«Адасқанның айыбы жоқ…»
Атырауға нәпақа табу үшін өзге елден келетіндер көп. Солардың қатарындағы Қырғызстан мен Өзбекстанның азаматтары жетерлік. Алайда шекарадан өткен соң із-түзсіз жоғалып кететіндер де бар. Сондай жандарды түн ұйқысын төрт бөліп, кіндік қаны тамған туған жеріне жеткізер жолына сарғая қараған ата-анасының, бір туған бауырының алаңдауы ойлантпайтын секілді.
Мәселен, қырғыз қызы әпкесімен бірге 2011 жылдан бері мұнайлы шаһардағы базарда түрлі киім-кешек сатып жүрген. Бастапқыда туыстарымен телефон арқылы байланысып, әпкесі екеуінің амандығын білдіріп тұрған. Бірақ әпкесі еліне оралуға жиналғанда, сіңлісі Атырауда қалуға шешім қабылдапты. Қырғызстанға аман жеткен әпкесімен 2013 жылы айшылық алыстан хабар алғызатын телефон арқылы сөйлескен екен. Алайда сол сәтте әпкелі-сіңлілі екеуі бір-бірімен ұзаққа ажырайтынын білмеген шығар. Неге екені белгісіз, Атырауда қалған қыз 2013 жылдан кейін не әпкесімен, не өзге туыстарымен байланысқа шықпай қойыпты. Туыстары оны сонау Қырғызстаннан әлденеше рет іздеп келіп, таба алмай кеткен. Өздері таныстары арқылы іздеп көргенімен, таба алмаған. Амалы таусылған әпкесі жергілікті полицияға жүгінуді жөн көріпті. Облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен шетелдіктің шағымына орай жедел іздестіру тобы құрылды. Кейін криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қырғыз қызының туыстарымен ренжіскенін анықтады. Бір ауыз сөзден көңілі қалған болуы керек, қырғыз қызы он жылдан бері туыстарымен «жасырынбақ» ойнауға бекініпті.
«Бір-бірімізді 11 жыл бойы көрмеген едік. Күні-түні сіңлім аман-есен табылса екен деп тіледім. Өйткені оны қатты сағындым. Енді міне, қуанышымда шек жоқ», деп көзіне жас алды сіңлісін құшағынан ажыртпаған әпкесі.
Атырауда тұратын әпкесімен 40 жылдан кейін кездескен ресейлік әйелдің оқиғасы да осыған ұқсас. Биыл ақпанда Ресей Федерациясындағы Санкт-Петербург қаласының 1947 жылғы тұрғыны Атырауға келді. Мақсаты – әпкесімен кездесу. Алдын ала әпкесінің тұрақты мекенжайын анықтамапты. Бәлкім, әпкесіне тосын сый жасап, қуантуды көздеген шығар. Бірақ бұл ойы іске асқан жоқ. Өйткені мұнайлы шаһардан апайын таба алмай, ошарылып қалған. Содан кейін полиция қызметкерлерінен көмек сұраудан басқа амалы қалмапты. Көрші елден келген қонақтың өтінішімен Атырау қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары, полиция майоры Самалбек Бегалиев пен полиция капитаны Арон Кенжебекұлы жан-жақты тексеру, іздестіру жұмысын жүргізді. Қиналған жанға қол ұшын созған полицейлер ресейлік әйелдің туыстарын тауып берді.
«Туған апайым осы қалада тұратын еді. Бір-бірімізді 40 жыл бойы көрген жоқпыз. Бауырға деген сағыныштың жөні бөлек. Сағынышты бетпе-бет кездеспей, басу мүмкін емес. Сол себептен апайымды іздеп келгенде, оның тұратын мекенжайын білмей, әбден дағдардым. Амалым қалмаған соң полиция қызметкерлерінен көмек сұрадым. Жедел әрекет еткен полиция қызметкерлері туыстарымның мекенжайын тауып, олармен кездестірді. Шетел азаматы болсам да, олар менің өтінішіме атүсті қараған жоқ. Өздерінің кәсіби міндетін адал атқаратынына куә болдым. Шарасыз жанға көмектескен полиция қызметкерлерінің жұмысына ризашылығымды білдіремін» деп алғысын айтты туыстарымен қауышқан ресейлік әйел.
Ал Өзбекстан Республикасының 48 жастағы тұрғыны 2017 жылдан бері Атырауда тұратыны «Мигрант» іс-шарасы кезінде анықталған. Ел шекарасынан бері қадам басқанына екі жыл өткен соң туыстарынан байланысын үзген. Алыста жүргенін желеу етті ме, әлде басқа себебін бар ма, оны түсіндіре алмайды.
«Мұндай іс-шараны өткізудің бірнеше мақсаты бар. Біріншіден, көші-қон зандылығын бұзған шетел азаматтары анықталады. Екіншіден, өзге ел азаматтарының ел аумағында заңсыз жүруін болдырмау, үшіншіден, Қазақстаннан өз еркімен шығу туралы сот қаулысын орындамаған шетелдіктерді анықтау көзделген», деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшыларын тек шетелдіктер емес, атыраулық балалардың да жиі жоғалатыны алаңдатып отыр. Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Абзал Әліпқалиевтің дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері кәмелетке толмаған 89 бала жоғалған.
– Атырау облысында балалардың жоғалу дерегі көбейіп барады. Бұл – алаңдатарлық жайт. Полиция қызметкерлеріне балалары үйіне оралмағаннан кейін 73 ата-ананың шағымы тіркелді. Мектеп қызметкерлерінен 6 хабар түсті. Тұрғылықты мекен-жайын таба алмай адасқан балалар туралы 9 адам хабар берді, – дейді Абзал Әліпқалиев.
Оның айтуынша, ата-аналар кәмелетке толмаған жасөспірімдер үйге келмеген кезде өздері іздегенді құп көреді. Тек өздері таба алмай, үміті үзілуге айналғанда ғана полицияға хабар береді. Тегінде баланың жоғалғанын білген сәтте полицияға хабарлаған жөн. Бұл жоғалған балаларды іздестіру жұмысының сәтті аяқталуына септігін тигізеді. Көп жағдайда ата-аналар балаларының үйге келуін күтіп, оқиғаны жасыруға тырысады. Дегенмен полиция қызметкерлері жоғалған 89 баланың бәрін тауып, ата-анасына тапсырған.