Астанада мас күйде ұсталған судьяға қатысты елордалық сот түсініктеме берді

0
12

Астанада ішімдік ішіп, мас  болған судьяның көлік жүргізгені анықталды. Осыған байланысты елордалық сот түсініктеме берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ведомство мәліметінше, Қазақстан Республикасының судьялары сот төрелігін жүзеге асыру кезінде олардың тәуелсіздігін қамтамасыз ететін ерекше құқықтық мәртебеге ие.

Алайда бұл мәртебе оларды құқықбұзушылық үшін жауапкершіліктен босатпайды.

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы материалдар Ішкі істер министрлігімен Бас прокуратураға жолданды. Бас прокуратура қолданыстағы тәртіпке сәйкес, судьяны жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін Жоғары Сот Кеңесіне ұсыныс енгізеді. Тәртіптік жауапкершілікке тарту, сондай-ақ судьяларды іріктеу, тағайындау және қызметтен босату мәселелері дербес мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің құзыретіне жатады», – делінген ведомство мәлімдемесінде.

Қазір тексеру уәкілетті органдармен заңнама талаптарына  сәйкес жүргізіліп жатыр.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі заңдылық, әділдік және лауазымына не мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтардың заң алдында теңдігі қағидаттарын әрдайым ұстанады. Судья тарапынан заң мен қызметтік міндеттерін бұзу фактісі заң талаптарына сәйкес тиісті құқықтық баға мен салдарынсыз қалмайды», – деп түсіндірді Астана соты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ