Тұлғасы тау көтерген толағайдай

0
197

Ел тәуелсіздігінің берік тұғырын қалаған тұлғалардың бірі, көрнекті мемлекет қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың қазасы туған топырағы Сыр халқының ғана емес, күллі қазақ жұртының қайғысына айналды.

Бұл суық хабардан құлағдар болған халық бір тәулік ішінде әлеуметтік желілердің парақтарын көңілқосы мен қимас сезімге құрылған элегияға толтырды.

Осынау биік болмысты азаматқа деген әр қазақтың жүрек мұңын сезінудің өзі ауыр.

Бердібек Сапарбаевтың қандай тұлға болғанын барша қазақстандық жақсы біледі.

Оның есімі бірнеше министрліктен басқа бес бірдей облысқа басшылық жасаған жалғыз әкім есебінде тәуелсіз Қазақстан тарихына өшпестей жазылып қалды. Мемлекет басшысы Сапарбаевты қиыншылық туған, шешілуінде күрделі мәселелер туындаған облыстарға әкім етіп жіберіп отырды.

Б.Сапарбаев ел Президентінің 1995 жылғы 29 қыркүйектегі Жарлығымен Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды.

Бұл өңір экономикасының қиын кезеңге тап болған жылдары еді. Көптеген кәсіпорын жұмысы нарықтың қысымына ұшырады. Олар шикізаттардың жоқтығынан немесе өз өнімдерін өткізетін рынок таба алмады, еңбек ұжымдарының мүшелері ақысыз демалысқа жіберілді. Кезек күттірмейтін мәселелердің бірі облыс ауыл шаруашылығының жағдайы еді.

Қалыптасқан аса ауыр қиын жағдайдан шығу үшін облыс әкімі Б.Сапарбаев шұғыл шараларды жүзеге асыруды қолға алды. 1996-1998 жылдарға арналған реформаларды тереңдету жөніндегі бағдарлама жасалып, қабылданды.

Облысты дамытудың орта мерзімді бағдарламасына сәйкес реформаны тереңдету жұмыстары жеделдетілді. Атап айтқанда, меншік қатынастарын жаңарту, жеке сектордың қалыптасуы мен дамуын тездету, бәсекелестік ортаны құру, нарықтық инфрақұрылымдарды қалыптастыру, тауар өндірушілердің  әлемдік нарық жағдайына бейімделуіне жәрдемдесу, басым бағыттағы өндірістің дамуы мен шетел капиталының енуінің жаңа үлгілері мен жолдарын іздестіру қолға алынды. Жасалған іс-шаралар көп ұзамай-ақ өз нәтижелерін бере бастады. 1996 жылы инфляцияның деңгейі оның алдындағы жылмен салыстырғанда 40 пайызға төмендеді, өнеркәсіп өнімінің көлемі 41,6 пайызға артты.

1997 жылы Семей, Көкшетау, Жезқазған, Талдықорған және Торғай облыстары бірінен соң бірі таратылып жатқан тұста, мұндай күйді Қызылорда облысы да бастан кешуі керек еді. Алайда, Б.Сапарбаев Қызылорданың табиғи ресурстары мен басқа да әлеуетін экономикалық талдаудан өткізіп, бұл облыстың қаржы сұрайтын өңірден республикалық бюджетке қаржы құятынын дәлелдеп, сақтап қала білді. Өңірді өркендетудің барлық амалдары қарастырылды. Қызылордаға арнайы экономикалық аймақ мәртебесінің берілу қажеттігін көтерді.

Бұл кезде Бердібек Машбекұлы өтпелі кезеңдегі өңір экономикасы және арнайы экономикалық аймақтар мәселесімен ғылыми түрде айналысып, Қызылорда облысының мысалдары негізінде «Өтпелі кезеңдегі өңір экономикасы», «Арнайы экономикалық аймақтар» оқулықтарын да жазып, оларды жарыққа шығарып үлгерген еді.

Сыр елінің географиялық орналасуы мен Оңтүстік Торғай бассейніндегі және Арал маңындағы болжанған мұнай мен газ қорын және Қаратау жотасының аяқталар тұсындағы қорғасын мен мырыштың және уранның мол қорын есепке алған ғалым-әкім Қызылорда облысында арнайы экономикалық аймақ құрудың тиімділігін дәлелдеп, 1996 жылы қарашада Қызылорда арнайы экономикалық аймағының құрылуына қол жеткізді.

Бердібек Машбекұлының ерлікке пара-пар бұл еңбегін Сыр халқы ешқашан естен шығармайды деп санаймын.

Сыр бойындағы табысты қызмет атқарған Бердібек Сапарбаев сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Сөйтіп, Сыр өңірін өрге сүйреп, дәулетін арттырған азаматқа Мемлекет басшысы тағы үлкен сенім артты.  Оңтүстікті электр қуатымен, газбен, жылумен қамтамасыз ету, зейнетақы қарызын өтеу, жұмыс орындарын көбейту жөнінде бес тапсырма берді. Шындығында да, бұл кезде Шымкент, Түркістан, Кентау қалалары мен аудан орталықтарын электр қуатымен және газбен қамтамасыз етуде күрделі жағдай қалыптасқан еді. Газдың іркіліспен берілуінен, жарықтың болмауынан қаланың көпқабатты үйлерінің тұрғындары пәтерлерге пеш орнатып, оған шамасы келмегендер тамақтарын сыртта от жағып дайындауға мәжбүр болған. Аталған қалалардағы өндіріс орындары тоқтап, жұмыссыздық көбейген. Ауыл шаруасының да түйткілді мәселелері халықтың жанбағысына ауыр тие бастаған екен. Міне, осы күрмеулі, күрделі міндеттер кезең-кезеңімен іске асырылды.

Бердібек Сапарбаевтың мұнан кейінгі Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарына басшылыққа тағайындалуының мәнінде де оның іскерлігі мен біліктілігі басты орынға шықты. Өйткені, сол кезеңде бұл аймақтарда да шешімі қиын, шиеленіскен проблемалар туындап тұрған.

Тау көтерген Толағай сынды осынша күш-қайратты биязы мінез, зиялы бойына сыйдыра білген Бекең қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленіп, жасынан еңбек еміп өскендікпен бе екен, өмірде қарапайымдылықтың үлгісі болды. Ол өнер адамдарын жақсы көретін, өзі басшылық жасаған өңірде руханият өкілдерін әрдайым қолдап, оларды көтермелеп жүрді.

Осындай тамаша адами қасиеті  жайында  Қазақстанның  халық  жазушысы  Әзілхан Нұршайықов: «Бердібек Сапарбаев – халыққа болса екен деп, ел ішінде жақсы атым қалса екен деп, таңның атысы мен күннің батысы аянбай тер төгетін азамат. Ең бастысы, бүгінге емес, болашаққа жұмыс істейтін қайраткер. Жүрек жылуы мол адам!», – деп жазған еді.

Өзі өмірден өтсе де жүрген жерінде ізгілік ізін қалдырған асыл азаматтың аты өлмейді. Ел-жұртын жылытқан жүрек отының маздап тұра беретіні анық.

Мен Бердібек Сапарбаев рухының қазақ халқымен бірге жасап, болашақ иелеріне өнеге эталоны болып қалатынына еш күмәнданбаймын.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

саясаттану ғылымдарының докторы,

профессор

ПІКІР ҚАЛДЫРУ