Астанадағы LRT құрылысы қашан аяқталады – Жеңіс Қасымбектің жауабы
Бүгін Орталық коммуникация қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатындан журналистердің бірі Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекке «БАҚ-та Астанадағы 2025 жылы LRT құрылысы аяқталады деген ақпарат жарияланған еді. Құрылыс нақты қашан аяқталады?» деп сұрақ қойды.
Жеңіс Қасымбек бұл сұраққа нақты жауап бере алмайтынын жеткізді.
Сізге құрылыстың нақты қай айда аяқталатынын айта алмаймын. Бұл сұрақ маған бұрын да қойылған. Сонда мен тиісті қаржыландыру болса, 2-2,5 жылдың ішінде аяқталатынын айтқанмын, – деді елорда әкімі.
Биыл жыл басында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек 24.kz арнасындағы «President» бағдарламасында LRT жобасы 2024 жылдың соңына дейін аяқталатынын айтқан.
Мегаполис әкімінің айтуынша, жерүсті рельсті жерүсті метросының құрылысын аяқтау жұмысы былтыр басталған. Енді қалған шаруалардың барлығы келесі жылдың соңында аяқталады.
Өткен жылы Үкімет алғашқы қаржыны берді. Биыл бұл нысан құрылысы белсенді жүреді. Қазір жұмысты пысықтап, техника бойынша, осы LRT-да жұмыс істейтін пойыздар бойынша аванстық төлемдер жүріп жатыр. Жоба 2023-2024 жыл ішінде жүзеге асырылып, келесі жылдың соңына дейін іске қосылуға тиіс деп жоспарланған, – деді Жеңіс Қасымбек.
Сәуір айында өткен Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы LRT құрылысын тездетіп аяқтауды тағы бір мәрте тапсырды.
Қаңтарда LRT-ға қатысты жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырдым. Нақты мерзімдер айқындалды. Тұрғындарға уәде берілді. Енді осы жобаны дер кезінде аяқтау керек. Бұл жұмысқа біраз қаражат бөлінді. Бірақ, нақты нәтиже жоқ. Көлік мәселесін шешуді соза берсек, қала кептелістен көз ашпайды. Бұл үлкен дағдарыс тудыруы мүмкін, – деп мәлімдеді Тоқаев.
Қазір Астанада LRT бағандары маңында құрылыс жұмыстары қызып тұр. Қала әкімдігі жұмысты 2025 жылға дейін аяқтаймыз деп мәлімдеді.
Негізі LRT жобасының тарихы 2005 жылдан басталады. Сол жылы елорда әкімдігі «Астананың жаңа көлік жүйесі» бағдарламасын қабылдады. Оның ішінде ЛРТ мен БРТ жобасы да болды. Бастапқыда жоба үш кезеңнен тұрды. Ал құрылыс 2011 жылы басталып, 2020 жылы аяқталуға тиіс еді. LRT салуға жауапты мамандар сотталды, сондай-ақ жұмыс көлемі де қысқарды. Мысалы, құрылыс жұмыстары екі кезеңге бөлінді. Оның алғашқы кезеңін аяқтауға 1 млрд 152 млн доллар бөлінген. Бұл қаражатқа 8 станция салынып, 5 жылжымалы бірлік іске қосылады. Ал екінші кезеңіне 735 млн доллар бөлінеді. Осылайша LRT әуежайдан «Нұрлы жол» вокзалына дейін қатынайды.
Сондай-ақ Астанадағы қоғамдық көлік қозғалысына жауапты CTS компаниясы басты мақсат бөлінген қаражатты өндіру емес екенін айтады. Бұл әлеуметтік жоба болғандықтан, келешекте жолақысына субсидия да бөлінеді.