Адам құқығы – басты құндылық
Елімізде 9 миллионнан аса еңбекке қабілетті адам бар. Мамандардың айтуынша, бұл – Орталық Азияның еңбек нарығындағы үлкен күш. Сондықтан болар, елде жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек дауы жиі тіркеледі. «Бұған ең басты себеп – құқықтық сауатсыздық», дейді заңгерлер. Халықтың басым көпшілігі қызметке алынып, екі қолға бір күрек табылуын мақсат тұтады, ал еңбек шартының түпкі байыбына баратындар аз. Сол себепті де еңбек құқығының қандай заңдармен қорғалатынын біліп жүрген жөн.
Елде еңбек заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жұмысшы құқығын таптаған лауазымды тұлғаларға – 70, шағын кәсіпкерлік субъектілерге – 150, орта кәсіпкерлерге – 200 және ірі кәсіпорындарға 300 АЕК айыппұл төлеу міндеттеледі. Ал Қылмыстық кодекс бойынша он бес тәуліктен үш жылға дейін темір торға қамау көзделген.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы еңбек инспекторлары 20,2 мың жұмыскердің құқығын қорғаған. Олардың басым көпшілігі жұмыс орнында қызметкерлерге берілетін үстемеақы, қосымша құрал-жабдықтар, тамақпен қамту секілді міндеттемелердің бар екендігінен хабарсыз.
Осы орайда заңгер, Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов «Әр адам еңбек құқығын және оны қорғаудың негізгі заңдарын білуі қажет, ол үшін түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек», деген пікірін ортаға салды.
– Еңбек құқығына қатысты заңда айтылған адамдардың біліп жүретін бірнеше бабы бар. Мәселен, заң бойынша мәжбүрлі еңбекке тыйым салынады. Бұл Еңбек кодексінің 7-бабында көрсетілген. Мәжбүрлі еңбек адамнан қандай да бір жаза қолдану қатерімен талап етілетін, оны орындау үшін бұл адам ерікті түрде өз қызметтерін ұсынбаған кез келген жұмысты немесе қызметті білдіреді. Мәжбүрлі еңбекке жұмыс мемлекеттік органдардың қадағалауымен және бақылауымен жүргізілетін және оны орындайтын адам жеке (немесе) заңды тұлғалардың билігіне берілмейтін немесе тапсырылмайтын жағдайда соттың заңды күшіне енген үкіміне байланысты, төтенше немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі. Егер жұмыс орны қызметкерді еркінен тыс міндетінен бөлек жұмысқа тартатын болса, қызметкер осы баптың негізінде арыздануға құқылы, – деп түсіндірді заңгер.
Сонымен қатар осы кодекстің 6-бабымен еңбек саласындағы кемсітушілікке тыйым салынады. Әр адамның еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға тең мүмкіндіктері бар. Ешкімнің еңбек саласындағы құқықтарына шек қойылмайды. Мәселен, жұмыс орнында қызметкердің шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына немесе дене кемістіктеріне, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды. Еңбек саласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар заңда белгіленген тәртіппен сотқа немесе өзге де орындарға жүгінуге құқылы.
Ал еңбек заңнамасын бұзған жұмыс берушілер Қылмыстық кодекстің 152-бабымен жазаға тартылады. Жұмыскермен еңбек шартын заңсыз тоқтатқан не соттың жұмысқа қайта орналастыру туралы шешiмiн орындамаған жұмыс берушілер белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айырылады немесе бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады.
Мәжіліс депутаты Марат Бәшімовтің айтуынша, еңбек құқығы бұзылған жағдайда ол адамның өзге де міндеттеріне кері әсер етеді.
– Адам құқықтарының бірі бұзылса, ол автоматты түрде басқа құқықтардың бұзылуына әкеп соғады. Еңбек құқығы бұзылса, мәселен, бекітілген 8 сағаттық жұмысты біз 10, тіпті 12 сағат істеуге мәжбүр болсақ, онда біздің отбасымыздағы міндетіміз бен құқығымызға нұқсан келді деген сөз. Оның үстіне 10, 12 сағат жұмыста отырып, үйге жетеміз дегенше бірталай уақыт өтеді. Әсіресе Астана, Алматы секілді ірі қалалардағы кептелісті есептесек, үйге келуіміз екі-үш сағатқа дейін созылады. Сондай-ақ балаларды балабақшадан, мектептен алып кету керек, сатып дүкеннен керекті заттарын сатып алу үшін тағы уақыт қажет. Ал үйде ата-ана отбасына, бала-шағасына көңіл бөліп, салт-дәстүрді, отбасы құндылықтарын қастерлеуге баулу қажет. Оған уақыт қайда? Сондықтан, міне, бір ғана еңбек құқығының бұзылуы қандай кемшілікке алып келетінін көріп отырмыз. Сондықтан еңбек құқығының сақталуына жұмыскер де, жұмыс беруші де мұқият болған жөн, – деді заңгер.
Депутат сонымен бірге Қазақстан заңдарын халықаралық шарттарға сәйкес келтіру керек деп есептейді.
– БҰҰ-да адам құқығы туралы 14 индикатор бар. Солардың индикаторларына өзіміздің ұлттық индикаторларды сәйкес келтірсек, біздің мемлекеттік саясат жоғары деңгейге жетеді. Бұл өте маңызды. Адам құқығы саласында жеке құқығы, саяси әлеуметтік құқығы, мәдени, еңбек құқығы болсын барлық жерде бірінші орында болуы керек. Біз осы орайда БҰҰ-ның стандарттарына қарауымыз керек. Қазақстанның өлім жазасынан бас тартып, халықаралық ұйымдармен бірге болуы маңызды. Мұны дүниежүзі қолдап отыр. Ал әкімшілік юстицияға көңіл бөлгеніміз қарапайым халықтың жағдайын көтеруді білдіреді. Адвокаттардың деңгейін көтеру, әйел мен бала құқын жоғары қою – бәрі адам құқықтарымен байланысты, – деді Марат Бәшімов.
Мәжіліске жаңадан келген заңгер адам құқығы мәселесін үнемі көтеріп келді. Енді Парламентте Конституциялық соттың рөлін арттыруға күш салмақ.
– Әртүрлі салада адам құқығын бірінші орынға қою керек. Мәселен біз зорлық-зомбылыққа қатысты заңның барын білеміз. Қазір өзекті болып тұрғаны да сол. Парламентке де осы тұрғыда жұмысты жандандыру керек. Парламент Мәжілісі осы бағытта жұмыс істейді. Осы жұмыстарды Конституциялық сотпен бірлесіп жалғастыру керек деп есептеймін. Конституциялық соттың рөлін күшейтуде Парламенттің де жауапкершілігі артайын деп отыр. Сонымен қатар әкімдердің жауапкершілігін күшейтуді атап өту қажет. Баса назар аударатын мәселелердің келесісі – тұрғындардың билікпен қарым-қатынасы. Ол да маңызды, – деді Мәжілістегі негізгі қызметіне тоқталған Марат Бәшімов.
ТҮЙІН. Адам құқығы – ел Конституциясының басты принципіне айналған жоғары мәртебеге ие құндылық. Мемлекет аумағындағы кез келген адам мемлекет тарапынан қорғауға алынады, ал оның құқықтары мен бостандықтарына мемлекет кепілдік береді. Конституцияның «Адам және азамат» деп аталатын ІІ бөліміндегі 24-бабының 1-тармағында «Әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар» делінген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында: «Мен адам құқықтарын қорғау бағытына ерекше назар аударамын, өйткені оның жай-күйі, сайып келгенде, біздің қоғамның даму деңгейіне әсер етеді», деп атап өткен еді. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екенін ұмытпауымыз керек.