Полиглот аудармашы Гүлбадат Тәукебаева: «Жұмысымызды бағалап, өзімізді көрсете білу қажет»

0
536

Аударма ісі – әрі қызықты, әрі жауапты жұмыс, өйткені кез келген мәтіннің мазмұнын әдемі, түсінікті, толық етіп жеткізу – зор еңбек. Дегенмен, бұл саладағы мамандардың еңбегі әдетте дұрыс бағаланбай келеді. Осы мәселені қолға алып, аудармашылар үшін арнайы чатты жүргізіп келетін қазақ тілінің жанашыры, өз ісінің нағыз шебері Гүлбадат Тәукебаева бұл жұмыстың ерекшеліктерін айтып, өз тәжірибесімен бөлісті.

Алдымен, кейіпкеріміз туралы қысқаша баяндасақ. Гүлбадат ханым негізгі мамандығы бойынша француз тілі мұғалімі, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген. Диплом алған соң бірнеше жыл мектепте сабақ беріп те көрді, бірақ жалақысы төмен болғандықтан аудармашылыққа бет бұрып, өз бетінше жұмыс істей бастады.

Инязда оқып жүргенде ел-жұрттың аудармасын жасап, ақша тауып жүрген маман тілдерді үйрену – мектеп жылдарынан бері сүйікті ісі екенін айтуда. Аудармашы мамандығына сол кезден дайындалып жүрген екен және мектеп кезінен де, мектепте де қазақ тілі мен әдебиетті, француз тілін, орыс тілін жақсы оқып, арабша төте жазуды меңгерген,  ал университетте жапон және латын тілдерін де үйренді. Қазір болса, өзбек, ағылшын француз, неміс тілдерінен аударма жасап жүр. Жұмыс барысында бірнеше мәрте алғыс хаттармен марапатталды, 2018 жылы Алматы қаласында өткен аудармашылар байқауына да қатысты. Жүлделі орын алмасам да, мен үшін бұл айтарлықтай жетістік дейді Гүлбадат.

Бұл кәсіпке не себептен келдіңіз деген сұраққа Гүлбадат ханым түрлі салалар бойынша мәтін аударған сайын жаңа білім алып, интеллектуалды өрісі кеңейе түсетіні ұнайды деп жауап берді. Көркем әдебиеттен басқа кез келген тақырыптағы тапсырыс ала беретін маман курстық және дипломдық жұмыстар мен диссертацияларды да аударады, ресми құжаттар мен жарнамалық немесе ғылыми-техникалық мәтіндерді де игере алады. Осылайша, өз ісінен жалықпайтын кәсіпқой күнделікті жаңа ақпарат алып, сан түрлі салалардан хабары бар.

Осы уақыт ішінде Гүлбадат әкімдікте басқармалардың бірінде де жұмыс істеп көрді, Қазақстанға келген шетелдіктерге де аудармашы ретінде қызмет көрсетіп, құжат рәсімдеу, баспана жалдау, қала аралау кезінде көмектесіп жүрді. Тіпті, олар телеарнаға сұхбат беру барысында қасында болып, ілеспе аударма жасады.

Жұмыс барысында түрлі қызықты оқиғалар да орын алуда. Тапсырыс берушілердің ішінде көптеген танымал адамдар, жұлдыздар да болды.

«Аударма жасау барысында әнші Мейрамбектің құжаттарын француз тіліне, Төреғалидың жұбайы Толқынның дипломын орысшадан қазақшаға аударғанмын. Толқынның әкесі Тұрарбек ағамен Алматы қаласы әкімдігінде бірге жұмыс істеген кезде, әкесінің сұрауы бойынша аударып бергенмін», – дейді ол.

Мұндай жұмыстың бір қызығы – кейде тапсырыс берушілер қаламақысының орнына өз тауарларын немесе қызметтерін ұсынуы мүмкін. Өз басым бір мәрте Ресейден келген цирктің афишаларын аударып, төлем есебінде көрсетілімге бірнеше билет алсам, Гүлбадат ханым дәл осы жолмен отбасымен бірге аквапаркке барып қайтыпты.

«Аударма жасау барысында Алматыдағы “Апорт” сауда орталығында орналасқан Гавай аквапаркімен де жұмыс жасадым, шамамен 2014 жыл, ұмытпасам.
Аудармасын жасадым, маған Гавайға безлимит 3 билет берді. Бартер жасадық, общым.
Ол жасаған аударма 2 беттей-ақ болатын, орысшадан қазақшаға келісімшарт.
Ол кезде 2 балам бастауыш оқитын, кішкентай. Күні бойы армансыз шомылып, тамақтанып, ойнап-күліп, керемет демалыс болды біз үшін
Балаларым уже балық болып кеткен, әрең деп жатып, кеттік деп үйге қайттық.
Қазір болса, қойшы деп бармайтын еді балаларым, қазір 10 сынып пен 11 сынып оқиды», – деп еске алады Гүлбадат ханым.

Осылайша өз ісімен айналысып жүрген аудармашы уақыт өте келе жұмысқа ресми тіркелмей, өз бетінше қызмет көрсетіп жүрген адамдар (мұндай мамандарды фрилансер, яғни, өз еркіне қарай жұмыс кестесін құратын жұмысшы деп айтайды) бірқатар қиындыққа тап болатынын байқады.

Фриланс биржалары мен арнайы сайттарды зерттеп көрсеңіз, қазақ тілі аудармашылар жетерлік. Көбісі қызметінің ақысын да жоғарылатпай., жылдар бойы парағына сол 500-600 теңге сұрап, қанағат етеді. Және де жеке жұмыс жасағандықтан,  әріптестермен ақылдасу, бір-бірінен көмек немесе ақыл-кеңес сұрау да қиындау. Дәл осы кезде Гүлбадат Тәукебаева «Тәржіма» аудармашылар чатын ашқан Бибіайша есімді тәжірибелі маманмен танысып, аталған чатты бірге басқаруға келісім береді. Оған қоса, тек орыс-қазақ аудармашылар үшін де бөлек чат ашып, осы қызметке аса жауапкершілікпен кірісіп кетті. Әріптестеріне еңбегін дұрыс бағалап, лайықты баға қоюды, жұмысын тиянақты атқаруға және аударма толыққанды әрі сапалы болуына ықпал жасап, барынша жәрдемдесуге әзір.

«Бізде аудармашылар арасында 2 топ бар. Біріншісінде тек әлем бойынша аудармашылар, екіншісінде тек орыс-қазақ аудармашылары. Осы топта бір-бірімізге сөз көмегін беріп отырамыз. Аударманың дұрыс немесе қате екенін, аударма туралы әңгіме-дүкен құрамыз.
Мәселен, бір күні шөп туралы әңгіме болды. Мен де өз үлесімді қостым. Аударма нұсқалары келесідей болды: Сено в тюках-Пішен, пішенделген шөп; Россыпное сено-Борпылдақ шөп

«Заготовка сена для корма» деген сөйлемге Азықтық жемшөп дайындау, мал азығы үшін жем-шөп дайындау Жем-шөп дайындау секілді аудармалар ұсынылды. Сіз қай нұсқаны таңдар едіңіз? Ал топқа жіберген аудармашы менің нұсқамды таңдады. Шөпке, тауға қатысым жоқ, бірақ ауылда өскен соң, ата-әжеге табиғи қызы болған соң, жанында жүріп, көп ой түйеді екенсің, істемесең де, солардың сөзінен миға сақталып қалады екен, сол үшін де көркем сөйлеп, көркем аударып жүруге тырысам, үлкендерше сөз саптап
Ата-апамның қызы болғанның үлкен пайдасы осы екен», – деп күледі Гүлбадат.

Расында да, топтық сұхбатта бұл кісі әрбір сөзге мұқият қарап, тура аудара салудың орнына мән-мазмұнын шатаспай келтіруді талап етеді.

“Аударманы да тікелей аудармай, қолданыстағы сөзбен аудару керек көбінесе!” деп ой салдым, өйткені топтағы аудармашылар кейде қателеседі. Құрғақ аударманың орнына, мағынасы сәйкес балама іздеп, ана тіліміздің өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып аударған дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, орыс тіліне еліктеп, қазақтілді мәтінде қажет/қажет емес сөздердің бәріне -лық/дық жалғауын қолдана беруге қарсымын. Дайын текст тіл ережелеріне икемделген, әрі түсінікті, әрі әсерлі жеткізілген болуы тиіс», – дейді маман.

Әрине, кез келген жұмыс сияқты, аударма ісінің де қызығымен қатар қиындықтары да болады. Атап айтқанда, күрделі мәселелердің бірі – жаңа клиентпен жұмыс істеп, еңбегіңнің ақысын алу. Жасыратыны жоқ, кейбір ғаламтордағы алаяқтар дайын тапсырысты алып, төлем жасаудан жалтаруы мүмкін. Кейде тіпті көлемді аударманы қабылдап, бірнеше күн бойы көз майын тауысқан аудармашы есесіне қомақты қаражат аламын  деп қуанып жүргенде, нәтижесінде өзіне тиесілі ақшаны ала алмай жүрсе, көңілі әбден құлазитыны анық. Мұндай жағдайға түспес үшін Гүлбадат ханымның ерекше бір айла-тәсілі, қазіргі тілмен айтқанда «лайфхагы» бар. Бұрын жұмыс істемеген клиенттерден алдымен байланыс деректерін кім беріп, менімен жұмыс істеуде ұсынғанын сұрап алам дейді. Және де оның төлемге қабілеттілігін, нарықта қаншалықты танымал тұлға немесе компания екеніне көз жеткізеді. Әрі қарай тапсырысты қабылдамас бұрын, толық көлемде алдын-ала төлем жасауды талап етеді. Сонда ғана бәрі дұрыс өтетініне сенімді болып, жұмысқа кіріседі. Ал, егер жаңа клиент те күмәнданып, ақшасын бірден аударуға келіспесе, жарты сомасын төлеуін сұрайды. Тапсырыс дайын болған соң, фото немесе бейнетүсірілім арқылы жұмыс орындалғаны туралы есеп беріп, қалған ақшасын аударғанша күтеді, одан кейін дайын құжатты тапсырыс берушіге жолдайды. Әріптестеріне де осы алгоритммен жұмыс жасап, өз құқығын қорғай білуді кеңес береді.

Жоғарыда атап өткендей, Гүлбадат ханым қазақтілді аудармашылар көбінесе өз еңбегін дұрыс бағалай алмайтынын айтып, өкінеді. Базардағы баға күннен-күнге шарықтап бара жатқанда бұрынғыдай 500-600 теңгеге жұмыс істеуге келісе бергендеріне қарсы екенін үнемі айтып келеді. Тіпті, өз орталарында біліктілігі жоғары, еңбек құнын лайықтап қоя алатын мамандар мен оған әділ баға беретін тапсырыс берушілер болуына аса мән беруде.

«Бұрын топқа ұсынылған адамдардың бәрін қабылдай беретінмін. Қазір аударма агенттіктерінен де, аудармашылардан да жұмысының ақысын сұрап аламын. Мөлшері төмен болса, қабылдамаймын. Ал, аудармашыларға қазақ тілінен кішігірім тест өткіземін: бір парақ мәтінді аударуын сұрап, тексеремін. Егер қателері болса, оны түсіндіріп айтып, топқа қабылданбайтынын айтамын», – дейді ол.

Расында да, кәсіби аудармашылар чатына қосылудың пайдасын 10 жылдай фриланс жұмыс тәжірибесі бар мен де жақсы сезіндім. Біріншіден, бос уақытым болған кезде ондағы тапсырыстарға көз жүгіртіп, арасында өтінім беріп тұрамын. Мен де, Гүлбадат ханым сияқты, бір жұмыспен шектеле қоймай, жаңа салалардан хабардар болып, жаңа белестерді игеруді ұнатамын.

Екіншіден, әріптестермен араласып, бір-бірімізбен тәжірибе бөлісуді де ұнатамын. Тек қана белгілі бір сөздің не сөйлемнің аудармасы ғана емес, әртүрлі форматтағы құжаттармен жұмыс істеу, клиенттермен тіл табысу секілді мәселелер бойынша пікір бөлісіп тұрамыз. Кейде қисынсыз, күлкілі аудармаларды талқыға салып, басқаларға сабақ болсын деп талдап отырамыз.

Және де, ең маңыздысы – жаңа таныстарды табу (нетворкинг дейміз ғой), өзіңді таныстыру. Бірнеше мәрте чаттағы адамдарға көмектесіп, «орыс тіліне аудармалары сапалы» деген бейресми атақ иеленіппін. Қазір енді маған да жан-жақтан адамдар хабарласып, кеңес немесе көмек сұрайды.

Сөздің қысқасы, көбінесе тәуекелге барып, өз бетінше жұмыс істейтін және ақылдасатын адам таппай, өз-өзімен қалып қоятын адамдарға Гүлбадат Тәукебаеваның зор көмегі тиді. Кім біледі, мүмкін, әріптестеріне сөзбен де, іс жүзінде де қолдау көрсетуден жалықпаған маман әлде де биік белестерді бағындырып, Қазақстанда адвокаттар алқасы секілді кәсіби аудармашылар қауымдастығы құрылуына себепкер болар.

 

Мария Умарова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ