Астанада вейп пен темекі өнімдерін спорт жабдықтарына ауыстыру акциясы өтіп жатыр

0
181

Елордада кәсіби жаттықтырушы, ММА жауынгері Василий Тахтай бастаған спортшылар «Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясын өткізді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Акция қала тұрғындарының электронды темекіге, насыбайға және вейптерге қарсы күреске бағытталған.

«Бүгін бізде акция өтіп жатыр. Барлығы білетіндей, жастар арасында насыбай мен вейп танымал болып барады. Бұл біздің денсаулығымызға орны толмас зиян тигізеді. Сондықтан бүгін біз осындай акцияны бастап отырмыз, онда тәуелділік тудыратын заттарды спортқа арналған құрал-жабдықтарға ауыстырамыз», – деді Василий Тахтай.

Акцияға қатысушылар көшеде вейп немесе электронды темекі тұтынатын және темекі шегетін азаматтарға барып, құрылғыларын спорттық құрал-жабдықтарға ауыстыруды ұсынады. Мұндай айырбасқа көбісі қуана келіседі. «Жаман әдетті салауатты өмір салтына өзгертіңіз. Қолғапқа, теннис жиынтығына. Жаттығу жасаңыз, темекі шекпеңіз. Жастар сіздерден үлгі алады», – деді ММА жауынгері қала тұрғындарына.

Акция елорда тұрғындарының вейпке тәуелділік деңгейін төмендету мақсатында өткізіледі. Естеріңізге сала кетейік, Астанада барлық бес ауданда шегілмейтін темекі өнімдерін (насыбай, снюс) сату және өткізу фактілерін анықтау, сондай-ақ вейп пен электрондық темекіні ашық жарнама арқылы сатудың жолын кесу мақсатында рейдтер жүргізілуде. Рейд барысында 200-ге жуық сауда нысаны тексерілді. Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, шегілмейтін темекі өнімдерін сату мен таратудың 70-ке жуық фактісін анықтады. Байқоңыр ауданында 100 келіге жуық насыбай тәркіленді.

Қазіргі уақытта «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте шегілмейтін темекі өнімдерін, оның ішінде насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу көзделген. Шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сату 25 АЕК немесе 92 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Есірткі мен қазақстандықтардың денсаулығына зиянды басқа да заттардың зияны туралы айтқан болатын.

«Қазіргі уақытта тиісті заңдарға өзгерістер енгізу мәселесі қаралып жатыр. Олар тек вейп үшін ғана емес, сонымен қатар насыбайды пайдалану үшін де қылмыстық жауапкершілікті қарастырады. Бұл шаралар насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Президент.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ