Қарттар үйінің қамқорлығы

0
164

Түн ұйқысын төрт бөліп, әлди айтқан анасын, я болмаса, асқар тау әкесін қарттар үйіне қалай ғана қияды деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, тас қабырғаға ата-анасын тасжүректіктен ғана емес, амалсыздан да өткізетіндер бар екен. Бұған жақында Самар ауылындағы қарттар үйіндегі қариялардың халін сұрай барғанда көз жеткіздік.

Дей тұрғанмен, төрімізде оты­ратын қазынамыздың қарт­тар үйін сағалап жүргенін көру оңай емес. Бауыр ет бала­­ның құрметін, аталап мойын­ға асыл­ған немеренің тәтті қы­лы­ғын көрмесе, несі қарт­тық? Жоқ, қарттар үйіндегі қам­­қорлық үйдегіден артық бол­­маса, кем емес екен. Жылы бөлме, дәмді ас, киер киім… Уа­қыттары да қызықты өте­тін кө­рі­неді. Бірақ жанұя­ның жылу­лығы жоқ. Самар аудан­дық қарттар үйін­де 155 қария тұ­рады. Оның жүзі ер адам болса, 55-і – әйел.

– Бізде 47 мүмкіндігі шек­теу­лі жан бар. Оның 13-і бірін­ші топтағы мүгедек болса, қал­ғаны – екінші топта. Ал ме­ке­меде 122 қызметкер бар. Арнайы дәрігерлер жұмыс іс­тейді. Медициналық көмек қажет болған жағдайда үнемі қасымыздан табылады, – дейді қарттар үйінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Жанна Серікқалиқызы.

Оның айтуынша, мұнда келген қария­лардың тағдыры сан түрлі. Кейбірі қараусыз қалса, енді бірінің мүмкіндігі шектеулі. Балалары шетел асып, ата-анасын қарттар үйіне тас­тағандар да бар. Ара­ларында балалары жоқ қария­лар да бар. Олар өздеріне мүлдем қарай алмай­тын­дық­тан, осында келуге мәжбүр болған. Айта кетерлігі, мұнда қарт­тарды ғана емес, қараусыз қалған кез келген жастағы азаматтарды да алып келеді екен. Тиісті құжаттары сай келсе, қабылдайды. Қарттар үйіндегі жасы ең үлкен тұрғын 101-де екен. Демек күтім бар, шынайы қамқорлықта. Қыз­мет­керлер қарияларға туған баласындай қарап отыр.

– Қариялар күтімде. Бірақ ауырып-сырқамай тұрмайды. Қолы­мыздан келген емдік шара­ларды жасап жатырмыз. Барлық құжатты жіті қа­да­ға­лаймыз, яғни арнайы портал арқылы қабылдаймыз. Осында келген соң оларға бөлме бере­міз, сонымен қа­тар мереке сайын концерт ұйым­дас­­ты­рамыз. Жаз айларында бақ­­шаға көкөністер егіп, өз үй­ле­рінде жүргендей жұмыс іс­тей­ді. Зейнетақысының 30%-ын өздері алады. Қалғаны автоматты түрде арнайы есепшотқа түсіп, өздерінің тұрмыстық керек-жарағына жұмсалады, – дейді Ж.Серікқалиқызы.

Қарттардың арасында өнер­­­ге жақындары да бар. Бос уа­қы­тында ән салып, би билейді. Өз араларында дойбы, шахмат ойнайды. Тіпті суретші мен ағаш шеберлері де бар. Мамандардың айтуынша, қарттар үйіне 18 жасында келген азаматтар да бар. Әрине, мүмкіндігі шектеулі болған соң ғана қарттар үйін паналайды. Ал қариялардың арасында 1998 жылдан бастап тұратындары да бар. Бәрі бір-бірімен туысындай араласады.

– Бізге кейінгі жылдары қараусыз қалған мүмкіндігі шектеулі жастар келіп жатыр. Мұнда тек аудан бойынша ғана емес, облыс бойынша да келе береді. Іштеріндегі ең жасы – 37 жаста. Барлығына қамқорлық жасап, көңілін жұбатуға тырысамыз, – дейді Ж.Серікқалиқызы.

Айта кетсек, аудандағы қарт­тар үйі 1991 жылы салын­ған. Үш корпусы бар. Мұндағы қа­риялар да қызметкерлердің жұмысына дән риза.

– Бұл жер біздің үйіміздей болып кетті. Қызметкерлері өзіміздің баламыз сияқты, ауырсақ жанашырлық танытып, көмек көрсетеді. Кейде отырып сырласамыз. Осында тұрып жатқаныма біраз болды. Барлық жағдайымыз жасал­ған. Мерекелерде ұлан-асыр той болады. Ән айтып, би билейміз. Өнер адам­дары өте көп. Күніміз жақсы өтеді. Арасында сыртта серуен­деп келеміз. Осы орайда бас­шы­лық­қа және қыз­мет­кер­лер­ге алғыс айтқым келеді. Бұл мекеме болмаса, біз қайда барар едік, дейді қарт­тар үйінің тұрғыны Надежда Черниченко.

Қарттар үйінде тағдырлары тоғысқан жандар да бар. Кө­ңіл­дері жарасқан қариялар қайта бас құрап жатады екен.

– 16 жасымда ата-анаммен бірге Самардан Семейге қоныс аудардық. Сол жақта үлкен кісілер дүние салды. Елу жылдан кейін қайта осында келемін деп ойламадым. Қазір осы қарттар үйінде тұрып жатырмын. Бір ұл, бір қызым бар. Қызым – Тәжікстанда, ұлым – Семейде. Жас күнімде қара жұмыстың бәрін істедім. Кейін денсаулығым нашарлады. Осын­да келгеннен кейін осы кісі­мен танысып, ұнатып бас құрдық. Адамға бәрібір серік керек қой, дейді жанындағы жа­рын құшағына қысқан Баймұқанбет Қожантаев.

Аудандағы қарттар үйінің жай-күйі – осы. Қарттар үйі дейміз, отыздың ішіндегі жас­тар­дың көбейіп бара жат­қа­нына қарап, қарттар үйі емес, «қамқорлық үйі» дегің келеді екен…

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз