Агроөнеркәсіп кешені еліміздің экономикасында қашанда маңызды орында

0
10

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов LuLu Group International компаниясының негізін қалаушы Юсуф Али Мусалям Виттиль Абдул Кадермен кездесу өткізді. Онда Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде және сауда саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.

Юсуф Али бүгінде компания қазақстандық ет және ауылшаруашылық өнімдерін импорттап отырғанын және ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін мәлімдеп, мұндағы жоғары әлеует пен қолайлы инвестициялық жағдайларды атап өтті.

Компанияның Қазақстанда ет өңдеу зауытын және аграрлық өнімдерді сатып алу жөніндегі үлестіру орталығын салу жоспарына назар аударылды.

Олжас Бектенов Қазақстан бұл бастамаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытатынын, аталған жобалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларын кеңейту жөніндегі міндеттерімен үндесетінін атап өтті.

Бүгінде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері 70-тен астам елге экспортталады. Еліміз бұл көрсеткішті саланың өнімділігін үш есеге арттыру есебінен екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр.

«Агроөнеркәсіп кешені еліміздің экономикасында қашанда маңызды орында. Қазақстан бірлескен агротехнопарктер мен экспортқа бағытталған логистикалық хабтар құрудан бастап, электронды коммерцияны және басқа да жобаларды дамытуға дейінгі ынтымақтастықты кеңейтуге дайын. Ол үшін елімізде барлық қажетті жағдайлар жасалған», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға жобаларды жүзеге асыруға қажетті қолдау көрсету тапсырылды.

 

Анықтама:

БАӘ-де орналасқан LuLu Group International компаниясы әлемнің 20-дан астам елінде 260-тан аса түрлі форматтағы сауда нысандарын басқарады. Ол GCC (Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі) аймағының жетекші ритейлері және Азия нарығындағы ең ірі ойыншылардың бірі. Қазіргі уақытта LuLu Group өзінің қатысу географиясын қарқынды түрде кеңейтіп, Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытып келеді. Компания қазақстандық ұсақ мал етін импорттайды, сондай-ақ құс еті, бал, бидай, ұн, жарма және бұршақ дақылдары бағыттары бойынша қазақстандық өндірушілермен жұмыс істейді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ