Аграрлық университет әділет жолында
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры, ҰҒА академигі Ақылбек Күрішбаев студенттермен кездесіп, жоғары оқу орнындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қадамдар жайын талқылады.
«Біздің мақсатымыз – жастарды жемқорлыққа төзбеуге шақыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін жоғарылату, сол арқылы оқу үрдісінің сапасын арттыруға ықпал ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің ортақ мақсатымыз – заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін Әділетті Қазақстанды құру» дегенді үнемі айтып келеді. Осы орайда университет басшылығы мен студенттер арасында әріптестік сенімді арттыру мақсатында осындай ашық әңгіме өткізіп отырғаны маңызды. Бүгінгідей өзара сенімге негізделген шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысты нығайта түседі. Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы университет бағдарламасын қабылдаймыз», деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Сыбайлас жемқорлық – әділетті қоғам қағидаттарына мүлдем кереғар ұғым. Ел ертеңіне қызмет ететін білікті мамандар даярлауда сапалы білім беру, студенттер білімін әділ бағалау оқытушылардан да, білім алушылардан да үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Кездесу барысында студенттер университетке келмесе де жоғары балл алғысы келетіндердің бар екенін және грант бөлу кезінде әділетсіздіктердің, пара алуға бейім жағдайлардың кездесетінін атап өтті. Сыбайлас жемқорлық фактілері көбінесе, студенттер сабаққа қатыспаған жағдайда, аралық бақылауды немесе пәндік жұмыстарды, емтихандарды қайта тапсыру, курстық жұмыстар қорғау сәттерінде жиі кездесетін көрінеді.
Ректормен кездесуде студенттер кезінде жекеменшікке өтіп кеткен университеттің оқу ғимараттарын, студенттік жатақхананы, стадионды, жер учаскелерін мемлекетке қайтару мәселесін көтерді.
Студенттердің ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдай келіп, ректор ашықтық пен өзара сенім мен байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында тиісті құрылым басшыларына тапсырма берді.