Алматыда екі жұмысшы кәріз құдығында уланып өлді
Алматыда екі адам кәріз қалдығында уланып өлді. Жетісу базарының жұмысшылары қалдық су жиналатын шұңқырды тазалауға түсіпті. Бірақ улы газдан екеуі де сонда есінен танып, құдықтан шыға алмай қалған. Сол маңдағы саудагерлер олардың нәжіс толы құдыққа еш жабдықсыз түскенін айтады. Қауіпсіздік шарасының неге сақталмағанына базар басшылығы жауап бере алмады, деп хабарлайды КТК арнасы.
Базардың екі қызметкері күні кеше кешкі сағат беске таман кәріз құдығын тазалауға кіріседі. Төмен қарай алдымен біреуі түсіп, көп ұзамай улы газдан есінен танып құлаған. Екіншісі көмекке ұмтылғанымен, ол да сонда талып қалған. Екеуінің нәжіс толы шұңқырда жатқанын сол маңдағы саудагерлер көрген. 10 минуттай алысып, әзер шығарыпты. Алғашында демі болғанымен, кө ұзамай жан тапсырған.
«Өзім бірінші көмек көрсеттім. Екеуінің де жүрегіне массаж жасадым, жедел жәрдем жеткенше. Артынан үзіліп кетті. Бастықтары «тазала» деп, тазалауға келген. Бірақ қауіпсіздікті сақтамаған, бастықтары да сақтамаған. Ол жерге қандай жағдайда да жұмысшының аузына распиратор алып беру керек еді. Тұншығып қалу қаупі бар. Тайып кету қауіпі бар. Қауіпсіздік белдігін алып беру керек еді», – дейді саудагер Ақбөпе Қызайбекова.
Марқұмдардың бірі 55-те, екіншісі 44 жаста. Кішісінің артында жұбайы мен 8 баласы қалды. Тоғызыншысына жүкті екен. Қазір осы қайғылы оқиға бойынша полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.
«Аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 156-бабы 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Еңбек қорғау тәртібін бұзу дерегі. Түрксіб ауданы ПБ арнайы тергеу тобы құрылды», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Сараптаманың қорытындысынан кейін ақ-қарасы анықталады. Екі адамның өліміне әкелген еңбекті қорғау қағидаларын бұзу бабына сәйкес жауаптылар 7 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.