Астанада бір түнде 100-ге жуық жол апаты болды
Фото: gov.kz/ Астана қаласының әкімдігі
Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр
Жол полициясының хабарлауынша, кеше кешке жаңбыр жауып, жол көктайғақ болған соң, 93 жол апаты тіркелген.
Ауа райының қолайсыздығына және жауын-шашынға байланысты жүргізушілерден аса сақ болуды, белгіленген жылдамдықты қатаң сақтауды және арақашықтықты сақтауды сұраймыз, — делінген полицияның хабарламасында.
Сонымен бірге полиция жүргізушілерге ғана емес, жаяу адамдарға да сақтық танытуды ескертті.
Астанада ауа райының нашарлауына байланысты 5 желтоқсанда жолдар жабылып, бірінші ауысымдағы мектеп оқушылары қашықтан оқыту форматына ауысатыны хабарланған болатын.
Қала әкімдігі ауа райының нашарлауына, соның ішінде екпінді жел мен көктайғаққа байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Жолдарда көктайғақтың болмауына барлық шара қабылданып жатыр. Қала халқының қауіпсіздігі үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге құм-тұз қоспасы себіледі, – делінген қала әкімдігінің ресми сайтында.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша Астанада 5 желтоқсанда боран, көктайғақ болып, екпіні 23 м/с-ке дейін жел күшейеді.