Қайтқан жерде қайыр бар
Ауыл инфрақұрылымын дамыту туралы сөз болғанда жол жөндеу, су тарту, газ өткізу сияқты маңызды шаруалардың қатарында жайылым мәселесі де тұруы шарт. Өрістегі мал мен ауыл тұрғындарының жағдайын бөліп-жарып қарауға болмайды. Өйткені ауылдағы ағайынның негізгі күнкөріс көзі – жайылым.
518,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті
Президенттің пәрменімен былтырдан бері бүкіл ел көлемінде жүріп жатқан жер реформасының мақсаты да – осы: пайдаланылмай жатқан және кезінде жекелеген шаруашылықтардың құзырына заңсыз өтіп кеткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу арқылы жайылымнан тарыққан елді мекендердің мәселесін түбегейлі шешіп беру.
Бұл бағытта өткен жылы Қостанай облысында да қыруар шаруа атқарылды. Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметінше, бір жылдың ішінде өңірде бос жатқан 518,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
– 365,6 мың гектардан жер иелерінің өздері бас тартты, 7,8 мың гектарды сот арқылы алдық. Сонымен қатар кезінде кейбір шаруашылықтар өздерінің атына заңсыз тіркеп алған 50,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Жалға алу мерзімі өткен 1 мың гектар жер және бар. Мұның сыртында, әртүрлі ықпал тетіктерін пайдалана отырып 93,3 мың гектар жайылым қайтарылды. Департаменттің талап арыздары бойынша аумағы 14,3 мың гектар болатын 17 жер телімі сот арқылы мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі уақытта 6 мың гектарға қатысты 4 талап арыз соттың қарауында жатыр. Былтырғы жоспар бойынша облыста 500 мың гектар жер мемлекетке өту керек еді, біз бұл міндетті 104 пайызға орындап шықтық, дейді департамент басшысы Қайрат Оспанов.
Департамент мамандары 2022 жылы облыс аумағында 500-ге жуық тексеріс жүргізіп, 262 мың гектар жерді сүзгіден қайта өткізіп шыққан. Нәтижесінде, жалпы аумағы 143,2 мың гектар жерді ресімдеу барысында орын алған заңға қайшы келетін 259 дерек анықталып отыр. Мұндай жөнсіздіктерге қатысты 92 әкімшілік іс қозғалып, 6 млн теңге айыппұл салынған.
Сондай-ақ кезінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданған шешімдердің дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу мақсатында жыл бойы 63 рет тексеріске шығып, 109 дерек бойынша жерге қатысты заң ережелерінің бұзылғаны анықталды.
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Биыл облыста пайдаланылмай жатқан 330 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару көзделіп отыр.
– 2023 жылғы қаңтар айында ауылшаруашылық мақсатындағы 21,1 мың гектар жерді қайтарып алдық. Оның 7,9 мың гектарынан иелері ерікті түрде өздері бас тартты, ал 13,2 мың гектар жер сот арқылы мәжбүрлі түрде тәркіленіп алынды, дейді облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы.
«Jerkarta.gharysh.kz» геосервисі іске қосылды
Өңірде бір жылдан бері жұмыс істеп жатқан «Жер аманаты» комиссиясының хатшысы Болат Сұлтановтың айтуынша, өрісі тар ауылдардың айналасындағы жайылым көлемі 10 шақырымға дейін ұзарады. Бұл жерде қазір ауыл маңайындағы жайылымдардың ең үлкені әрі кетсе 7 шақырымға дейін ғана баратынын айта кету керек. Ал облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметінше, алдағы уақытта ауыл тұрғындары мал жаятын өрістердің көлемі 15 шақырымға дейін кеңеюі мүмкін.
Департамент басшысы Қайрат Оспановтың айтуына қарағанда, бос жатқан жерлер мемлекет меншігіне толық қайтарылған соң, жергілікті әкімдіктер жер бөлу ісіне кіріседі. Ауыл малын жаюға жарайтын жерлер жайылымдарды басқару жоспары бойынша тұрғындардың малын бағуға беріледі. Ал қалғаны конкурстық негізде ауылшаруашылық тауарларын өндіріушілерге ұсынылмақ.
«Жер аманаты» не бітіріп жатыр деген мәселеге қайта оралсақ, облыста 67,1 мың гектар жер осы комиссияның араласуымен мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Жалпы, еліміз бойынша бас-аяғы 5,2 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, оның 3 млн гектардан астамы «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен жүзеге асқан.
– Таяуда ауыл тұрғынынан келіп түскен шағым бойынша Қостанай ауданындағы «Жақсылық-2011» деген шаруашылыққа бардық. Шамамен 3 мың гектардай жайылымы бар екен. Он жылдан бері бос жатыр. Малы жоқ. Облыстық жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесіп, тексеріп шықтық. Департамент қызметкері ол кісіге бір жылдың ішінде бос жатқан жерге не мал толтырыңыз, болмаса жерді қайтарыңыз деген мазмұнда ескертпе хат берді. Қазір бақылауда ұстап отырмыз, дейді облыстағы «Жер аманаты» комиссиясының хатшысы Болат Сұлтанов.
Жуырда аталған комиссияның бастамасымен «jerkarta.gharysh.kz» геосервисі іске қосылды. Аталған сервис мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелеріне мониторинг жүргізуге, оның қайда орналасқанын, контурын анықтауға, сондай-ақ ауданы мен меншік иесі немесе жер пайдаланушы туралы мәліметтер алуға мүмкіндік береді.
– Қайтарылған жерлер Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген цифрлы интерактивті картаға салынып жатыр. Мәселен, біздің облыста мемлекет меншігіне қайтарылған 518 мың гектар осы картаға енгізіледі. Сол арқылы әр ауылдың тұрғыны өзі тұратын маңайда қайтарылған жердің кімге берілгенін немесе әлі бос тұрғанын көріп отыратын болады. Интерактивті карта жалпыға бірдей ашық болады. Басты мақсат – әр ауылдың маңайындағы жайылымдарды 10 шақырымға дейін ұзарту. Одан әрі соза беру қиын ғой, таңертең өріске шыққан мал әрі кетсе 10-15 шақырымға дейін жайылады да, қайтып оралады. Бірақ бұл бір күнде шешілетін мәселе емес қой. Алдымызда өте ауыр міндеттер тұрғанын білеміз, ширек ғасыр бойы иемденіп келген жерін ешкім оңайлықпен бере салмайды. Неше түрлі дау көбейеді. Көп жағдайда сотқа жүгіну керек болады. Дегенмен қазір бұл бағытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ауылды осы 10 шақырым жайылыммен қамтудың жолын қалай да табуымыз керек, дейді комиссия хатшысы.
19,6 млн гектар аумақты алып жатқан Қостанай облысында 10,6 млн гектар жер ауыл шаруашылығына арналған. Оның 6,2 млн гектары егіс алқабы, 136,7 мың гектар шабындық бар. Ал жайылымның көлемі – 4,2 млн гектар. Мұның көбі кезінде жекелеген адамдардың қолына өтіп кетіп отыр. «Жер аманаты» комиссиясы жайылымдарды қайтарып алу бағытында биыл да біраз шаруа тындыруды жоспарлап отыр.
– 2021 жылы жүргізілген ғарыштық мониторинг нәтижесінде республика аумағында пайдаланылмай жатқан 40 млн гектар жайылым анықталғанын білесіздер. 2022 жылдың аяғындағы мәлімет бойынша Қостанай облысындағы жайылым жетіспеушілігі 1 млн гектардан асады. Биыл облыс көлемінде тағы 330 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарда бар. Жалпы, 2025 жылға дейін жайылым жетіспеушілігін екі есе қысқартуды көздеп отырмыз, деді комиссия хатшысы Болат Сұлтанов.