Алматы-Қарағанды автомобиль жолы қашан толық пайдалануға беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Алматы-Қарағанды автомобиль жолы қашан толық пайдалануға берілетіндігін мәлімдеді.
«Қарағанды-Алматы автожолының бөлігіне қатысты айтар болсақ, 2019 жылдан бері аталған учаскеде 4 жолақты қозғалыс, қарама-қарсы қозғалысты бөлетін кедергі жақтаулар қарастырылған ІІІ-тен І-б техникалық санатқа ауыстыру үшін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген компанияның агенттік сауалына берген жауабында.
Мекеме мәліметінше, жаңғыртылатын автомобильдің ұзындығы 946 шақырымды құрайды. Ол мынадай 4 негізгі учаскеге бөлінген: Қарағанды-Балқаш (363 шақырым), Балқаш-Бурылбайтал (288 шақырым), Бурылбайтал-Күрті (228 шақырым), Күрті-Қапшағай (67 шақырым).
«Бүгінде 846 шақырымда қозғалыс қамтамасыз етілген. Кезең-кезеңмен пайдалануға беру жоспары мынадай: 2023 жылы 208 шақырым пайдалануға берілді (Балқаш-Бурылбайтал 1,2,5 учаскелері – 127 шақырым, Бурылбайта-Күрті 2-учаске – 81 шақырым). Ұзындығы 738 шақырым болатын қалған учаскелерді 2024-2025 жылдары аяқтау жоспарланып отыр», – деп нақтылады компаниядан.