Алматыда қаржы пирамидасын құрған топқа қатысты тергеу басталды

0
208
Фото: ашық дереккөз

«Sincere System Group» (S-Group) компаниясының өкілдеріне қатысты қаржы пирамидасын құрып, оны басқарды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеуді Қаржылық мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті бастады.

Агенттіктің хабарлауынша, қызметкерлер белсенді азаматтардың қатысуымен компанияның қызметін ерте кезеңде тоқтатып, бұл алданған инвесторлардың санын азайтуға мүмкіндік берді.

S-Group компаниясының өкілдері салымшыларға айына 6%-дан 8%-ға дейін немесе жылына 70%-дан астам жоғары кірістілікке уәде берді. Депозиттің ең төменгі сомасы 100 АҚШ доллары болды. Сондай-ақ, салымшыларды тартқан жағдайда соманың 5 пайызы көлемінде кепілдендірілген кіріс қарастырылған.

Бұл ретте клиенттерге ақшаны қабылдау фактісін растайтын құжаттар мен келісімдер ұсынылмаған, салым сомасы жеке кабинетте цифрлық түрде көрсетіліп, салынған қаражатты алу мүмкіндігі болмаған.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілерге қатысты «қамау түріндегі» бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Егер сіз және сіздің туыстарыңыз «S-Group» компаниясының қызметінен зардап шексе, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне немесе ҚМА call-орталығына хабарласыңыз, – делінген хабарламада.

Конституцияның 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Дастан ЖҰМАБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ