Қарағандыда отбасылық демалысқа арналған жаңа эко саябақ салынады

0
8

Қарағандыда тұрғындардың отбасымен демалатын заманауи орындары көбеймек. Көгілдір тоғандар аумағында жалпы көлемі 158 гектарды құрайтын жаңа эко саябақ салу жоспарланып отыр.

Жоба Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа қаланы дамыту мәселелері талқыланған жиында таныстырылды.

Эко саябақ барлық жастағы тұрғындарға қолайлы, қолжетімді әрі инклюзивті кеңістік ретінде жобаланған. Тұжырымдаманың өзегін төрт жасанды көлден тұратын каскад құрайды.

Осы су айдындарының айналасында бірыңғай серуендеу инфрақұрылымы қалыптасып, жаяу жүргіншілер жолдары, су маңындағы ағаш төсемдер, демалыс аймақтары бар жағалау аллеясы, велосипед пен жүгіруге арналған бағыттар, спорт алаңдары және командалық ойын аймақтары бой көтереді.

Жобада отбасылық демалысқа басымдық беріледі. Балалар үшін табиғи материалдардан жасалған экологиялық ойын алаңдары орнатылады. Көгалдандыру жұмыстары Қарағандының климаттық ерекшеліктерін ескере келіп жүргізіліп, бар жасыл желек мүмкіндігінше сақталады.

Қала әкімі Мейрам Кожуховтың мәліметінше, құрылыс жұмыстары көктем мезгілінде басталмақ.

– Эко саябақтар құру мәселесі Мемлекет басшысы тарапынан маңызды бағыт ретінде айқындалған. Біздің мақсат – Қарағандыда және облыстың өзге де қалаларында тұрғындар табиғат аясында жайлы демалатын, заманауи әрі қолжетімді қоғамдық кеңістіктер санын арттыру. Мұндай жобалар қалалық ортаның сапасын жақсартып, халықтың өмір салтына оң әсер етеді, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Сонымен қатар Орталық саябақты дамыту жұмыстары да жалғасуда. Мұнда көлдер тазартылып, жағалау аумақтары абаттандырылып жатыр. Су айдындарының біріне қалалық хайынаттар бағынан су құстары орналастырылса, екіншісінде заманауи музыкалық-отты жарықдинамикалық субұрқақ іске қосу көзделген.

Қалалық хайуанаттар бағына келушілер саны да артып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша зообақта 40 мың адамға көп келген. Экспозиция толықтырылып, 60 жануар мен құс әкелінді, сондай-ақ «Динопарк» ашылды.

Қарағандыны абаттандыру жұмыстары өзге аумақтарда да жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен жылы қалада 7 гүлзар мен 17 шағын гүлзар жаңартылып, Алаш саябағы толық аяқталды. Сонымен қатар «Халық қатысатын бюджет» аясында жүзден астам жоба жүзеге асырылды.

Алдағы уақытта «Шалқыма» концерт залы мен музыкалық комедия театры маңындағы алаңдарды абаттандыру жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы бос жатқан аумақтар мен мектеп аулаларын абаттандыру мәселесіне де ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ