Су тапшылығы – шаруаның ғана мәселесі емес

0
266

Түркістандық диқандардың көктемгі қарбалас тіршілігі ақпан айынан-ақ бас­талып кеткен. Әсіресе Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес аудандарының еңбеккерлері ерте қамданады. Қоян жылының көктемінде жауын-шашын мол болды. Дегенмен өңір үшін ағын судың жеткілікті болуы маңызды.

Жетісай ауданы Атамекен ауылдық округіндегі К-25-16 каналының сын көтермес жағдайы көптен бері айтылып келеді. Жалпы ұзындығы 5 шақы­рымға жуық канал 810 гек­тардай егістік алқабына ағын су жеткізеді. Осыдан бес-алты жыл бұрын каналды жөн­деу жұмыстарына 49 млн тең­ге қаржы қаралған. Алай­да жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілген. Су өткізу деңгейі өте төмен. «Қазсушар» мекемесі қойып берген құбыр тесіліп, су сыртқа ағып жатыр. Шаруалар су ақысын төлесе де егістік алқаптарын насоспен суаруға мәжбүр. Алайда оған да жетпейтіндіктен су сорғыларын кезекпен қосады екен. Аудандық мәслихат депутаты Қаршыға Ақтөреева шаруалардың жанайқайын төрт-бес жылдан бері көтеріп жүргенімен, билік тарапынан құлақ асқан жан болмапты. Сондықтан диқандар жыл сайын бірігіп, өз қаржылары есебінен каналды шама-шарықтарынша тазалап, егістік алқаптарын суарып келген. Бұл мәселенің шешімін табуына жуырда шаруалармен кездескен аудан әкімі Серік Мамытов ықпал етпек. Аудан әкімі жауапты сала мамандарына аталған проблеманы қысқа мерзімде шешуді тапсырып, нәтижесін өз бақылауына алатынын айтқан. Облыстағы егіс алқаптарын ағын сумен қамту мәселесіне қатысты кезекті рет жауапты басшылардың басын қосқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды шаруа­ларды ағын сумен қамтуды жүйелеп, тұрақ­ты бақылауда ұстауды тапсырды.

Өңірде биыл 860 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде суармалы жер көлемі – 552 мың гектар. Өңірдегі жалпы суармалы жердің 30%-ы облыстың оңтүстік бөлігі Жетісай, Мақтаарал аудандарына тиесілі. Осы аумақтағы суармалы жерлердің барлығы Өзбекстан Республикасынан келетін трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы сумен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күні сұранысқа сай шаруаларға қажетті суды жеткізу үшін машиналық канал іске қосылып, қосымша қажетті су жеткізілуде. Сонымен қатар облыстың Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласындағы 75 мың гектар суармалы жерлерге шаруалардың сұранысына сәйкес «Қызылқұм» магистралды каналы арқылы секундына 50 текше метр ағын су босатылып отыр. Қажеттілік толықтай қамтамасыз етілген.

явап

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды каналдар қайта жаңғыртылатыны туралы айтқан болатын. Мемлекет басшысы сонымен бірге жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшіруді тапсырды. Бұл ретте осы су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану арқылы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларының 80 мың гектарға жуық суар­малы жерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беріліп отыр. Еліміздегі суармалы алқаптардың 4/1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Сондықтан ағын су мәселесі өте өзекті және тұрақты назарда», деді Дархан Сатыбалды.

Бүгінде өңірде шаруалардың суды қажеттіліктен артық пайдалануына, ағын су ысырабына жол бермеу және су беру тәртібін реттеу үшін нақты тариф бекітілген. Шаруаларға ағын суды тек қажеттіліктеріне сәйкес бөлу тәртібі енгізілген. Сонымен қатар су шығынын үнемдеу мақсатында «Түркістан» магистралды каналының бір бөлігін темір бетонмен қаптау жұмыстары аяқталып, барлық шлюздардағы су өлшегіштер есепке алынған. Су балансын сақтау жұмыстары бір жүйеге келтірілген. Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде, «Қосқарған» және «Кеңсай-Қосқарған-2» су қоймаларында су жеткілікті. Өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешу үшін бірқатар су нысандарының жобалары әзірленуде. «Бәйдібек ата» су қоймасы салынғанда суару маусымында «Бөген» су қойма­сына 68 млн текше метр, сондай-ақ аталмыш су қоймасына «Боралдай» су қоймасы жобасы нәтижесінде суару мау­сымында 65 млн текше метр ағын су қосымша жеткізіледі. Екі қойманы салу есебінен алдағы жылдары Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, су нысандарын қалпына келтіру, мелиоративтік жағ­дайын жақсарту мақсатында, облыс әкі­мі­нің тапсырмасымен 15 су нысанын күрделі жөндеу, 5 нысанды ағымдағы жөн­деу жұмыстарына облыстық бюджеттен 3,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 63 шақырым канал күр­делі және ағымдағы жөндеуден өткі­зіліп, 11,2 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады. Ал «Тұран су» ШЖҚ МКК өз қаржысы есебінен биыл Ордабасы, Сауран аудандары мен Арыс қаласында жоспарланған 230 шақырым каналдарға механикалық тазалау жұмыстарының бүгінде 72 шақырымы атқарылған. Тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру мақсатында Сайрам ауданында төтенше жағдай қаупі бар «Ақбай қарасу» каналын, Шардара ауданында каналдарды күрделі жөндеу, Келес ауданында жалпы 75 каналды ағымдағы жөндеу көзделіп отыр. Сондай-ақ 5 ауданда орналасқан 12 су қоймасын аудандық меншіктен облыстық коммуналдық меншікке қабылдау шаралары атқарылуда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов мол өнім алу диқандарға ғана емес, сала мамандарына да үлкен жауап­кершілік жүктейтінін айтады. «Енді егіс көлемін арттырып қана қоймай, сапаға мән беретін кез жетті. Сапалы өнім диқанның маңдай терінің ғана жемісі емес, ол тұқымның сор­ты мен тыңайтқышқа да, суға да тәуелді. Тұ­қым жақсы болмаса алқапты қанша кеңейт­кенімен, өнім молаймайды», дейді басқарма басшысы. Аталған бас­­қар­маның ресми мәліметтеріне сүйе­н­сек, биыл облыс бойынша егістік­ті әртараптандыруға сәйкес дәнді да­қылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мың гектарға артып, барлығы 318 мың гектарға ұлғайтылған. Ал мал азығы дақылдары алқабы 6,7 мың гектарға көбейіп, 227,7 мың гектарға жетті. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарын егетін алқап 9,7 мың гектарға ұлғайтылып, 129,1 мың гектар болады. Керісінше мақта плантациясы өткен жылмен салыстырғанда 14,9 мың гектарға қысқарады. Майлы дақылдар алқабы да 6,3 мың гектарға қысқартылып, 73,5 мың гектар болады. Жалпы, облыс­та жоспарланған 488,6 мың гектар жер жырту және 115 мың гектар сор шаю жұмыстары толығымен аяқталған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ