Алаяқтар қазір жасанды интеллектінің көмегімен алдайтын болған — сарапшы

0
143
Фото сарапшының жеке мұрағатынан

 — Елімізде интернет-алаяқтық азаймай тұр. Тығырыққа тірелгендерді әңгімеге тартсаң, көбінің мәселесі шағын қаржы ұйымдарымен байланысты. Алаяқтар бірнеше несие ресімдеп, қолына ұстап көрмеген ақшаны мойнына іліп берген. «Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы Жандос Әзімбай агенттік тілшісіне жасанды интеллектің қаупі жайлы айтып берді.

Нарық қыспаққа алғанда екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатқан жоқ. Мұндай жағдайға көбіне зейнеткерлер тап болады.

Алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, «есепшотыңыздағы қаражатты алаяқтар шешіп алайын деп жатыр» деп қара бұлтты төндіріп, қарттарды қапы қалдырып жатады. Жастардың өзі әп-сәтте алданып, сан соғуда.

Жандос Әзімбайдың айтуынша, өткен ғасырдың 90-шы жылдары қаланың адамдар көп шоғырланған орындарында «алик-малик шарик» ойыны кең тарап, «дай погадаю» деп сығандар жүретін болса, қазір олардың орнын интернет-алаяқтар басқан.

«Жасанды интеллектің шығуы интернет-алаяқтықтың өршуіне түрткі болып отыр. Себебі, ЖИ адамның түрін, дауысын келтіре алады. Алаяқтар соны пайдаланып, жақын араласатын адамдар арасында хабарлама жіберіп, қаражат аударуды өтінеді. „Сақтықта қорлық жоқ“ деген мақалдың жаны бар. Әр адам барынша сауатты болу керек», — дейді Ж. Әзімбай.

Адамдардың көбі «Өзі кінәлі. Қалай алданып қалады екен?» деп жатады. Бірақ, тұрғындардың бәрінің бірдей құқықтық сауаты жоғары емес. Кейбіреуі сенгіш келеді. Жаратылысы сол.

Әдетте алаяқтардың құрығына түсіп жататын — сондай санаттағы адамдар. Алаяқтар да түрлі айла-амал қолданып, тіпті соңғы кезде құқық қорғау органдарының атынан хабарласатын болған. Қалай сеніп қалғаныңды сезбейсің.

«Қазір жоғары оқу орындарында „киберқауіпсіздік“ пәні енгізіліп жатыр. Бұл — болашақтың мамандығы. Полиция департаменттерінде арнайы бөлім бар ма, жоқ па, белгісіз, бұрындары ҰҚК-да киберқылмыспен айналысатын арнайы қызмет болатын. Не десек те, жасанды интеллект арқылы жасалатын киберқылмыстарға барынша тосқауыл қою қажет. Әйтпесе, туған анаңның дауысын салуға қабілетті бұл жүйе талай адамды сан соқтырары анық», — дейді сарапшы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ