Баланы жазаламай оқытуға бола ма?

0
173

(Фото: semeytany.kz сайтынан алынды)

“Монтессори жаттығуы”, “Монтессори ойыншықтары”, “Монтессори әдісі” деген терминдерді әсіресе жас ата-аналар көп еститін шығар. Бір ғасыр бұрын негізі қаланған бұл әдістің мәні – баланы жазаламай, бәрін жасауға мүмкіндік беру. Әлемде осылайша білім беретін 60 мыңнан астам мектеп бар. 

Табысты адамдарға келетін болсақ, бізді бірінші кезекте олардың өмір жолы қызықтырады. Мысалы, жазушы Габриэль Гарсиа Маркес, әнші Тейлор Свифт, Google негізін салушылар Ларри Пейдж және Сергей Брин және атақты аспаз Джулия Чайлдда не ортақ қасиет бар. Олардың барлығы Монтессори мектебінде оқыған.

Мария Монтессори деген кім?
Монтессори 1870 жылы итальян коммунасындағы Чиаравалледе дүниеге келген. Оның отбасы өз дәуірінің ғалымдары мен ойшылдарымен жиі кездесетін зиялы қауым өкілдері еді. Бұл Марияға қатарластарына қарағанда артықшылық берді.
Марияны анасы үнемі қолдап отырған, бұл оның бастауыш мектептен кейін техникумға түсуге, кейінірек медицинаның ер адамдардан тұратын саласын оқуға шешім қабылдауынан көрінеді.

Монтессори 1896 жылы оқуын аяқтағаннан кейін көп ұзамай Рим университетіндегі психиатриялық клиникада ерікті ассистент болып жұмыс істей бастады. Онда Монтессори оқуда қиындықтары бар балалармен жұмыс істейді. Монтессори жұмыс істейтін бөлме біраз жиһазды қоспағанда бос еді. Бір күні ол балалардың еденге түскен нан қиқымымен ынтамен ойнап жүргенін байқады. Сонда ол: “кедейлік кейбір ақыл-ой кемістігінің себебі болуы мүмкін және дұрыс құрастырылған оқу материалдарымен тәрбиелеуге болады” деп ойлайды.

Осыдан кейін Монтессори балалық шақтың нәзік кезеңінде баланы оңтайлы ынталандыруға бағытталған жаңа әдісті әзірлейді.

Бұл әдістің негізгі принципі барлық материалдар балаға қолайлы болуы және оның барлық сезімін тартуы керек деген ережеге негізделген. Әрбір балаға қозғалыс еркіндігі беріліп, олардың шығармашылық қабілеттері мен проблемаларды шешу дағдыларын пайдалана білуі керек. Мұғалімдер балаға бағыт береді, бірақ ешқандай бақылаусыз немесе мәжбүрлеусіз қолдау көрсетеді.

Монтессори 1907 жылы Италияда алғашқы балалар үйін ашты. Ол атақты адамдармен, соның ішінде Махатма Гандимен қарым-қатынас орнатады. Нацистер 1922 жылы Италияға келгенде, олар Монтессори жұмысын алғашында қабылдады. Алайда, балаларды оқытуда сөз бостандығына баса мән берілгенін байқаған олар Монтессориге қарсы шыға бастады. Монтессори құндылықтары бойынша балалар мен әйелдердің құқықтары маңызды еді. Ол 1934 жылы нацистер Монтессори мектебінің оқу бағдарламасын өзгертуге әрекеттене бастағанда, Италиядан кетіп қалады. Ал 1952 жылы 81 жасында өмірден озғанша жазумен, стилін дамытумен өмір сүреді.

Жауапкершілік балалардың өздеріне жүктеледі
Бүгінгі таңда Монтессори мектебінің түрлері көп, бірақ олардың барлығын Монтессори әдісі негізінде жұмыс істейтін Опера Монтессори ұйымы мойындамайды. Монтессори мектебі айқын негізгі принциптерді сақтайды. Бұл идеялардың бірі – мұғалімнің жұмсақ болуы, балаларға мүмкіндігінше ересектердің араласуынсыз әрекеттерді өздері орындауға мүмкіндік беру.

Сицилиядағы Монтессори мектебінің бас мұғалімі Мириам Ферро: “Біздің балаларымыз өзін-өзі басқаруды үйренеді”, – дейді.

Бұл мектептегі музыка және математика сияқты пәндер басқа жалпы білім беретін мектептердегідей, бірақ Монтессори көзқарасын көрсететін практикалық өмірлік пәндер де бар. Олардың мақсаты – балаларды тәуелсіздікке үйрету. Мектепте сыныптастарына сусын тарату сияқты шынайы тапсырмалар да бар. Мұғалім қауіпсіздік үшін суды қайнатады, ал қалғанын балалар жасайды. Мектептегі таңғы ас пен түскі асқа балалардың өздері дастарқан жаяды.

Мұндай іс-әрекеттерде балалар тек тәуелсіздікке ғана емес, сонымен бірге бірлесіп жұмыс істеуге де үйренеді. Әр сабақ 3 сағатқа созылады, бұл балалардың не істеп жатқанын түсінуі үшін жеткілікті. Ал оқу материалдары барлық сезім мүшелерімен жұмыс істеуге арналған: мысалы, әріптер мен сандар ағаштан жасалған. Оны ұстау арқылы бала саусағының сезімін пайдаланады.

Монтессори әдісіне келіспейтіндер де бар
Бірақ Монтессори мектептерінің жетістігін, оның қанша оң және теріс жақтары бар екенін ғылыми негіздеу қиын. Себебі, білім беруде сынақтарды қатаң енгізу қиын. Мысалы, Монтессори мектептерінің көпшілігі ақылы және бай ата-ананың балалары оқиды. Бұл ата-аналар балаларымен үйде де жұмыс істейді және олардың табысқа жетуі үшін үйде көңіл бөлу маңызды болуы мүмкін.

АҚШ-тағы Монтессори мектептерінің біріне қабылданған 5 жасар балалар кездейсоқ таңдалып, олардың дамуы зерттелді. Балалардың сауаттылығы, есептеуі, үлгерімі, әлеуметтік дағдылары қарапайым мектептегі балаларға қарағанда жақсы екені анықталды. 12 жаста оқушылардың әңгіме айту қабілеті жақсы дамыған. Бірақ бұл зерттеудің өзінде Монтессори білімі өте жақсы деп айтуға жеткіліксіз, бұл үшін қосымша зерттеулер қажет.

Тағы бір зерттеу Монтессори мектебінің оқушыларының шығармашылық қабілеті күшті екенін көрсетті.

Балаларға жас кезінен бастап әртүрлі әрекетті өз бетінше орындауға мүмкіндік беру кейін оларды мәселелердің шешімін табуға, қателерден қорытынды жасауға, икемді ойлауға үйретеді. Бір сөзбен айтқанда, Монтессори білімінің тартымдылығы ерекше – баланы тәуелсіз болуға үйрету.

Ақпарат дереккөзі: MASSAGET

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз