Алаңда қолданылған қару, жатақханадағы жаралылар – Желтоқсан куәгерінің естелігі
Біздің бүгінгі кейіпкер Астанадағы Ұлттық музейде керамика консультанты болып жұмыс істейді. Есім-сойы – Мәлік Әбділдин. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқанымен ол туралы ешбір жерге жазып, жарияламаған қалың қазақтың бірі. Бұл адам туралы алғаш рет Алматы облысы Панфилов ауданында тұратын ардагер журналист, өлкетанушы Молот Солтанаевтан естіген едік. Бізді байланыстырған да сол кісі. Тәуелсіздік күніне орай сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
— Мәлік аға, Желтоқсан оқиғасы туралы әңгіме көп қой. Тіпті кейде әр түрлі ауыздан айтылған естеліктер бір-біріне қайшы келіп жатады. Сіз көрген Желтоқсан қандай еді?
— Әуелі әңгімені Алматыға Торғай облысынан қалай барғанымнан бастайын. Алғаш оқуға 1974 жылы 8 кластан түстім. Ол кезде Гоголь атындағы Алматы шығармашылық училищесі деп аталатын. 1978 жылы соны бітіріп, елге барып, Арқалықта жұмыс істедім. Арасында 1,5 жыл әскерге де барып үлгердім. 1985 жылы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына, керамика бөліміне түстім, яғни желтоқсан оқиғасы болған кезде мен 25-тен асқан жігіт едім. Екінші курста оқып жүрген кезім. Ол кезде заман қиын болатын. Сабақтан бос кезде «Кітап» баспасында күзетші болып жұмыс істедім. Академияның жатақханасы сол кездегі Виноградов көшесінде болатын. Желтоқсанның 16-сы күні күзеттен таңғы сағат 5.00-де шығып, жатақханаға келсем, бүкіл студент абыр-сабыр болып жатыр.
— Оған дейін жастардың көшеге шығатынын ешқайсыңыз білген жоқсыз ба?
— Ешқандай белгі жоқ еді. Ешқандай ауан сезген жоқпын. Оқиғаның басынан аяғына дейін болдым ғой, қалай басталғанын білмей қалдық.
Абыр-сабыр боп жүргендерді тоқтатып сұрасам: «Қонаевты алып тастап, өзгені әкеліп жатыр. Біз қарсымыз, алаңға шығамыз», — дейді. Елден қаламыз ба? Ілесіп кеттім. Жатақханадан шыққан 100 қаралы адам сағат 6.30 кезінде «Менің Қазақстанымды» айтып, алаңға тарттық. Космановтар көшесі арқылы Абайға шықтық та, даңғылды басымызға көтеріп алаңға беттедік. Академияның тең жартысында әртістер оқиды ғой, қаланы жаңғыртып бара жаттық. Алаңға келсек, 600-ге жуық қазақ жігіті ғана жүр екен. Қатарына әндете келіп біздің қосылғанымызға олар да қуанып қалды. Сөйтсек, олар политехникалық институттың жігіттері екен. Арасында Алматы зооветеринариялық институтының жігіттер де бар. Алаңның ортасына өте берген кезде алдымыздан ақсақалдар, ағалар басу айтып шықты.
— Ақсақалдар деп кімді айтып отырсыз?
— Енді «үш әріптің» адамдары ғой. Ол кезде КГБ дейді. «Ойбай, балалар қойыңдар. Бұл керек емес, қателік. Үкімет өзі біледі. Қайтыңдар деп «ақыл» айта бастады.
— Араларында танымал адамдар болмады ма?
— Жоқ. Олардың түрінен көрініп тұрады, сонда істейтіндері. Ақсақал дегенім, негізінен полковник шеніндегі адамдар жүрді.
— Сонда КГБ-дан арнайы жіберді деп айтты ма?
— Жоқ, олар ешқашан олай айтпайтын. Партияда, идеологияда істейміз деп таныстырды. Бірақ айтпаса да, кім екенін білетінбіз.
Түске дейін ешкім тиіскен жоқ. Сағат 11.00-ден бастап арандату басталды.
— Түске дейін алаңда жай қарап тұрдыңыздар ма?
— Ол кезде 1000-ға толмайтын адам алаңда әндетіп, ұрандатып жүрдік. Сөйтіп жатқанда арандата бастады.
— Қалай арандатты?
— Қыз-жігіттерді топтың шетінен келіп, сүйреп әкете бастады.
— Нақты кімдер сүйреп әкетті?
— Бұл кезде форма киген қызметкерлер келе бастаған. Форма кимегендері де бар. Біз олардың қолына түскендерді құтқаруға көштік. Олар өздеріне тартады, біз суырып алмақшы боламыз, сөйтіп у-шу боп кетті. 4-5 адам келеді де ақырын қалқалап алып кетеді. Біз көрген бойда ұмтыламыз. Шетінен келіп дедектетіп сүйреп әкетіп жатты. Арандату көбейген кезде алаңдағы халық та көбейген. Көбі жастар болды. Түстен кейін алаңға адам тола бастаған. Жаңағы арбасулар қойын-қолтық төбелеске ұласты. Бәрі анық есімде. Аяз қақап тұрған. Өрт сөндірушілер келіп су шашты. Қарсы тарап сойыл жұмсаған соң жастар да жұдырықпен жауап беріп жатты. Бір сәт екі жақ мәмілеге келгендей болды. «Ақүйге кіреміз» деген әңгіме көтерілді. Халықтың саны 10 мыңнан асты. Бағаналардың басындағы дыбыс зорайтқыштан Роза Рымбаеваның, Ескендір Хасанғалиевтің әнін қойып жатты. Алаңның сахнасына қазақ зиялылары шығып сөйледі.
Бір кезде трибунаға жастардың өзі шығып алды. Мен де арасында едім. Бір екі рет аяқтың астында қалып, аман шығып үлгердім. Алаңдағы жұрттың көптігі сондай, байқамасаң, тапталып қалуға болады.
Бұл күні арнайы жасақ келген жоқ. ОМОН мен милиция, өрт сөндірушілер мен КГБ адамдары көп болды. Бізге қарсы қанатта екі қатар боп тізіліп тұрды. Сол қатарды бұзып-жарып, Ақүйге кіріп кете жаздадық. «Ақүйге кірейік» деп арандатып жүрген өздері. Бірақ оған ермедік. Трибуна біздің бақылауымызға өтті, жігіттер кезек-кезек сөйлеп жатты. Қазір депутат болып жүрген Нұртай Сабильяновтың сөйлеп тұрғанын анық көрдім.
— Айтқаны көңілдеріңізден шықты ма?
— Не айтқанын білмеймін. Алаңдағы шудан кімнің не дегенін есту, ұғу мүмкін болмай кеткен. Енді бір қарасам, милиционердің біреуі бөріксіз қалыпты. Бір жас милиционер кәдімгідей еңкілдеп жылап тұр. Ондайларды арашалап та жаттық. Сөйте-сөйте қараңғы түсе бастады. Соны күтіп тұрғандай автобустар қаптай бастады. Іші толған ОМОН. Біресе төбелесіп, біресе тоқтап тұрған сәтіміз болатын. Біресе олар тықсырады, біресе біз қуып әкетеміз. Бетпе-бет тұрдық. Олардың қолында резеңке сойылдан бастап, неше түрлі құрал бар. Біз жалаң қолмен айқасып жүрміз.
Қараңғы қоюланып болған кезде алаңдағы жасақтар гректің фалангасы сияқты шеп құрып тұрды. «Камаздар» келіп қалың жасақты төгіп, олар қолдарындағы қалқанымен бізге тап беріп жатты.
— Сіздердің сандарыңыз 10 мыңнан асса, олардың саны қанша болған еді?
— Ой, олардың саны бізден екі есе көп болды. Кешке қарай алаңда артық айтқан адамға 18 мың, әйтпесе 15 мың қыз-жігіт тұрдық. Олардың саны 25 мыңның үстіне шығып кетті. Төрт қатар шеп құрып тұрды. Ең алдыңғы шепте ОМОН болды. Новосібірден, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан алғызыпты.
Екінші шепте милиция өкілдері тұрды. Құлақшындарының сыртынан каска киіп алған. Қолдарында қалқан. Ол қалқандары сондай берік. Төбелес қызған кезде алаңдағы мәрмәрді сындырып аттық. Соған да сынбай қойды.
Сондай айқастың бірінде өрт сөндірушілердің біріне тас тиіп, сылқ ете қалды. Кәдімгідей соғыс боп кетті. Мына жақта өрт сөндірушілердің көлігі жанып жатты.
Бір-бірімізге бетпе-бет келіп, сөзбен арбасып тұрған кезде қыздар алға шығып кетеді. Біз оларға «Алға шықпаңдар. Шабуыл басталса тапталып қаласыңдар» деп ақыл айттық. Сонда бір қарындасым маған: «Ей, жігітім, сен қорқақ болсаң, үйіңе бар. (Әйел болсаң дегені ғой). Тапталсам, қазақ үшін тапталам. Сенің үрейшіл ақылыңа мұқтаж емеспін», — деп салды. Аузым жабылып қалды. Сонда қазақ қыздарының батырлығына тәнті болдым. Бізден қалыспай, бірдей ұрыс салды.
25 мың қол тап бергенде жапырылып қашамыз. Қолда ештеңе жоқ. Балапан ағаштарды суырып алып қолданамыз.
Төбелес қызған кезде қыздар бізге алаңдағы мәрмәрді таспен ұрып сындырып тұрды. Біз соны қарулы жасаққа аттық. Ол кезде жасақтар кері шегінеді. Осылайша 15-20 рет бір-бірімізге шабуыл жасаған шығармыз. Кәдімгідей соғыс болды. Өмірімде оған дейін мұндай шайқас көрмеген едім.
Талайының басы жарылып, аяғымыздың асты қан-жоса боп кетті. Көбін күрекпен ұрып құлатып жатты. Арматурадан ұшталған істік кіріп сұлағандар да қаншама! Қып-қызыл қан. Көзіммен көрген дүниені сізге бірінші рет айтып отырмын. Ондайды көре-көре адамның көзіне қан толып кетеді екен. Мен соны байқадым.
Сондай тактикалық шегіністің бірінде «Жігіттер» дей берген кезімде кеудеме адамның басындай малта тас келіп тиді. Шалқамнан түстім. Маңдайға тигенде басым екіге бөлінер еді ғой дегенді ойлап қана үлгердім. Ажалдың жоқтығы ғой. Бірақ сол қолым істен шықты. Сонда да жұдырық сілтеп-ақ жүрмін. Бір қарасам, алдымда бойы екі метрдей ұлты бөлек майор тұр. Қолында жарты құлаш шыршаның діңі бар. «Ох бараны, я вам мамбетам покажу» деп кіжінеді. Қолындағы ағашты сілтегенде тигендердің бәрі құлап жатты. Маңайына ешкімді жақындатар емес. Артымнан бір жігіттің «Бұларды тобықтан қағып құлату керек» деген даусын құлағым шалып қалды. Өзі бір шалт қимылды, ықшам жігіт екен. Еңгезердей майорды елеусіз ағашпен тобықтан ұрып еді, төңкеріліп түсті. Тапап өтіп трибунаға шығып алдық. Осындай шайқас бір шақырымнан асатын шептің әр тұсында болып жатты.
Айтпақшы, сол 16 желтоқсан күнінің өзінде алаңда күш құрылымдарына қатысы жоқ өзге ұлт өкілдері де жүрді. «Теміржол деполары арнайы темірден арнайы істік дайындап жеткізген екен» деп естідік. Олар шептің ең ақырғы қатарында тұр. Арасында «шалақазақтар» да жүр.
Алаңның бір шетіне радиобайланыс антеннасы орнатылған көліктер қаптай бастады. Бір тобымыз сол майданға көмекке ұмтылдық. Ондағы мақсаттары болып жатқан оқиғаны бүкіл одаққа түсіріп, өз пайдаларына бұрмалап көрсеткісі келген сияқты. Соны сындыру керек болды. Ең үлкен антеннасы бар көлікті жігіттер қоршап алып, шопырын сыртқа атып жіберді. Мен де соларға жүгіріп келе жатқам. Алдымнан бір денелі капитан қарсы шықты. Төніп келеді екен. Қолымда ештеңе жоқ. Өзінің мұрны қан екен. Маған айбат шеге ұмтылған кезде у-шудан үйренген әдісіммен қосаяқтап тептім. Екеуміз де құладық. Ол тұра салып, жасақтарға қарай қашты. Мен жігіттердің ортасына келіп кірдім.
Түн жақындаған сайын біздің күшіміз азая бастады. Жасақ тықсыра берді. Бірақ айқын жеңе алмады. Жастардың үсті-басы көксүңгі мұз. Алғашында ет қызуымен білінбесе де, аяз өз дегенін істеуге көшті. Сағат түнгі 12-ге қарай тарау керек деп шештік. Өйткені «автолавкамен» әр жерден арақ тарата бастады.
— Кім таратты?
— Арандату керек болды ғой. Қаны қызып алған жастардың аңғалдарын шақырып алып, «тоңып жүрсіңдер ғой» деп жұтқызып жібереді екен. Жәшік-жәшік арақ пайда бола кетті. Тіскебасары бірге жүр. «Автолавкалардың» есігі айқара ашық жатты. Өздері жұтқандар қолына 1-2 құты іле кетеді де нөпірге апарып құяды. Біреуді-біреу танып болмайтын қалың нөпірді арақпен былықтыру оп-оңай екенін сонда аңғардым. Оның бәрі артынан алаңға шыққанның бәрі маскүнем деп айту үшін де керек болған екен. Кейін білдік қой. Бұлай кете берсе, іс насырға шабатын еді. Жігіттер бір-біріне тараңдар деген пәрмен беріп, тарқай бастадық. Сағат 12.30 болғанда мен жатақханада болдым. Малта тас тиген қолым бітеу сынғанын сонда ғана білдім.
Жатақханаға келсек, кіргеннен бастап қан. Әр бөлмеден ыңырсыған дыбыс естіледі. Бірінің қолы сынған, бірінің басы жарылған, шашы жұлынып, құйқасы көрініп қалған қыздарды да көрдік. Кейбір жігіттер алаңнан қайтпай қалған. Күндіз алаңда көргеніміз бар, енді жатақханадағы жағдайды көрдік. Ұйықтай алмас едік. Осындай абыр-сабыр кезінде жігіттердің бірі ертең алаңға ұран жазып шығу керек дегенді айтты. Жарамызды шала-пұла таңып бәріміз соған кірістік. Бүкіл жатақхананы адақтап жүріп оншақты қызыл материал таптық. Бірақ жазайық десек, қылқалам бар да, бояу жоқ. Ақ бояу керек еді. Ақыры бөлме-бөлмені аралап тіс пастасын жинадық. Әртістер ұранды айтып тұрды, біз әдемілеп жазамыз.
«Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек» деп келетін Лениннің өсиеті бар. Соны ерекшелеп жаздық. Осындай цитаталарды түнімен жаздық. Ол маталарға ағаштан сап істегенше таңғы сағат 7-ге жақындады. 7.00 болғанда «Менің Қазақстанымды» шырқап қайта алаңға беттедік.
— Ұран жазып шығайық дегенді ұсынған жігіттер кім еді?
— Ой, олар мықты жігіттер еді ғой. Алматы облысының тумасы Бақытбек деген жігіт болды. Желтоқсаннан кейін Петропавл түрмесінде екі жыл отырып келді. Ол түрмеден кейін Павлодарда театрға орналасты. Қасында Құрманғазы деген жігіт болды. Ол қазір Астанада. Ақтөбенің тумасы болатын. Екі жыл Колымада отырып келді. Олардың сотталуына КГБ тыңшыларының фотообьектісіне түсіп қалуы түрткі болған екен. Менің бетім көрінбей қалыпты да, айып таға алмады. Ал ол жігіттер анық түсіп қалған. Лозунг жазып, ұйымдастырушылар ретінде кетті. Сотталған баптары сол «лозунг ұйымдастыру» дегенге саяды. Нағыз батыр солар. Бақытбек қазір Алматының Ұзынағашында тұрады.
— 17 желтоқсанда не көрдіңіз?
— Кеше алаңға шықпай қалған саусақпен санарлық жігіттер бар еді. Түнде жұмыс арасында соларды көшеге шығуға көндірдік.
— Қорқытып көндірдіңіздер ме?
— Қорқытып та, ұялтып та айттық. Өйткені кешегі шайқаста талайы жараланып, талайы ұсталып кеткен еді. Бізге қатарымыздың сиремегені керек болды.
— Жарақаты ауыр болғандар ауруханаға барды ма?
— Ол жақта бүлікшілерді кім қабылдасын. Көбіміз жарақатымызға қарамай алаңда жүрдік. Соның кесірін сол қолымнан әлі тартып жүрмін. Күн бұлтты болса қақсайды. Алаңға әндетіп келгенімізбен ортасына еркін кіре алмадық. Түні бойы олар да дайындықсыз жатпаған екен. Айнала қоршап, алаңға жақындатпай қойды. Қайта төбелестік. Бірақ кешегідей шепті бұзып-жарып өте алмадық. Алаң үшін айқас түскі сағат екіге дейін жалғасқан шығар. Бір кезде қалың жасақ қойға шапқан қасқырдай бас салды. Біз кейін серпілген кезде арттағы қалың нөпірге шалынып, жел шайқаған қоғадай жапырыла құладық. Жасақ бір-біріне бастырылған жастарды түлкі соққандай ұрып алып жатты.
Сол кезде офицерлердің «Женщин не бить!» деген сөзін естігенім есімде. Ал жігіттерді тұрғызбастан тиеп жатты. Біздің топтың бағы бар екен. Алаңның күншығыс жағында тұрғанбыз. Қасымдағы курстасым екеуміз қалың нөпір жапырылған кезде аяқ астында қалатын болғандықтан екінші қабаттың биіктігіндей биіктен етекке секірдік. Аяғымыз қалай сынбағанын білмеймін. Қашқан біз ғана емес едік. Жан-жақтан қоршаған қарулы жасаққа ештеңе істей алмадық.
Сол маңда «Океан» дейтін мейрамхана болатын. 100 шақты жігіт соның терезесін шағып паналаған екен. Кейін қалай қолға түскендерін айтты. Артынан қуа келген мыңнан астам сарбаз соларды ұстап әкетпек болады. Иық тірестіріп шеп құрған жігіттер сол мыңнан астам сарбазға екі сағат бойы алдырмай қойыпты. Әбден қалжыраған кезде шетінен бір-бірден ұрып жығып әкетіпті. Ішінде Айдар деген Тараздың жігіті болды. Соның айтқанын айтып отырмын. Екі сағат айқастан кейін 100 жігітті 1000 сарбаз екі қатар шеп құрып бір-бірден орталарынан өткізген екен. Тірі дәліздің бір басынан екінші басына жеткенше әр сарбаз қолына түскен құралмен сабапты. Айдар жатақханаға келгенде көрдік. Тымағының сыртынан пышақ та ұрған екен. Тымақтың терісі қалың болса керек, тереңдеп кірмей, құдай сақтапты. Көтерілісті жаншуға келген жасақтың аяусыздығын осыдан-ақ түсінсеңіз болады.
Алаңнан ұсталмай шыққандарымыз бұл жақтан береке таппайтынымызды білдік. Енді Алматының халқын көтереміз деп ойладық. Абай көшесімен Ленин даңғылына түстік те, одан әрі педагогикалық институттың алдымен өттік. Панфилов паркін көктеп жүрдік. Қаланы басымызға көтеріп ұрандап келеміз. Айта кетейін, ол кезде Алматыдағы қазақтың үлесі 30 процентке толмайтын.
— Көшелерді көктеп өткенде қатарларыңызға басқалар қосылды ма?
— Қосылып жатқаны да бар, бұрыла қашқандары да бар. Адам баласы сасып қалады ғой. Енді Виноградов көшесімен алаңға қайта бармақшы болдық. Оған жеткізбей тұс-тұстан тап берген жасақтар ыдыратып жіберді. Кешке репрессия машинасы сақылдап іске қосылды. Біз жеңілген едік. Қас қарайған шақтан бастап көшеде қазақ көрсе болды полиция көлігіне тиеп әкетіп жатты. Оларға қыз-ұл демей ойына келгендерін жасады. Оның бәрін білесіздер. Жатақханаға келсек, бәрінің ұнжырғасы түсіп кеткен. Жеңілгеннің жайы белгілі ғой.
— Ресми тарих желтоқсанның құрбандары дегенде Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Қайрат Рысқұлбеков пен Сәбира Мұхамеджанованы ғана атайды.
— Жоға, көп қой. Алаңда өлмегенмен жатақханаға барған соң өліп жатты. Оны айтуға қорықты көбі.
— Сізді қудалау қашан басталды?
— 18 желтоқсан күні сабаққа бардық. Қолдың сынғанын білдірмеген болып жүрмін. Лозунг жазған біздің топ екенін бәрі біліп болған. Бәрімізді көп тексеріп, тінтті. Мұғалімдерімізді де қатты қысты. Әркім әр түрлі айтады. Бір-бірін ұстап бергендер де болған деседі. Ондайды өз басым көрген жоқпын. Әр топты ішкі істер бөліміне кезек-кезек шақырып жатты. 19 желтоқсанда біз де бардық. Кеше ғана өмірден өткен Асқар Наймантаевтар бар, бәріміз бірге жауап бердік. Асқар марқұм алаңда арыстандай ақырып алысқан жігіттердің бірі еді.
20 шақты адам едік. Милиция бөліміне кіріп келгенде ұрып қарсы алады екен. Оны шыққандар айтып жатты.
Сыртымыздан тыңшылар суретке армансыз түсіргенін сонда көрдік. Қалың фотоның ішінен сені іздейді. Мен суреттерден өзімді таныдым. Бірақ ту сыртымнан түсіріпті. Мен емес деп бой бермей кеттім. Ал беті-жүзі түсіп қалған Құрманғазы, Бақытбек, Сәттібек, Төлеген, Бексейіт сияқтылар шырылдап кетті. Кейін шақыртамыз деген, бармай қойдым. Ол кезде соттайтын адамдарын жинап үлгерген еді. Мен нағыз қудалаудан солай аман қалдым. 20 мың адамның бәрін соттай алмайтын еді. Біздің институттың өзінен 7-8 адам сотталды. Нақты менің тобымнан Тоқтар және Жарқынбек деген Қарағандының жігіттері кетті. Екеуі де қазір скульптор. Тоқтар Астанада, Жарқынбек Германияға көшіп кеткен. Екеуі де екі жылға кетті. Жарқынбек Колымада, Тоқтар Петропавлда жазасын өтеп шықты деп естідім.
— 19 желтоқсан күні қудалаудан аман шықтыңыз ғой сонда?
— Иә, періштем қағып аман шықтым.
— Дегенмен, қасыңыздағылардың бәрі сотталып жатқанда сіз қалай аман қалдыңыз?
— Мен 1957 жылғымын. Курстастарым 18-19-дағы бала болса, мен ақыл тоқтатып қалған едім. Біздің алдымызда тергеуге кіріп шыққандардың айтқан ақыл-айласын пайдаланып бақтым. Сарбаздар «Бұл да алаңда болған» деді. Мен «Дәлелде» деп шып-пыр болдым. Фотоларды ары қарап, бері қарап маған ұқсайтын сурет таппады. Мен одан сайын бастырмалатам. Болмаған адамның обалына қалмаңдар, болған жоқпын» деп шырылдаймын.
Тергеуден келген соң оныншы шағын ауданда туысқан апам тұратын. Соның үйіне кеттім. Өйткені жатақханада қауіпті болып кетті. Күн сайын орта жастағы қазақ келіп ұйқыға жатқанша аңдиды. Онысымен қоймай ашқұрсақ студенттің тамағына ортақтасады.
— Апаңыздың үйінде қанша болдыңыз?
— Ол үйде 2-3 күн жатып алдым. Мұғалімдерге салқын тиіп, ауырдым деп жауап бердім.
— Сізді сол күйі қудаламады ма?
— Жоқ. Соттайтын адамдарын соттап болған еді.
— Адам көп өлді дегенді айттыңыз ғой. Ресми тарихта айтылмайтын есімдерді білесіз бе?
— Ондай дерек айта алмаймын. Нақты дәйегім жоқ. Сол кезде трамвай депосында бір қазақ жігітінің өлгені туралы ақпарат тарады. Марқұм сол депода істеген бе, әлде милициядан қашып кіре ме… 16-17 желтоқсаннан кейін көшеде қазақ көрсе аң қуғандай аулады ғой. Алаңға шықпаған, бейсауат жүрген қанша қазақ зардап шеккенін Құдай біледі. Әлгі жігітті тықсырған кезде трамвай вагонының астына кіріп кетеді. Сонда қаумалаған тобыр темір істікпен піскілеп өлтірген деп жүретін. Оны сол кезде Алматының бәрі айтып жүрді. Біздің академияның төмен жағында, Төле би даңғылы жақтағы депода болған оқиға деп естідік.
Оны сіз бен бізге ешкім айтпайды. Тізімнен жоғалтып жібереді. Туыстары да жоқтай алмаған болуы керек. Ондай жағдайлар өте көп болды.
— Қазақтың мысын басу үшін ұлты қазақ емес жұмысшылардан дружиналар жасақталғаны нақты құжаттармен дәлелденді ғой. Ол жайында не айтасыз?
— Дружина бер жағы. Бір кездері үндіс аулаған еуропалықтардай түнде шығатын болды. Тұмшаланып киініп, қолына арматура мен сойыл алып топтасып жүреді. Таяқ жемеген қазақ аз шығар. Шырылдатып сүйреп бара жатқанын бәрі терезеден көріп отырды. Көтерілістен кейінгі алғашқы 18-19 желтоқсанның түндерінде жаппай репрессия болды. Жігіт көрсе майып қылып сабады, қыз көрсе зорлады. Ондай мәлімет көп болды.
— Желтоқсаннан кейін араларыңызда хабарсыз жоғалып кеткендер болды ма?
— Жоқ ондай дерек болған жоқ. Айгүл дейтін бір ауылдас қарындасым Қыздар педагогикалық институтында оқыған. Сол Торғайға барғанда «Мәлік аға алаңның ортасында «Қазақ халқына қазақ басшы» деп айғайлап тұрды» деп айтып барыпты.
Жазғы демалыста барсам әке-шешем соны айтып күледі. Бәріне әрең қойғыздым. Сотталып кетуім мүмкін екенін білген соң ғана тоқтады.
Сол кезде Өнер академиясында оқыған жастардың бәрі қазір өз саласында шетінен танымал әртіс, суретші, режисер, мүсінші ғой. Соның бәрі 100 пайыз Желтоқсанға қатысты десем артық емес.
— Маған сіздің осынша оқиғаның ортасында болсаңыз да, қазір Астанада өнердің ішінде жүрсеңіз де, 35 жылдың ішінде бірде-бір журналиске сұхбат бермегеніңіз, бір де желтоқсаншылар жиынында суырылып сөйлемегеніңіз қызық болып отыр. Мұны үрей дейміз бе, әлде басқа себебі бар ма?
— Мен алаңға біреуден атақ сұрап, құрмет көру үшін немесе ерлік жасап тарихта қалу үшін барған жоқпын ғой. Бәріміз де сөйттік. Сондықтан желтоқсанға қатысқанымды ешкімге бұлдағым келмейді. Мен алаңға шықсам өзім үшін, ішімдегі ар-ұятыма жауап беру үшін шыққан шығармын. Сол үшін сұхбат беріп, қоғам назарына ілігуге тырыспадым. Мен сияқты желтоқсаншылар өте көп. Солардың бірі ғанамын. Молот ағаларың айтпаса, сендер де білмес едіңдер.
— Бүгінгі күннің биігінен қарап көрейікші. Сол кезде алаңға шыққан жастарды үстінен қуыршақты жіппен басқаратын адам сияқты айдап салып отырғандар болды ма?
— Өз басым ересектердің ашық насихат жүргізіп, үгіттегенін көрген жоқпын. Түнгі күзеттен түскен бойда алаңға шыққандарға ілесіп кеткенімді айттым ғой. Ал енді қазір жасым 66-ға келді. Осы жасқа дейін біраз өмір көрдім. Сол тәжірибеме салып, қисынмен қарасам, саясаттың бір тармағы осы екен. Қайткенде де сырттан ұйымдастыру болды дегенге келісем. Онсыз болмайтын еді. Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желі, чат деген жоқ. Алматыдағы бүкіл жатақханаға бір уақытта хабар беру мүмкін емес еді. Бірақ ол жастар сөзге ерді деген сөз емес. Әрқайсымыздың ішімізде ыза-кек тынып жатқан. Ол ыза-кек қайдан пайда болғанын тарихтан білесіздер.
— Желтоқсан әсерінен жан дүниеңіз арылды деп айта аласыз ба?
— Олай айту қиын. Қаншама күн шошып оянып жүрдік. Көзімді жұмсам алаңда көрген қан-жоса майдан тұра қалатын. Екі жыл бойы ұйқым дұрыс болған жоқ. Өмірімнің 10 жылын оқуға беріппін. Кейін заман тынышталғанда Мәскеуге жіберді. Сонда білімді жетілдіруім керек еді. Арнайы жолдамамен жіберген. Бірақ Мәскеу кері қайтарды. 1986 жылы Алматыда оқығаным үшін қабылдамады. «Қатысқаныма дәлел сұрасам, сол жылы Алматыда оқып, көтеріліске қатыспау мүмкін еместігін» айтты. Ол сөздің жаны бар.
— Сұхбат басталмай тұрып сөзден гөрі кескінмен айтқанды жақсы көрем деп едіңіз. Желтоқсанда көргендеріңізді мүсін немесе ескерткіш етіп қалдыру ойыңызда жоқ па?
— Ондай ой бар. Бірақ не айтам, қалай айтам, оны әлі толық пісіріп болған жоқпын. Бірақ аман болсам, бір туынды арнайтыным анық.
— Сол күнге жетуіңізге тілектеспін.