Асхат Аймағамбетов: Әйел-баласын сабайтындар үйде жатады, зәбір көргендер далада қашып жүреді

0
125

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха отбасына тұрмыстық зомбылық жасаушыларды үйден уақытша қуатын норманың кемшілігін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 54-бабы бар. Бірақ ол бапта соттың тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамды басқа баспанасы болған жағдайда ғана зардап шегуші тұрып жатқан үйден уақытша қуа алатыны айтылған. Мұндай қосымша аталған баптың күшін толықтай дәрменсіз етіп тұр. Әуел баста осы норманы енгізер кезде тұрмыстық зомбылық көрсетушінің әрекетінен зардап шегушінің денсаулығына ауыр жарақат түссе, күш көрсетушісі тәртібін түземесе, сот шешімі шыққанша үйден қуыла тұруы керек деп қосқанбыз. Қазіргі таңда жоғарыда айтқан түзетуге байланысты үйден уақытша қуу бабын бірнеше адамға ғана қолдана алдық», – деді Игорь Лепеха Мәжілісте өткен тақылауда.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов бұл норманың пәрменін күшейту үшін ғылыми негіздемесін пысықтау қажеттігін айтты.

«Жалпы қазіргі жағдай осылай. Күш көрсетуші үйде қалып, зардап шеккендер үйден қуылады. Зомбылықтан қашып жас баласымен үйден кетуге мәжбүр. Сонда әйел-баласын сабайтындар үйде жатады, зәбір көргендер неге босып жүруі керек? Сондықтан норманы қайта қараудың мәні бар шығар. Бұл жерде айтқан ұсыныстарыңыздың бәрі ғылыми негізделген болуы керек. Өйткені әр норманы қолдану тәжірибесі әркелкі», – деді Асхат Аймағамбетов.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ