Қайраткердің соңғы сапары

0
130

Жексенбі күні Алматыда қалың жұртшылық көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Сыр елінің асыл перзенті Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры ғимаратына жиналған зиялы қауым саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған тұлғаның қайраткерлік қыры, кәсіби білігі, азаматтық келбетіне тоқталды. Жақын-жуығына, қазаны  қайғыра қабылдаған қалың жұртқа көңіл айтты.

Қоштасу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, Үкімет мүшелері, бірқатар аймақтың әкімдері, Парламент депутаттары, мәдениет, спорт, басқа да салалардың өкілдері қатысты.

Қаралы жиынды ашқан Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқыды.

«Бердібек Машбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын зор біліктілікпен жүргізе білді. Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсуіне қажыр-қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Машбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», делінген жеделхатта.

Қоштасу рәсімінде еліміздің іргелі бес аймағын басқарған, екі рет Үкімет басшысының орынбасары болған, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жауапты міндеттер атқарған Бердібек Машбекұлы жайында  естеліктер айтылды. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов:

– Ағамыз еліміздің ең күрделі құрылымдары мен аймақтарында аянбай еңбек етті. «Кризис менеджері» атанған тау тұлғаның әрбір жүйелі, нәтижелі жұмысының ар жағында білім мен білік қана емес, үлкен жүрек жатты. Елдің өркендеп, өрістеуіне бар ғұмырын арнаған ардақты азаматтың үлкенге құрметі, кішіге ізеті де ерекше еді. Адам ретінде де, мансап биігінде де бар білгені мен түйгенін кейінгі буынға үйретіп кетті, – деді.

– Бердібек шығыс пен батыста да, қар мен суықта да игі істердің басында жүріп халқына қалтқысыз қызмет етті. Тек қана басшы болған жоқ, елдің арқа сүйер ағасы болды, үлкен құрмет пен сыйға бөленді. Шынын айтқанда, ол кісінің алға қойған жоспары әлі де көп еді. Оңтүстік Кореяға барар алдында Алматыға келгенде дидарласқан едік. Ол 70 жасын атап өткен жоқ. Сол жолы маған: «Биыл амандық болса күзде егін жиналып, халықтың көңілі орнына түскен кезде елге барып көптен көрмеген туыс-туған, дос-жаранның басын қосып той жасасам», деген еді. Онымен қоса ұзақ жылғы тәжірибесі мен білімін жастарға үйретіп, университетте сабақ беруді ойға алғанын айтқан болатын. Өзін өте сергек һәм қайратты сезінетін. Алланың ісіне шара бар ма? Рухы шат болғай, – деп еске алды мемлекет қайраткері Икрам Адырбеков.

Марқұммен ұзақ жылдар бірге қызмет еткен қоғам қайраткері Амалбек Тшанов Бердібек Машбекұлының іскерлік қырына ерекше тоқталды.

– Бекең – шын мәнінде өз ұлтының адал перзенті. Ұлттың дүниетанымы, табиғаты, қасиет-қалыбы оның бойынан үнемі көрініп тұратын. Тәуелсіздік жылдары ел ағаларымен мемлекет іргесін бірге қаласып, үлкен жауапты бетбұрыстардың басы-қасында өзі жүрді. Ұйымдастырушылық қабілеті, адамдармен тіл табысуы ерекше еді. Қазақта: «Елдің атын ер шығарады, ердің атын ел шығарады» дейтін мақал бар. Өзі басқарған әр өңірдің тыныс-тіршілігін тереңнен зерделеп, экономикалық дағдарыстан аймақтарды аман алып шығудың жан-жақты жолдарын алға ұстады. Өз ісіне адалдық танытып, елге аянбай қызмет еткен перзентін қазақ халқы ешуақытта естен шығармайды деп есептеймін, –  деді ол.

Марқұм Алматыдағы «Кеңсай-2» қорымына жерленді.

«СБ» ақпарат

ПІКІР ҚАЛДЫРУ