Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл: ғалым туралы 10 дерек

0
85

Ұлы ғалым, академик, геолог Қаныш Сәтбаев 1899 жылы дүниеге келген. Биыл оның туғанына 125 жыл толуына орай 10 түрлі дерек ұсынамыз, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

 

Бірінші дерек. Ғалымның азан шақырып қойған аты Ғабдул-Ғани болған. Анасы еркелетіп Ғани, Ғаныш атап жүріп, ел-жұртқа Қаныш аталып кеткен екен.

 

Екінші дерек. Ол еңбек жолын Алаш арыстарының қатарында жүріп бастаған. 1918 жылдың күзінде Земство басқармасының қаржысымен Алаш қалашағында ашылған ауылдық қазақ мектептеріне мұғалім дайындау курсында сабақ берген. Курс бастығы – Троицк медресесін тәмамдаған Мәннан Тұрғанбаев, оқу ісінің меңгерушісі – Жүсіпбек Аймауытов. Жүсіпбекпен Қаныш Павлодар мен Семейде сыныптас боп бірге оқыған екен.

 

Үшінші дерек. Қаныш 21 жасында туберкулезге ұшырап, Теңдік деген өз ауылында жатып, екі жылға жуық қымыз ішіп емделген. Ол сол кезде қазақ тіліндегі алгебра оқулығын жазуды бастайды. Оқулық жазу жұмысын ол 1954 жылы аяқтаған.

 

Төртінші дерек. Ол Баянауылда халық сотында істеп жүргенде 1921 жылы емделу мақсатында осында келген совет геологі Михаил Усовпен танысады. Оның геология туралы әңгімелері қатты қызықтырған жас жігіт істеп жатқан жұмысын тастап, Томскідегі техникалық институтқа түседі.

 

Бесінші дерек. Қаныш Сәтбаев оқудың біраз бөлігін үйінде жатып оқыған. Бұған себеп оның туберкулезінің асқынуы еді. Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітірерде де ол денсаулығына байланысты емтиханды экстернмен тапсырған. Ал Томск технологиялық институтындағы оқуын да 1922 жылы жарты жыл үйден оқыған. Оның бұлай оқуына Усов көмек қолын созыпты.

 

Алтыншы дерек. Ол қазақтан шыққан тұңғыш геолог. Қазақ ССР Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті.

 

Жетінші дерек. Қаныш Сәтбаев халық мұрасын өте терең меңгерген өнерпаз да болған. Ол 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағына 25 әнді өзі орындап енгізіп, орыс тілінде ғылыми түсініктеме берген.

 

Сегізінші дерек. Қ.Сәтбаев  геология ғана емес, этнография, фольклор, тарих секілді ғылым түрлерімен де айналысқан. Ол Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтінін қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясы негізінде қайтадан дайындаған. Ғұлама ғалым Ұлытау өңіріндегі тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштерді зерттеді. Жезқазған – Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбек жазды.

 

Тоғызыншы дерек. Ол Жезқазған мыс кен орнының қоры бұрынғы болжанғанынан әлдеқайда көп екенін дәлелдеді. Осы жаңалығы үшін ССРО-ның жоғары мемлекеттік награда – Ленин ордені берілді. Ол осы орденмен жалпы 4 рет  марапатталған. Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталып, ССРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының иегері болған.

 

Оныншы дерек. «Халқым менен де биік» афоризмін Черчиллмен кездескенде айтқан. 1947 жылы наурызда Қаныш Сәтбаев ССРО Жоғарғы кеңесінің депутаттары қатарында Лондонда Уинстон Черчиллмен кездеседі, Сәтбаевты көрген Черчилл оның зор денесіне таңданып: «Өзге қазақтар да сіз сияқты бойшаң ба?» деп сұрағанда академик: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын! Халқым менен де биік!», – деп жауап берген екен.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ