Ұлу жылы: 2024 жыл қандай болады?

0
552

Фото: faktiler.kz

Шығыс жылнамасына сәйкес келесі жылдың иесі – ұлу. Халық арасында ұлу жылы өте жайлы, жақсы жыл болады деген сенім бар. Бейбіт өмірді сүйетін, жайлы, тыныштықты жаны қалайтын, ақылды да зерек адамдар осы жылы туады деседі.

Ұлу жылының бір ерекшелігі ол барлық уақытта кібісе жылдармен тура келеді. Төрт жылда бір рет қайталанып келетін басы артық бір күн 2024 жылдың ақпан айының үлесіне тиеді. Осылайша келесі жыл 366 күннен тұрады.

Ұлу суда жүретін болғандықтан, әдетте бұл жылы құрғақшылық болмайды. Жыл тыныштықпен, береке-молшылықпен өткен. Қазақтар ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Кей жылдары бұл жыл жайсыз келіп отырған. Оған Бейімбет Майлиннің «Ұлу» деген өлеңі дәлел болады:

Ұлу келіп көтерді елдің обалын,

Мал жұтатып, сынын алды қораның.

Нақ ұлудай ұлытқан жоқ қазақты,

Атышулы былтырғы өткен «қояның».

Рас, 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс, Қазақстандағы байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін Сібірге жер аударған 1928 жылғы  голощекиндік кәмпеске де ұлу жылында болған.

Ұлу жылында тарихта қандай елеулі оқиғалар болған?

 2000 жыл

– 2000 жыл Тәуелсіз Қазақстан тарихында «Мәдениетті қолдау жылымен» есте қалды.

– 29 шілдеде бұрынғы Семей полигонындағы соңғы ядролық сынақ алаңы жойылды.

– 23 тамызда Қазақстан Республикасының  Ұлттық қоры құрылды.

– 15 қыркүйекте Сиднейде XXVII  жазғы олимпиада ойындарының алауы жағылды. Осы дүбірлі додада  Қазақстан үш алтын, төрт күміс олжалап, зор жетістікке жетті.

1988 жыл

– Араға 62 жыл салып Наурыз мерекесі қайта тойлана бастады.

– Қазақстанда 143 миллион тонна көмір өндіріліп, ол рекордтық деңгейге жетті.

– КСРО-да кооперативтер құрыла бастады. 24 тамызда бүкіл Кеңес одағында алғашқы кооперативтік банк Шымкент қаласында ашылды.

– 15 мамырдан бастап кеңес әскерлерін Ауғанстаннан шығару басталды.

– 17 қыркүйек – 2 қазан аралығында  XXIV Жазғы олимпиада ойындары Сеулде өтті. Осы додада Қазақстанның ауыр атлеттері алғаш рет олимпиада медалін иеленді. 90 келі салмақта шеберлік сынасқан зілтемірші Анатолий Храпатый олимпиада чемпионы атанды. Жалпы, XXIV олимпиада ойындарында КСРО құрама командасында 30 Қазақстан спортшысы қатысты. Олар әртүрлі дәрежедегі 18 медальді иеленді.

1976 жыл

– Қаңтарда жер шарының 4 миллиардыншы тұрғыны дүниеге келді.

– 16 ақпанда Кеңес Одағында алғаш рет «КАМАЗ» көлігі шығарылды.

– 7 мамырда – Бас хатшы Леонид Брежневке Кеңес Одағының Маршалы атағы берілді.

– Алматының «Қайраты» Қазақстан футбол тарихында алғаш рет КСРО бірінші лига клубтарының чемпионатында жеңіске жетті.

– 17 шілде – 1 тамыз  арлығында XXI Жазғы олимпиада ойындары Канаданың Монреал қаласында өтті. КСРО құрама командасының сапында 14 Қазақстан спортшысы 11 спорт түрінен бақ сынап, 8 алтын және 2 күміс медальға ие болды.

– 18 қыркүйекте Қытай халқы көсемдері Мао Цзэдунді ақтық сапарға шығарып салды.

1964 жыл

– Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығына келді.

– 14 қазанда СОКП Орталық комитетінің қазан пленумында Н.Хрущев барлық партиялық қызметінен босатылды. Бірінші хатшылыққа Л.Брежнев келді.

– 16 қазанда  Қытай алғаш рет ядролық қаруын сынақтан өткізді.

– 10-24 қазан арылығында XVIII Жазғы олимпиада ойындары Токиода өтті. Бұл олимпиада алауының алғаш рет Азия құрлығында жағылуы еді. Олимпиаданы Токиода өткізу 1940 жылы да белгіленген болатын. Бірақ Жапонияның Қытайға басып кіруіне байланысты ол Хельсинкиге ауыстырылып, артынша Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуынан мүлдем өтпей қалды.

Маржан ТІЛЕУБЕК

ПІКІР ҚАЛДЫРУ