағының президенті Аломжан Маллаев және ҚР самбо федерациясының вице-президенті Айдос Амангелдіұлы келді. Олар облыстағы самбоның даму деңгейін талқылады. Сондай-ақ «Халық Арена» және «Маңғыстау Арена» спорт кешендерін аралады.

«Өздеріңіз білесіздер, биыл Халықаралық Олимпиада комитеті самбоны олимпиадалық ойындар қатарына қосты. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Қазіргі таңда самбо дамып жатыр, көптеген ел осы спортпен айналысуда. Соның ішінде Азия елдері самбодан жетістікке жетіп жатыр. Осы ретте Маңғыстау облысына келдік. Алдағы уақытта осы өңірде Азия чемпионатын, Әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік бар»,дейді Азия самбо одағының президенті Аломжан Маллаев.

Сонымен қатар ол Маңғыстау өңіріндегі самбода өзіндік ерекшелік бар екенін тілге тиек етті.

Ал ҚР самбо федерациясының вице-президенті Айдос Ақжанов Маңғыстау облысындағы самбо спорты қарқынды түрде дамып жатқанын айтты.

«Облыстағы самбо өз деңгейінде, жоспарлы түрде дамып келе жатыр. Оған дәлел – Азия чемпионатында, түрлі додаларда спортшыларымыздың жүлделі оралуы. Енді алда Ташкент қаласында әлем чемпионаты өтеді. Қазіргі таңда жарыста бақ сынайтын спортшылар дайындық жүргізіп жатыр. Жақсы көрсеткіш көрсететініне сенемін», – дейді ҚР самбо федерациясының вице-президенті Айдос Амангелдіұлы.

Әрі қарай олар самбодан спортшылардың оқу-жаттығуларына қатысып, бапкерлермен пікір алмасты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ