Асық ату бүкіл республика бойынша қарқынды дамып келеді.

0
12

Астанада өткен асық атудан республикалық турнирде Шет ауданының спортшысы Мейір Рахымжан жеңімпаз атанды. Жүлделі орындар үшін Қазақстанның 9 облысынан келген 67 қатысушы бақ сынады. Дүбірлі дода Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спортшысы, әлем чемпионы, Азия чемпионы және ҚР спорт шебері Мырзамұрат Қайыпбековтің құрметіне арналды.

Турнирде Қарағанды облысының намысын Шет ауданы Ақжал кентінің спортшылары қорғады. Мейір Рахымжан жоғары дайындық деңгейін, мергендігін және сабырлылығын көрсетіп, тартысты бәсекеде бірінші орынды иеленді.

Жеңімпаздың айтуынша, команда жарысқа нақты мақсатпен — бар мүмкіндікті толық пайдаланып, облыс намысын абыроймен қорғау үшін барған.

— Жарысқа еліміздің әр өңірінен мықты спортшылар жиналды. Қарағанды облысынан төртеу болып қатысып, жеңіске жетуді мақсат еттік. Қуантатыны — асық ату бүкіл республика бойынша қарқынды дамып келеді. Бала күнімізде аулада асық ойнап жүретін едік, ал бүгінде бұл — кәсіби спорт түріне айналды. 2022 жылы облыстық жарыста жеңімпаз атанып, кейін Қостанайда өткен республикалық турнирге қатысып, жүлделі орынға ие болдым. Осы нәтижелердің арқасында спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындадым, — деді Мейір Рахымжан.

Спортшының сөзінше, асық ату дене төзімділігін, мергендікті, ептілікті және жылдам шешім қабылдау қабілетін дамытады. Ойын жоғары шоғырлануды, белсенді қимылды және бәсекелестік рухты талап етеді. Сондықтан бұл спорт түрі қазіргі жастар үшін ерекше тартымды.

Фото Мейір Рахымжанның жеке мұрағатынан

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз