Қалалар мен елді мекендерді абаттандырудың үлгілік қағидалары енгізілді

0
16

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізілгенін хабарлады.

Ол осы құжат шеңберінде жаяу жүргіншілер, мүгедектер, велосипед көлігі үшін басымдықтар, үй жануарларын серуендетуге және оларды тазалауға, био-дәретханаларды орнатуға және күтіп ұстауға, жолдарды күтіп ұстауға, ғимараттар мен құрылыстардың сыртқы келбетіне қойылатын талаптар белгіленгенін атап өтті.

«Қағида талаптарын күшейту мақсатында әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып абаттандырудың өңірлік ережелері бекітілді», — деп түсіндірді Қанат Шарлапаев.

Бұдан басқа, өңірлік саясатты жетілдіру үшін «Қалаларды кешенді салу стандарты» әзірленді. Стандарт сапалы, қолжетімді тұрғын үй және көпсалалы құрылысты енгізу және жайлы қоғамдық кеңістіктерді құру үшін нұсқаулық болып табылады. Құжат барлық жергілікті атқарушы органдарға қалалық аумақтарды дамыту мен салудың егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеуде басшылыққа алу үшін жіберілді.

Сондай-ақ Қанат Шарлапаев өнеркәсіп кәсіпорындарының қоршаған ортаға теріс әсерін азайту жөніндегі шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша, Экологиялық кодекске сәйкес Министрлік жетекшілік ететін салаларда 17 кәсіпорын ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуі тиіс. Бұл қоршаған ортаға әсерді азайтуға және кәсіпорын қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Бүгінгі таңда оның бесеуі бағдарламаларын бекітіп, кезең-кезеңімен іске асыруға кірісті. Биыл металлургия саласындағы тағы үш кәсіпорын бағдарлама қабылдауды жоспарлауда. Бұдан басқа, өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсартуға, оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың атмосфераға шығаратын ластаушы заттарды азайтуға белсенді қатысуы байқалады», — деді министр.

Кәсіпорындар жыл сайын қалалық және аудандық аумақтарды көгалдандыруға, сондай-ақ елді мекендерді абаттандыруға бағытталған іс-шараларға қатысатыны атап өтілді.

Мысалы, «Үлбі металлургия зауыты» соңғы 5 жылда экологиялық мақсаттарға 2,7 млрд теңге бөлді.

Өткен жылы «Qarmet» $3,5 млрд-ты құрайтын ұзақ мерзімді бағдарлама қабылдады. Ол негізгі технологиялық және экологиялық жабдықтарды жаңғыртуды көздейді.

Сонымен қатар басқа да ірі кәсіпорындар жыл сайын қоршаған ортаны қорғау бойынша жұмысты күшейтуде.

Жыл сайын кәсіпорындар қалалық және аудандық аумақтарды көгалдандыруға, сондай-ақ елді мекендерді абаттандыруға бағытталған іс-шараларға қатысып, экологиялық жауапкершіліктерін артуда.

Мәселен, Tugan Qala жобасы аясында ERG компаниясы жалпы инвестиция көлемі 690 млн теңгеден асатын балалар және спорт алаңдары, ескерткіштер, муралдар, қайық станциялары және өрмелеу қабырғалары секілді 97 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Сонымен бірге былтыр компания 2 млн-ға жуық жасыл желектер отырғызды.

Solidcore Resources (Polymetal) өткен жылы Қостанай облысында 500 гектар алқапқа орман отырғызу бойынша пилоттық жобаға бастамашы болды. Бұл аумақ 1,5 мың гектарға дейін ұлғайтылып, жаңа орман алқабы пайда болады. Осыған ұқсас жобалар Павлодар мен Абай облыстарында да жоспарлануда. Бірінші кезеңде инвестициялардың жалпы көлемі $5,3 млн-ды құрайды.

Өткен жылы «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Qarmet» 10 мыңнан астам көшет отырғызды. Жалпы, 2022 жылдан бастап компания 1 млн-нан астам ағаш отырғызудың бастамашысы болды. Компанияның экологияны жақсартуға қосқан тағы бір маңызды үлесі – Теміртаудағы трамвай қатынасын қайта жаңғырту. Трамвай жолдары мен электр желілері толығымен ауыстырылды, 4 жаңа вагон іске қосылды. Наурыз айының соңына дейін жұмыстар аяқталып, қосымша 4 вагон пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ «Карцемент» Қарағанды облысының Ақтау ауылында 150 көшет отырғызды.

Әлеуметтік жоба аясында «Kazzinc» мектептерді, ауруханаларды абаттандыруға, балалар мен спорт алаңдарын салу үшін 1,5 млрд теңге қарастырды.

«Министрлік ең үздік қолжетімді технологияларды іздеу және енгізу арқылы өнеркәсіптің қоршаған ортаға әсерін азайту бойынша жұмысты жалғастыратын болады», — деп түйіндеді Қанат Шарлапаев.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ