Ана мен баланың амандығы – аманат

0
389

Ана үшін құрсақтағы перзентін аман-сау дүниеге әкеліп, бауырына басып, құшырлана иіскеуден асқан бақыт жоқ шығар, сірә? Олардың осы бір шақты алаңсыз сезінуі үшін ана мен баланың денсаулығына жауапты дәрігерлер жанын салып жәрдемдеседі. Акушер-гинеколог дәрігер Гүлнұр Нұрғалиева салада жылдар бойы жиған тәжірибесіне қарамай, күні бүгінге дейін жұмысқа бісмілләсін айтып кіріседі. Мұны біз бір жағы мамандыққа адалдық деп бағаласақ, екіншіден, ана мен бала өміріне деген жауапкершілік деп түйдік.

Гүлнұр Нұрғалиева – Шымкент қала­сы­ның тумасы. Көпбалалы отбасында өскен. Алтын құрсақты анасы төрт ұл, төрт қыз сүйген. Әке-шешесі 40 жыл мектепте ұстаздық еткен. Ал өзі мұғалімдік жолды таңдамай, дәрігер болуға аңсары ауған. Оңтүстік Қазақстан медициналық ака­демиясының түлегі. 2001 жылы об­лыс­тық перинаталды орталықта акушер-гинеколог дәрігер болып еңбек жолын бастаған. Мамандығының майталманы болуға құштар ол елордада «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы ашылды деген хабарды естігеннен-ақ сонда жұмыс істеуге ниеттенген. Ақыры арманына жетіп, ол 2008 жылдың мау­сымында орталықта жұмысын жал­ғап­­ты. Медицина өркен жайған заманда дә­рігерлер жаңашылдыққа сақадай сай, әмбебап болуы шарт. Кез келген жағдайда әйелдің босануы қиындауы мүмкін ғой. Мұндайда дәрі­герлер сөзге келмей операцияға қам­да­на­ды. Ана мен бала орталығына жүкті әйел түскенде дәрігерлер оның бұған дейінгі және қазіргі ахуалына қатысты де­ректерді қо­рытып, диагноз шығарады. Г.Нұр­ға­лие­ва­ның жұмысының тағы бір қиын тұсы  Ана мен бала орталығында көбі­не-көп әр өңірден ауыр жағ­дай­дағы аналар келіп босанады.

«Біздің орталыққа Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау облыстары қарайды. Сондағы диагноз бойынша келген әйелдерді қабылдаймыз. Олар экстрагениталды патологиясы бар, яғни іш құрылысы, жүрек қантамыр жүйесі, тыныс алу жүйесі, бүйрек, ас қорыту жүйесі зақымданған, ми жарақаты, тіпті басына қан құйылған әйелдер болуы мүмкін. Осындай жүкті әйелдер бізде босанады. Сол секілді балаларда кейде туабітті анық­талатын ақауларға байланысты жү­рек қантамыр жүйесі, несеп шығару жүйесі, әртүрлі ісіктер патологиясы болуы мүмкін. Сосын бізде шала туған балаларды әрі қарай жетілдіріп отыратын неонатология бөлімшесі бар. Мысалы, әйел 37 аптадан кейін босанса, мерзіміне жетіп босанған болып есептеледі. Ал оған жетпесе, нәресте шала туған болып саналады. Бізде жүктіліктің 25-аптасында босанған аналар болды. Балалар анестезиолог-реаниматологтерінің көмегімен салмағы 500 грамнан асқан шақалақты жетілдіруге болады. Бұрын 1 килодан (1000 грамм) асқан нәрестелер ғана бала болып саналған екен. Жүктіліктің 25, 26-аптасында бо­сан­ғандарға медицинада преэклампсия деген диагноз бар. Оның жеңіл және ауыр дәрежесі деген болады. Ауыр түрінде әйелдерде ісік пайда болады, қан қысымы көтеріледі. Мұндай жағдайда біз қолдан келгенше ананың жағдайын бақылап отырып, жүктіліктің мерзімін созуға тырысамыз», дейді дәрігер.

Жүкті әйелдер босанғанға дейін бір­не­ше рет тексеріледі. Ананың ден­сау­лығында жүктілікке қайшы келетін жүрек ақауы, қатерлі ісік, бауыр, бүй­рек аурулары болмауы керек. Егер мұн­дай аурулардың белгісі байқалса, бір­не­ше дәрігер бас қосып кеңеседі. Яғни дә­рігерлер әйелге босану кезіндегі кедер­гі­лер­ді айтып ескертеді. Амал жоқ, әйелдің жүктілігін күштеп тоқтата алмайды. Тек ананың денсаулығын жіті бақылауға алады. Бұдан әрі әйелдің жағдайы тіпті на­шарласа, үш дәрігер кеңесіп, жедел шешім қабылдайды. Бірақ осы шешім туралы барлық ақпаратты ананың туыстары біліп отырады.

«Жаңылмасам, 2009 жылы болса керек. Шым­кентте жұмыс істеп жүргенімде, әдет­­тегідей, жүкті әйел келіп түсті. Боса­ну залына қабылдадық. Ананы көрдік, құрса­ғында егіз бала барын білдік. Себебі бізге дейін дәрігерлер, ананың өзі де егіз деп келген. Бірінші, ізінше екінші бала дүниеге келді. Сонда бізде үшінші бала бар деген күмән болды. Содан тағы қарасақ, расымен үшінші бала бар болып шықты. Осылай үшем дүниеге келді. Аман-сау өзі босанды. Тағы сол Шымкентте жүкті әйелді бір палатадан екіншіге ауыстырар шақта қашып кеткенін білдік. Аурухананы айналып, таба алмадық. Оның өміріне жауапты біз. Жұмыстан соң қасымда тағы бір дәрігер бар, Сайрам ауданындағы жүкті әйелдің мекенжайына тарттық. Біз әуелі әйелдің атасымен сөйлесіп, жағдайдың ауыр екенін түсіндірдік. Кейін келін жасырынған үйге бардық. Дарбазаның арғы жағында күйеуі әйелін оңайлықпен жібергісі жоқ. Әйелінің айы-күні жетпей босануына қарсы болып тұр. Амал жоқтан полиция шақырамыз деп жатып, көндіріп, ауданның жедел жәрдем көлігімен қалаға жеткіздік. Әйелден жүктіліктің асқы­нуы байқалып, перзентханаға жеткенше құсып келді. Қан қысымы 180-ге бір-ақ көтерілген екен. Әрине, кейін бала шала туылды. Бірақ әрі қарай жетілді, үйі­не­ шықты. Сол уақытта күйеуіне есік аш­қа­ны үшін алғыс айтқанымыз бар», деп еске алады акушер-гинеколог.

Салада жылдар бойы еңбек етіп, тәжіри­бесі толысқан Г.Нұрғалиева кез келген оқыс жағдайда бірден дәрігерді кінәлауға болмайды дейді. Себебі сәтті босану көп жағдайда ананың денсаулығына байланысты екен. Олар уақтылы дә­рі­герге қаралып, күтінсе дұрыс. Ал дә­рі­гер­лер ана мен баланы аман алып қалу үшін қолдан келгеннің барлығын жасап бағады. Мысалы, Г.Нұрғалиева күні бүгінге дейін жұмысқа оң аяғымен кіріп, «осындағы ана мен балаларды Аллам аман сақтасын, аналар сәбиін бауырына бассын» деп ниет етеді екен.

Акушер-гинекологтердің әр күні күр­делі. Тәулік бойы кезекшілік етеді. Кезекшілікті екінші дәрігерге өткіз­ген күннің өзінде үйге жетер-жетпес­тен пациенттердің ахуалына алаңдап, телефонға елеңдеумен болады. Орайлы сәтте Г.Нұрғалиева еңбек жолын баста­ған­да қасына ілестіріп, мамандыққа бау­лыған Махаббат Момынова, Нұрлан Жүсіпов, Алтынай Бегманова сынды дәрі­герлерге алғысы зор екенін айтты. Ізінше саладағы дәрігерлердің еңбегі табысты болсын деп, ана мен баланың амандығын тіледі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ