Асанәлі Әшімов: Театр өнерінде екі жақ бірдей ләззат алса, сол – бақыт

0
305
Фото: Павлодар облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі

 – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 100 жылдық мерейтойына орай Қазақстан бойынша екі жылға созылатын турнені бастап кетті. Өнер ұжымы Павлодарға келіп, жергілікті көрерменге 5 қойылымды ұсынды.

Театр труппасы Абайдың Қара сөздері желісімен жазылған «Қара» драмасын, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бернард Шоудың «Менің сүйікті періштем», Д.Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» қойылымдарын ұсынып, жергілікті көрерменді рухани сусындатты.

Алматыдай үлкен шаһардағы өнердің тәбәрігін ала келген труппаның бұл сапары Кереку өңірі үшін үлкен оқиға болғаны даусыз.

театр
Фото: Павлодар облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек әкем-театрдың Кереку жеріне соңғы рет 2019 жылы келгенін атап өтті. Араға бес жыл салып жергілікті театрсүйер қауым сүйікті актерлерімен тағы табысып отыр.

«2026 жылы Әуезов театрының құрылғанына 100 жыл толады. Ғасырлық мерейтойымызға орай Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен екі жылдық турнемізді бастап кеттік. Қазақстандағы барлық өңірді, сондай-ақ біраз шетелді аралап шығатын ойымыз бар. Алғашқы гастроліміз Жетісу жерінен басталып, талай ұлылардың ізі қалған Кереку жерін екінші сапарымызға арнайы таңдап келіп отырмыз. Бұдан соң Шығыс Қазақстанды бетке аламыз. Қойылымдарымызда 50-ге жуық актер ойнайды. 30-дан астам техникалық қызметкер спектакльдеріміздің толыққанды жүруіне қызмет етеді. Сахналық декорацияларымыз Алматы төрінде қалай қойылса, өңірлерде де тұп-тура солай құрылады. Ертіс-Баян өңіріне келіп отырғанымыздың екінші себебі жергілікті Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрымен жолға қойылған шығармашылық байланысымыз арқау болды. Бұл театрдың соңғы жылдары аты мақтаулы, көрерменге ұсынып жатқан дүниелері салмақты. Өткен жылы ел бойынша театрлар фестивалінде талай жүлдені олжалап, Мәскеуді мойындатып қайтты. Ұжым директоры Арман Темірбек жас та болса бүгінгі заман менеджерлігін мықтап меңгерген», – дейді әкем-театрдың басшысы.

театр
Фото: Әуезов театры

Асанәлі Әшімов кезінде өзі түскен кинофильмдерінің тең жартысы жер жәннаты – Баянауылдың тау-тасында түсірілгенін ерекше тебіреніспен еске алды. Шәкен Айманов талай киноактерлердің жұлдызын жаққанын тебірене әңгімелеп, Баянауылды шын мәнінде «Тұңғыштар елі» деп қабылдайтынын жеткізді.

«Отандық ғылым мен өнер, мәдениет пен өзге де салаларда тыңнан түрен салған тарландардың көбі осы қасиетті топырақтан түлеп ұшты. Қаныш Сәтбаев, Қанағаң өзі құрған Ғылым академиясының тұңғыш президенті, Жұмат Шанин тұңғыш кәсіби режиссер, Шәкен Айманов қазақ киносының атасы, Әлкей Марғұлан отандық археологияның түпқазығы атанды. Ғұлама Мәшһүр Жүсіп сияқты тарихи тұлғаны дүниеге келтірген топырақ киелі. Осы ұлылардың кіндік қаны тамған жерде талай ұлттық кинофильмдер түсірілді. Өмірімде өзім түскен картиналардың тең жартысы Баянауылда өрбіген екен. Ал енді театрдағы образдарымның ішінде тұңғыш ролім, М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» спектакліндегі Айдар ролі – менің паспортым. Театр деген актерлерді шыңдайтын лаборатория. Ең әуелі барлығы кәдімгі дайындықтан басталады. Актердің айтатын мәтіні бойына сіңуі керек. Ең соңы айтатын сөзі өз сөзіне айналуы керек. Интонация, подтекст деген бар. Баяғыда бізді дайындаған ұлылар мынау не сөз, бұл кім үшін айтылған, бұл сөйлемдегі ең басты сөз қайсысы деп бізді мектеп мұғалімдерінше тергеуге алатын. Алматыда менің актерлік курсым бар. Бірінші курстан бастап студенттерге кітап оқытамын. Соңғы курсқа жеткенше 10 шақты романды түгесіп тастайды. Содан жаман болған жоқ. Курсты бітірген 23 түлектің 19-ы қызыл дипломмен шықты. Әлгі топтың арасында жаңадан драматургтер, режиссер-сценаристер пайда болды. Ал киноиндустрияда мұндай дайындық жоқ. Көшеден келген де бірден актер болып ойнап жатыр. Түнеугүні ел-жұрт жер-көкке сыйғызбай мақтап жүрген соңғы отандық кинофильмдердің бірін көрдім. Мұрнымды кесіп алса да айтайын, кино емес, киносымақ дүние, режиссурасы – нөл. Біздің деңгейіміз, біздің қазіргі киноиндустриямыздың жеткен деңгейі осы. Түнеугүні біреулер «Қыз Жібекті» қайта түсірейік депті. Ол енді атақты ұлттық киномыздың брендін пайдаланып, пайда табуды көздеген спекулянттардың әрекеті деп түйдім. Бұған дейін де айтқанмын, бүгін де қайталап айтамын, қазақ киносында әлі күнге шедевр түсірілген жоқ», – деп баға берді сахна сардары.

театр
Фото: Әуезов театры
театр
Фото: Әуезов театры

Еске сала кетейік, Павлодардағы Аймауытов театры Оралхан Бөкейдің «Кербұғысын» сахнаға шығарды.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз