Қарттар үйі: алуан түрлі тағдырлар
Рудныйдың шетінде, тасалау жерде тұрған көпқабатты ғимаратты жергілікті жұрт қарттар үйі деп атайды. Ресми түрде «Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» деп аталатын бұл мекемеде асыраушысыз қалған
274 қария, әртүрлі жастағы 141 зағип тұрады. Бірін-бірі алданыш тұтқан 415 адамның ауыр тағдыры мен бұйығы тіршілігі сырт көзге жұмбақ. Алайда мұндағы оқшау өмірде сартап сағыныш, өкініш-күйікпен қатар, қуаныш-күлкіге, арман-үміт пен сүйіспеншілікке де орын бар.
Туыстан артық күтім көрсетеді
Асыраушысыз қалған қариялар деп ресми құжатта көрсетілгендіктен жазып отырмыз. Әйтпесе, мұнда тұрып жатқан жандар асыраушысыз емес. Мемлекет тікелей өз қамқорлығына алып, күтімін жасап отыр. Бұл мекемеде санитар, әлеуметтік жұмыстар жөніндегі мамандар мен аспаздарды қосқанда, 250 адам жұмыс істейді. Әсіресе, санитарлардың жұмысы аса ауыр. Адамның күтімі деген болаттай берік төзім мен үлкен жүректі қажет етеді. Орталықта өздігінен жүріп-тұра алмайтын, арбаға таңылған кемтар жандар, төсектен тұрмақ түгілі, басын көтере алмайтын қарт кісілер көп. Оларды жуындыру, күнара төсек-орнын тазалап тұру, кір-қоңын жуып, киіндіріп-шешіндіріп, жатқызып-тұрғызу, қозғалудан қалған қарттардың аузына қасықпен ас тосып, тамақтандыру дегеніңіз – оңай шаруа емес. Санитарлардың күнделікті жұмысы – осы.
Мемлекеттен басқа жоқтаушысы жоқ қариялардың ең үлкені биыл жазда 100 жасқа толады. Орталық директоры Татьяна Щербакованың айтуынша, 3-4 айдан кейін ғасырлық белесті бағындырайын деп отырған кейуана Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері екен. Бұрын Лисаков қаласында тұрыпты. Кәрілік жеңіп, денсаулығы сыр бере бастаған әжей жиі сырқаттанып қала береді. Алайда соңғы кездері ширап, сергектік таныта бастаған. Орталық тұрғындары осы жаз әжейдің 100 жасқа толған күнін атап өтеміз деген үмітте отыр.
Ал 76 жастағы зейнеткер Жұмабике Майпасова 13 жылдан бері осы жерде тұрып жатыр.
– Туған жерім – Троицк қаласы. 5 жасымда әке-шешем Қазақстанға көшіп келіпті. 7 жасымда анамнан айырылып, жетім қалдым. Кейін тұрмысқа шықтым, бір балам бар еді, қайтыс болды. Жалғыз қалдым. Интернатқа келгеніме өкінбеймін, әлеуметтік қызметкерлер өз баламыздай жақсы күтіп қарайды. Жуындырып-киіндіріп, асын алдымызға тосып, бөлмемізді жинап, төсек-орнымызға дейін тап-таза ғып жуып-үтіктеп қояды. Бос уақытымда еңбек терапиясына барып, көрпе құрап, мойынорағыш, тақия, шұлық тоқимын. Мерекелік концерттерге де қатысып, қазақ, татар, орыс әндерін айтам. Бәріне рахмет, – дейді Жұмабике әжей.
Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып жатқан қарт кісілердің кейде жақын туыстары табылып, олар іздеп келіп, тіпті, бұл жерден біржола шығарып алып кетіп жатады. Өкінішке қарай, орталықтан кеткен қариялардың дені көп ұзамай қарттар үйіне қайтып оралады екен.
– Бізде біраз жыл егде тартқан сүп-сүйкімді бір кісі тұрды. Арбаға таңылған, өздігінен жүріп-тұра алмайды. Қарияны 40 жылдан кейін ұлы іздеп тапты. Әскери адам екен, әкемді Ақтауға алып кетем деп келді. Бәріміз қуанып, шағын той жасағандай етіп шығарып салдық. Қанша дегенмен, бізге бауыр басып қалған қария бізбен күні бүгінге дейін хабарласып тұрады. Қазір Ақтаудағы қарттар үйінде жатыр. «Рудныйға келгім келеді» дейді. Оны біз шеше алмаймыз ғой. Кімнің қайда тұратынын әкімдіктерге қарасты әлеуметтік қорғау орындары шешеді. Тағы бір мысал, осында тұрған кейуананың біріне туған сіңлісі жиі келіп тұрды. Бірде «Әпкемді үйіме алып кетем, өзі де келісім берді» деп келді. Туыстан артық емеспіз, жібермеуге құқымыз жоқ, әлгі әжейге сонда да ойланып көріңіз деп едім, көнбей кетіп қалды. Мен мұның дұрыс шешім емес екенін олар кетіп бара жатқанда-ақ сезгем. Ақыры мен ойлағандай болып шықты, әжей екі айдан кейін қоңырау шалып: «Татьяна Яковлевна, мені алып кетіңіз, мына жерде тұра алмаймын», деп тұр. Өйткені кейуананың бұл жердегі тұрмысы басқаша болды: орталық қызметкерлері асын дайындап, алдына әкеп қойып береді, ыдыс-аяғын жуып, тырнағын алып, арқасын ысып, жуындырып, тап-таза төсегін салып береді, іш киіміне дейін жуып береді. Біздің мекеме толық тұрмыстық-медициналық қызмет көрсетеді. Тұрғындар күніне 5 рет тамақтанады. Ал ол кісі сіңлісіне барды дейік, ол үйде мұндай деңгейде қызмет көрсетілмейтіні белгілі ғой. Ақыры екеуі араздасып тыныпты. Сіңлісі «Мен сенің сатып алған қызметшің емеспін» деп ұрсатын көрінеді. Ащы да болса, ақиқаты осы ғой, – дейді Т.Щербакова.
Орталықта отау құрғандар
Мекеме басшысының айтуынша, арбаға таңылған зағиптарға да үйден гөрі осы жерде тұрған қолайлы. Сондықтан көбі осы орталыққа орналасуға тырысады. Мәселе тұрмыстық қызмет көрсетуде емес, төрт қабырғаға қамалған зағиптар көбіне өзімен-өзі құлазып үйде жалғыз қалады. Жақындарының көбі жұмыста, жанында күні бойы ешкім отыра алмайды. Ал бұл жерде бір уақыт алданыш болатын өзі теңдес адамдар бар. Қалаған уақытында әңгімелеседі, солармен бірге теледидар қарайды, шахмат, дойбы ойнайды. Осылайша өзіне сырлас, дос табады. Бұған мысал ретінде осы орталықта тағдыр тоғыстырған Танабаевтар отбасын айтуға болады.
– Өзім – 33 жастамын. Серікпен әлеуметтік желі арқылы таныстым. Мен ол кезде Лисаковта тұратынмын. Серік үшін арнайы осы жерге келіп орналасып, көп кешікпей бас қосып, шаңырақ көтердік. Осында үлкен үйлену тойын жасадық. Басшылық екеумізге бір бөлме берді. Жеті жыл бірге тұрып жатырмыз. Тамағымыз жақсы, жиі серуендейміз. Бос уақытымызда мен интернетте отырамын, жолдасым көбіне теледидар көреді. Өзім ән айтамын, мерекелік іс-шараларға белсенді атсалысып тұрамын. Серіктің қолы шебер, жастық жасайды, мүгедектер арбасына төсейтін әдемі көрпешелер құрайды, – дейді Айгүл Танабаева.
Ал ауыр тағдыр арқалаған Валентина есімді әйелдің әңгімесі жан-жүрегіңді езіп жібереді. Валентина Кук орталыққа 2016 жылы орналасыпты. Содан бері осында. Өзі тұрып жатқан бөлменің қабырғасында сымбатты жігіт пен сұлу әйелдің, сүп-сүйкімді екі сәбидің суреті ілулі тұрды. Өткен өмірінің күнгейлі күндерінен қалған жалғыз белгі – осы суреттер ғана.
– Бұрын Денисов ауданындағы ауылда тұрдым. Бірақ қазір осы жер ұнайды. Бөлмеміз жылы, таза, тамағымыз тоқ, киіміміз көк. Жағдайымыз жақсы. Күйеуім екеуміз сүйіп қосылған сияқты едік, балалар дүниеге келген соң үйде дау-жанжал жиі шығатын болды. Ақыры 1984 жылы ажырасып тындық. Одан кейін 15 жастағы қызымды пойыз қағып кетіп, енді ғана бойжетіп келе жатқан құлыншағымды жер қойнына табыстады. Аспан құлап жерге түскендей күндер еді ол. Көп ұзамай ұлым өртеніп жатқан үйдің ішінде жанып кетті. Мен тартқан азапты, мен көрген тағдырды ешкім көрмей-ақ қойсын. Қайғыға қайғы жамалып, жүрегім ауыратын болды. Қазір жасанды жүрек қалқаншасымен жүрмін. Жалғыз қалған соң отын-су тасу қиындап кетті. Өзім өмір бойы теміржолда жұмыс істедім. Ең төменгі зейнетақы аламын. Содан үйімді бұрынғы күйеуіме тастап, өзім осында кеттім. Өмір деген қызық қой, өткен жылдың басында бұрынғы күйеуім де осы орталыққа келіп орналасты. Тағдыр оның да басынан сипай қоймаған сияқты. Анда-санда бөлмеме келіп, 10-15 минут балалардың суретіне қарап кетеді. Тағдырыма өкпелі болмағаныммен, далада қалдырмай, бағып-қағып жатқан мемлекетке ризамын. Қазақстаным, елім, жерім туралы өлең жазамын, – дейді әлсін-әлсін көз жасын сүрте берген Валентина Васильевна.
Қолөнер шеберлері
Орталық тұрғындары күнұзаққа әр нәрсені алданыш етеді. Бірі психологиялық көмек көрсету бөлмесіне барып, психолог маманнан ем алады, бірі арнайы тренажер залында жаттығу жасайды. Ал енді біреулері шеберханадағы еңбек терапиясына барып, ағаш жонып, сурет салып, тоқыма тоқумен айналысады. Мұндағы шеберханаға кіріп көрсеңіз, құдды бір көрмеге кіргендей әсерде боласыз. Қабырға толы көздің жауын алатын әсем суреттер, сөре толы сан алуан қолөнер бұйымдары. Тіпті зат қоятын артық орын табу қиын. 18 жылдан бері осы орталықта тұрып жатқан 69 жастағы шебер Вера Некрасова да уақытының көбін осында өткізеді. 36 мың теңге зейнетақы алады екен, бір тиынын бос жаратпай 4 жыл бойы депозитке салып, қаржы жинап өз күшімен автоматты қозғалтқышы бар мүгедектер арбасын сатып алыпты. Сурет салумен бала кезіннен-ақ әуестене бастаған Вера кейін өзі салған суреттерді түрлі-түсті маталармен безендіріп, жаңғыртып, жандандыра бастаған. Оның төл туындыларын нақ бір хас шебердің қолынан шыққан бірінен-бірі өтетін ғажайып дүниелер дерсің. Вераның тіл мүкісі бар, сондықтан әр сөзін зер салып тыңдамасаңыз, түсінбей қаласыз.
– Анам кесте тігуді ерте үйретті. Сурет салуды кешірек меңгердім. Кейін осы екі өнерді ұштастырып, бір өнер туындысын жасап шығарса қалай болады екен деген ой келді. Осылайша, «Көл жағасындағы жалғыз үй» атты картинамды түрлі-түсті жібек ленталармен безендіріп шықтым. Тұмса табиғат аясындағы жалғыз үйдің айналасына ерекше сән беріп тұрған өсімдік жапырақтары мен қызылды-жасылды гүлдердің бәрін лентадан жасап шықтым. Лентаны, одан өзге де керек нәрсенің бәрін өзім зейнетақыма сатып аламын. Кейде дайын картиналарды да сатып алып, соларды әрлеп, құбылтып шығарамын. Бір жұмысқа шамамен бір ай уақыт кетеді. Мәселен, анау қабырғада ілулі тұрған бұзаудың суретін бір жылдың ішінде салып шықтым. Бұл туындым Астанада өткен ЭКСПО көрмесіне қойылды. Ал енді «Тотықұс» атты картинамды екі жылда әрең аяқтадым. Тотықұстың қауырсындары мен айналасындағы гүлдерге бояуды да, лентаны да аяған жоқпын, – дейді Вера Некрасова.
Осыдан 4 жыл бұрын Қостанайдағы балалар үйінен көшіп келген 57 жастағы параспортшы Надежда Минеева бір бөлмеде жалғыз тұрып жатыр. Бөлменің керует тұрған жақтағы қабырғасы – толған медаль. Елімізде енді ғана дамып келе жатқан арба жарысынан алдына жан салмайтын Надежда Александрова ядро, найза, диск лақтырудан да түрлі додаларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Өзіне арба жарысы ұнайды. 100 метрге дейінгі жарыстарда үнемі бірінші келіп жүр. Әйтеуір қай қалаға барса да, медальсіз оралмайды. Осыдан біраз жыл бұрын шұлық, жөке, тоқыма қуыршақ тоқуды үйреніп алған Надежда Александровна бір күнде қуыршақ тоқып шыға алады. Қуыршақ үлгілерін интернеттен қарап алады екен. Оның көбі анда-санда орталық қызметкерлері арнайы ұйымдастыратын жәрмеңкелерде өтіп кетеді. Надежда мемлекеттен айына 35 мың теңге әлеуметтік жәрдемақы алып тұрады. Оған көбіне жіп сатып алады. Тоқыған қуыршақтары жастық сияқты жұмсақ, балаға қауіпсіз әрі әдемі болғандықтан, бәрі тез өтіп кетеді. Ең арзан қуыршағы 2 жарым мың теңгеден басталады.
Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Т.Щербакованың айтуынша, мұнда жаңадан бір әжей келіп түсе қалса, оны естіген соң қырынып-таранып, мұнтаздай болып киініп алып, айналшықтап әлгі әжейдің жанынан шықпай қоятын қариялар да кездеседі.
Қосұдай сезімге түсірген бұл сапарымызда біз оқшау үйде тұрып жатқан кәрі-жастың маңдайына жақын ағайынның, туған ұл-қыздың жылуын көру жазбағанымен, мемлекеттің мейіріміне бөленіп, қамқорлығын сезініп отырғанына көз жеткізіп қайттық.