Алматы қаласының халықаралық және аймақтық рөлі қандай болмақ?

0
9

«Тұран» университетінде «Халықаралық және аймақтық әлеуметтік шиеленістер және оларды бейбіт жолмен шешудің жолдары» атты стратегиялық сессия өтті. Фасилитация форматында өткен сессияға ғалымдар, сарапшылар, студенттер және т.б. қатысты.

Сессияда «Аймақтану және халықаралық қатынастар» кафедрасының меңгерушісі Жеңісбек Төлен фасилитатор болды.

Бұл «Халықтың саяси мәдениетін арттыруға бағытталған тақырыптық іс-шаралар өткізу» атты жобаның алғашқы стратегиялық сессиясы болғандықтан, іс-шараның басым бөлігі халықаралық және аймақтық әлеуметтік шиеленістердің Алматы қаласына ықпалына арналды. Себебі мегаполис тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, тек республикалық емес, халықаралық маңызға ие. Әлемдегі ірі державалардың арасындағы санкциялық соғыстар, COVID-19 дағдарысы Алматы қаласының тыныс-тіршілігіне орасан әсер етіп жатқанын көз көріп отыр. Сессия қонақтарының талқысы осы мәселелер төңірегінде өрбіді.

Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері, толыстағы полковник Мұхамеджан Әбдібеков «Аймақтағы әлеуметтік мәселелерді шешудің алғышарттары» атты баяндамасында осы саладағы проблемаларға тоқтала келіп, олардың алдын алуға қатысты ойларын ортаға салса, саясаттану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шәріп Ишмухаммедов Алматы қаласында өмір сүріп жатқан әртүрлі этнос өкілдері арасындағы ынтымақтастыққа тоқталды.  М.Әбдібековтың ойынша Алматы қаласы халықаралық және аймақтық оқиғалардан тыс қала алмайды, бірақ оған позитивті түрде ықпал ете алады деп санайды. Ш.Ишмухамедовтың сөзінше Елбасы Н.Назарбаевтың ұлтаралық саясат модельі өз жемісін беріп, қазір қалада сан түрлі ұлттар тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Профессор Кенже Торланбаева орталық азиядағы қауіпсіздік туралы ой қозғай келіп, Алматы қаласы осы аймақтағы мәселелерді шешуге белсенді үлес қосу керек екенін атап өтті. Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Нұркен Айтымбетов саяси мәдениетті Алматы қаласы тұрғындарын ұйыстырушы фактор ретінде ұсынды. Ол осы тақырыпта диссертациялық еңбек жазған маман болғандықтан, оның ұсыныстары басқа қатысушылар тарапынан жылы қабылданды. Саясаттанушы Эльмира Назирова қақтығыстардың түрлері туралы әңгімелеп, олардың кейбірі біз өмір сүріп жатқан қалада да көрініс беруі мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар сессияға «Болашақ» бағдарламасының екі түлегі – Н.Нышанбаев пен Ж.Ағыбай қатысып, Алматы қаласының Жаһандасу процесінде алатын орны туралы баяндама оқыды. «Алматы қаласы тұрғындарының санасындағы оккультизм» тақырыбында зерттеу жүргізіп жүрген Қазақстан гуманитарлы-саяси коньюктура орталығы өкілі, саясаттанушы М.Нұровтың сөзімен сессия аяқталып, қорытынды сөзді фасилитатор, саясаттанушы Ж.Төленнің өзі айтты.

Сессия соңында арнайы ұсыныстар мен олардың шешу жолдары  әзірленіп, ол жауапты мекемелерге жолданатын болды.

Айта кетейік, сессияны Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының және «Тұран» университетінің қолдауымен «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Қ.Қарабаев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ