Ақтаулық оқушылар арамшөптен биопакет дайындады

0
271

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Асия Теджен мен Ернар Өмірзақ биология пәні мұғалімі Гүлнұр Чандыбаеваның жетекшілігімен арамшөптен биопластик алу жолын ұсынды. Оқушылардың алғашқы өнімі – биопакет, – деп хабарлайды zamandas.kz сайты мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жобаның ерекшелігі – экологиялық тұрғыдан таза. Күнделікті тұрмыста қолданып жүрген полиэтилен пакеттердің жойылуына 100 жылдан аса уақыт керек. Ал біздің өнім үш жылдың ішінде қарашірікке айналып етеді. Ал егер қышқылдық ортаға түсер болса, он минутта жойылып кетеді», – дейді бірнеше сынақ жұмыстарын жүргізген Ернар мен Асия.

Зияткерлердің сөзінше, алғашында мектеп айналасындағы арамшөптерді кәдеге жарату қажеттілігі байқалған. Кейін ұстаздарымен ойланып, биопластик жасауға шешім қабылдаған.

«Біз арамшөпті икемді ету үшін бірнеше қолжетімді қоспаны қостық. Күнделікті тұрмыста қолданып жүрген крахмал, бояғыш, жағымсыз иісті жою үшін хош иіс қоспаларын да қостық», – дейді Ернар Өмірзақ.

Оқушылардың сөзіне сүйенсек, биопакеттің тығыздығын әртүрлі деңгейді жасауға болады.

«Қазіргі пакетіміз 500 грамға дейін салмақты көтере алады және бірнеше түсті бар. Есептеуіміз бойынша, технологияны автоматтандырған жағдайда бір өнімнің қүны 30 теңгеге шығады. Алдағы уақытта жобамыздың авторлық құқығын қорғап, нарыққа шығарғымыз келеді», – дейді Асия Теджен.

Қазіргі таңда зерттеушілер процессті автоматтандыру станогының механизмін дайындау үстінде. Сонымен қатар станокты жасауға техникалық көмек көрсетуге дайын команда іздеп жатыр.

Айта кетейік, 1-5 қараша аралығында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ желісінде ғылыми жобалар байқауы өтіп жатыр. Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен 12 жоба бар. Ернар мен Асияның аталған жобасы да республикалық байқауға қатысып жатыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ