Астанада 1200-ден астам жарнамалық белгі алынып тасталды

0
206
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласында дизайн-кодтың бұзылуына байланысты 1200-ден астам жарнамалық белгі алынып тасталды.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, 2019 жылы бекітілген қаланың дизайн-кодына сәйкес сыртқы жарнама мен маңдайшаларды ретке келтіру бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Қазіргі кезде бекітілген дизайн кодқа сәйкес келмейтін 1200-ден астам жарнамалық элемент бөлшектелді. Мұндай бұзушылықтарды жою үшін шағын және орта бизнес иелеріне сыртқы жарнаманы сәйкестендіру туралы хабарламалар жіберіледі. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданында жүргізіледі, –  делінген хабарламада.

Астана қаласының Урбанистика орталығы маңдайшалар бойынша 400 эскиздік ұсыныс пен ұсыным әзірледі. Қалалық Урбанистика орталығында келісілмеген сыртқы жарнама визуалды шу шығаратынын, қаланың жалпы көрінісі мен үйдің келбетін бұзатынын атап өтті. Мақсат – сыртқы жарнаманы ретке келтіру, біртұтас және тартымды қалалық ортаны құру.

Мысалы, қазіргі уақытта «Лазурный квартал», «Триумфальный тұрғын үй кешендері, сондай-ақ Сәтбаев, Түркістан көшелерінің, Мәңгілік ел, Республика даңғылдарының және т.б. бойында орналасқан тұрғын үй кешендері бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, –  деп хабарлады әкімдік.

Жарнамалық белгілердің сәйкес келмеуі бойынша ұсыныстарды елорданың Урбанистика орталығының поштасына жіберуге болады: Centerofurbanism@gmail.com.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ