Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
– Осы аптаның ішінде еліміздің жергілікті атқару органдарында және басқа да салаларда кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат агенттігі 6 наурыздан бері болған тағайындауларға шолу ұсынады.
***
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы қызметіне полиция полковнигі Қайсар Әбілекұлы Сұлтанбаев тағайындалды.
Қ. Әбілекұлы былтырғы қыркүйек айынан бастап ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарды.
Полиция полковнигі 1968 жылғы 30 тамызда Жамбыл облысы Жуалы ауданы Кременевка ауылында туған.
Еңбек жолын 1990 жылы КСРО ІІМ Ішкі әскер басқармасы моторландырылған полк взводының командирі қызметінен бастады. 1992 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ ішкі әскер жеке бригадасының автоброньды танк қызметінің бастығы болып тағайындалды.
1999-2014 жылдары Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Қостанай облыстарының ІІД ЖПБ басшысы болып қызмет атқарды.
2015-2017 жылдары Ішкі істер министрлігінің Орталық аппаратында Автокөлік шаруашылығы бөлінісін басқарды.
2017-2022 жылдары Қазақстан Республикасы ІІМ Тыл департаментінің бастығы.
***
Асхат Бердіханов Алматы облысы энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып тағайындалды.
А. Ермекұлы 1975 жылы туған, білімі жоғары. 2005 жылы Павлодар мемлекеттік университетін «Өнеркәсіптік кәсіпорындардың электр жабдықтары», 2009 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «Заңгер», 2017 жылы Павлодар мемлекеттік университетін «Энергетика және электротехника», 2022 жылы Қарағанды техникалық университетін құрылыс мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1993 жылы Павлодар трактор зауытында электромонтер болып бастады. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары, Балқаш жылу электр орталығы басқарма төрағасының орынбасары, «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының бас менеджері, «Алатау жарық компаниясы» АҚ бас инженері, «Нысандарды салу серіктестігі» корпоративтік қорының бас инженері, «Samruk-Kazyna Construction» басқармасының басшысы, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
2022 жылдың сәуірінен осы уақытқа дейін Қантаев атындағы Мойнақ су электр станциясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметінде болды.
***
Әбіл Жоламанов Атырау облысының мәдениет басқармасына екінші рет басшы болып тағайындалды. Ол бұған дейін де аталған басқармаға жетекшілік еткен еді.
Ол 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тарихшы, тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1992-1994 жылдары Батыс Қазақстан облысының Жымпиты орта мектебінде тарих және қазақ тілі пәні мұғалімі қызметінен бастаған. Кейін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған.
Ал, 1994-2008 жылдары Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы әкімі аппаратында, аудандық жұмыспен қамту орталығында, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде, білім бөлімінде басшылық қызмет атқарған. 2008-2014 жылдары Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы, 2014-2015 жылдары Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары лауазымында жұмыс істеген.
Ал, 2015-2017 жылдары Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы, 2017-2019 жылдары Мәдениет және спорт министрлігінде мәдениет және өнер департаменті директорының орынбасары, кейін директоры болып тағайындалған.
2019-2020 жылдары Ұлттық архивтің басшысы қызметінде болған.
***
Әнуар Жанғозин «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды.
Ол биыл ақпан айында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» төрағасы лауазымынан кетті.
Ол 1986 жылы дүниеге келген. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Математика» мамандығы бойынша және «Назарбаев Университетінің» магистратурасында «Білім беруді басқару» мамандығы бойынша білім алған. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.
2008-2011 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» әдістемелік процесс департаментінің менеджері, директордың орынбасары болып жұмыс істеді.
2011 жылдан 2016 жылға дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» математика пәнінің мұғалімі, директор қызметін атқарған. 2017-2019 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы болды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген.
***
Сәбит Мейрамұлы Ахметов ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.
С.Ахметов 1979 жылы 22 қаңтарда дүниеге келген. 2000 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітіріп, «заңгер»мамандығын алды.
2021 жылы «International Master in Public Procurement Management» бағдарламасы бойынша Тор Вергата Рим университетінің магистратурасын аяқтады.
С. Ахметов әр жылдары ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаменті басқармасының басшысы, заң қызметі департаментінің директоры, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің квазимемлекеттік сектор және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің және ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің Ішкі әкімшілік департаментінің басшысы, сондай-ақ ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу заңнамасы департаментінің директоры қызметтерін атқарды.
***
Сәбит Рзиев «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Сонымен қатар, 2023 жылғы 7 наурыздан бастап «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС-ның Басқарма мүшесі болып сайланды.
С.Рзиев бұл қызметке тағайындалғанға дейін «ҚазТрансОйл» АҚ Шымкент мұнай құбыры басқармасының бастығы болған.
«Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС – «ҚазТрансОйл» АҚ (50%) мен China National Oil and Gas Exploration and Development Company Ltd (50%) бірлескен кәсіпорны.