«Ата жолы» картасы: Қажетті кадрлардың қатарын қандастар толтырады

0
335

Адам капиталын дамытуда еңбек нары­ғындағы сапалы кадрларды арттырудың маңызы зор. Бұл бағытты ішінара шетелден пайдалы жұмыс күшін тарту арқылы да ілгерілетсек, ұтылмасымыз анық. Осыған баса мән берген Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында тиімді көші-қон саясатына тоқталып, шетелден білікті мамандарды шақырту керек екенін атап өтті. Ал мұндай талапқа сай келетін мамандар шетте туып-өскен өзіміздің қаракөздеріміз болса, құба-құп. Осындай мүмкіндік тудыратын «Ата жолы» картасы биылдан бастап қолға алынып отыр.

Карта иегерлерінің саны жыл сайын артады

Жаһанның 40-тан аса еліне жайылған қазақ жұртына тағы бір ақжолтай жаңалық жетті. Жоғарыда атап өткен Президент бастамасы аясында Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл «Ата жолы» картасы 5 мың адамға берілетінін мәлімдеді. Бұл туралы құзырлы министрліктің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарында жазылып, жарияланды.

Карта шетелден келетін репат­риант­­тарға, яғни шетел қазақтары­на беріледі. Осы ретте репатриант­тардың атауына аз-кем тоқтала кетсек. Шетелден келген қазақтар­дың атауы әу баста «оралман» еді. Бұл – әлеумет­тік мәртебе. Яғни сол мәр­тебенің аясында репатрианттар атажұрт тарапынан берілетін игіліктер мен жеңілдіктерге ие болып келді. Кейін бұл «оралман» сөзіне қырын, қиғаш дау айтатындар да табылды. Алайда тіл мамандары бұл атаудың дұрыс екенін алға тартады. Мәселен, байырғы атақонысына қайта оралған қазақтардың «оралман» ата­нуы­ның өзіндік заңдылығы бар.

Яғни бұл – «көрермен», «оқырман» сынды қазақтың сөздік қолданысына сай жа­салған тілдік бірлік. Ал «қан­­дас» сөзі айтуға жеңіл, жү­рек­ке жылы тигенімен, қа­зақта қарындас (бір жатырдан тараған), қандас, рулас, бауырлас, қаймана тәрізді туыстық жақындығына сай түрлі санатқа жіктеліп айтылады. Мұндағы «қандас» – қыз алысып, қыз беріс­пейтін, қан жақын туыстықты білдіретін атау-тұғын. Бұл – қазақ тілінің заңдылығын жіті білетін маман­дардың уәжі. Рас, «оралман» атауының оғаштығы жоқ еді. Десек те еш­кім­нің көңіліне келмейтін, әлеуметтану ғылы­мының ті­лімен репатриант дегеніміз жөн шығар…

Ал енді Алаш жұртын ай­рық­ша қуанышқа бөлеген «Ата жолы» картасына орал­сақ. Карта туралы әңгіме 2019 жылдың мамырында ай­тыла бастады. Дәлірек, «Отан­дастар қоры» КеАҚ, Дү­ние­жүзі қазақтарының қауым­дастығы және Сыртқы іс­тер министр­лігімен бірлесіп, бірегей «Қазақ картасы» жобасы репатрианттардың игілі­гі­не арнап жоспарланған. Әйт­кенмен бұл сыбыстан кейін ды­быс шықпай, дымымызды құрт­қан. Шетелден келетін қазақ­тардың шар­уасымен айналысып жүрген ұйымдарға БАҚ өкіл­дері са­у­ал жолдап, картаның соңы­на шырақ алып түссе де, түк шықпады. Шетелдегі ағайын болса, карта­ның қа­шан ашы­латынына «карта ашып» жата берді. Соны­мен сиыр­құйымшақтанып бара жатқан карта­ның тағдырын Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Бо­сым­­бек­қызы түнектен қайта түлет­кендей болды.

– «Ата жолы» картасын (аме­рикалық Green Card-қа ұқсас) енгізу ұсынылады. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өздері тұратын елде табысты биз­нес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақ­станда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға беріледі, – деді Тамара Дүй­сенова 2022 жылдың соңын­да болған Үкімет отырысында.

«Ата жолы» картасымен шетел қазақтары 10 жылға жеңіл­детілген виза ресімдеп, елімізде өз кәсібін дамытуға мүм­кін­дік алады. Жыл сайын карта иегерлерінің саны 5, 10, 15 мың­ға артып, 2027 жылы 40 мың­ға жетуге тиіс деп жоспарланып отыр.

Министрдің айтуынша, шетел қазақтары тарихи Ота­нын дамытуға қосқан үлесі үшін жыл сайынғы «Па­­рыз» байқауы аясында Пре­­зидент сыйлығымен мара­пат­тауға да ұсы­нылады.

– Екінші – елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру. Яғни еліміздегі демографиялық және эко­но­мика­лық үрдістерді ескере отырып, құжаттарды ресім­деудің алғашқы кезеңінде қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануға қосымша ынталандыру ұсыны­лады, – деді министр.

 

Тұжырымдаманың тұшымды тұсы

Әзірлеген жаңа тұжырым­дама тоқыраң­қырап тұрған қазақ көшінің бойына қайта қан жүгірте ала ма? Осы ретте көші-қонға қатыс­ты құзырлы орынның пікіріне жүгіндік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Ілияс Испановтың айтуына қарағанда, жаңа тұжы­рымдаманың тұшымды тұсы көп.

– Құжат Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес әзірленіп, Экономикалық реформалар жөніндегі жоғары кеңесте мақұлданған. Тұжы­рымдама еліміздің көші-қон саясатын реттеуді және эконо­микалық дамуын кадр­лық жағынан қамта­масыз етуді көздейді. Оның ая­­сы­н­­­­да алдағы жұмыстың бас­­­ты 3 бло­гі ай­қындалды. Атап айтқанда, елімізге білік­ті кадр­­лардың келуін ынталандыру; шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құ­қы­ғын қорғау және өңірлер арасындағы демог­рафиялық теңсіздікті жою. Сондай-ақ елімізге ең тапшы маман­дықтар бойынша 500 бі­лікті маманды тарту үшін 7 ба­ғыт­та жұмыс жүргізіледі, – дейді ол.

Тұжырымдама аясында ин­вес­тициялық виза берудің тө­менгі шегін 300 мың доллар­ға дейін (шамамен 140 млн теңге) төмендету қарастырылған. Қазақстанға кемінде осын­дай көлемде инвестиция сал­ған шетел кә­сіп­керлеріне «Ин­весторлық виза» бері­леді. Аталған визаның көмегімен ел аума­ғын­да тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қызметкер жалдауға, қар­жы төлем­дерін жүргізуге жә­не олардың кәсіпкер­лік қыз­метінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға болады. Бұған қоса көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасында шетел­де жұмыс істейтін отандас­тарымыздың құқығын қорғау мәселесі қарастырылған.

 

Мультипликативті мүмкіндіктер

«Отандастар қоры» – шетелде тұратын отан­дастарға және Қазақстанға көшіп келген қандастарға қолдау көрсететін ұйым. Қор президенті Абзал Сапарбекұлының ай­туын­ша, қазір қор шетел қазақтарының ұлттық бірегейлігін сақтау үшін түрлі мәдени іс-шаралар өткізіп, қазақ тілін үйрету мен білім беру саласын дамыту, отандастарға ақпараттық қолдау көрсету бойынша көптеген іс атқарып отыр. Осыған орай, айтулы картаның жай-жапсарын, қандай мүм­кіндіктері барын сұрап көрген едік.

– «Ата жолы» картасын алған қазақтар саяси құқықтарды қоспағанда, бизнесін тіркеп, мүлікке, оның ішінде тұрғын үйге иелік ете алады, қаржылық операциялар жүр­гі­зуіне болады, сондай-ақ тұруға рұқ­сат бе­ріледі. Жалпы, келешекте карта иегер­лерінің ауқымы кеңейіп, саны да, сапасы да арта түседі деген сенімдеміз, – дейді А.Сапарбекұлы.

Оның айтуынша, алдағы уақытта картаны алуға ниет білдіруші азаматтардың қата­ры кө­бейіп жатса, тиісті көлем­ді ұлғайтуға болады.

– Мемлекет «Ата жолы» кар­тасы арқылы мықты биз­нес­­мендердің айналасына немесе соның бизнесінің төңі­регіне өздері қоныс аударған елдегі жерлестерінің де кө­шіп келуіне ықпал етуді көз­дейді. Мұндай тәжірибені қолда­нудың қажеті жөнінде ертеректе қоныс аудар­ған қан­дас­тарымыз тарапынан бұ­рын­нан айтылып жү­ретін. Сон­дықтан бұл әдістің ар жа­ғында қандас­тардың топтап көшіп келуімен қатар олар­дың жұмыспен қамтылуы, жаңа ортада тез бейімделуі сияқты мультипликативті мүмкіндіктері бар екенін ескер­геніміз жөн. Әрине, бұл – алғашқы қадам. Жалпы алғанда, «Отандастар қоры» «Ата жолы» картасының аясын кеңейту туралы ұсыныс берді. Атап айтқанда, тек бизнес өкілдерін ғана емес, шетелдегі қазақтың мүддесіне қызмет етіп жүрген белсенділер мен танымал, беделді қандастарға да беруді ұсынып отырмыз, – дейді қордың президенті.

«Отандастар қоры» шетел­дегі қазақтармен мәдени-іскерлік байланыстарды дамыту, білім беру, сондай-ақ та­рихи Отанына оралуға ниет­ті қан­дас­тарға ақпараттық және консуль­тациялық көмек көрсету сияқты жобаларды жалғастыра отырып, көші-қонды жандандыруға үлес қоспақ ниетте.

– Атажұртым деп көзді жұ­мып, сағыныш­ты көңілмен көптеп келетін қандастар жылдан-жылға азайып барады. Жаппай қоныс аударушы­лардың легі еліміз тәуелсіздік алған­нан кейінгі жылдардың бірінші ширегіне тән. Осыны ескере отырып, мемлекеттің саясаты да заман талаптары­на сай өзгеріп жатыр. Көші-қон саясатын реттейтін жаңа тұжырымдама аясында көшті қолдауға жаңа өзге­ріс­тер енгізілді, – дейді А.Сапар­бекұлы.

Оның ішінде Үкімет айқын­даған өңірлерге қоныстанатын, тұрақты жұмысы бар қоныс аударушыларға сатып алатын тұрғын үй құны­ның 50%-ы кө­лемінде қаржылай көмек ретінде экономикалық ұтқыр сертифи­катын беру қарас­ты­рылған. Атал­ған қаражат құрылысқа, тұрғын үй сатып алуға немесе «Отбасы банк» АҚ арқылы баспана алатын болса, бастапқы жарнаны енгізуге бағытталуы мүмкін. Бұл бойынша ресми заңнамалық құжаттар қабылданған кезде хабарланбақ.

«Ата жолы» бірегей картасы жөнінде шетелде тұратын әріптестерімізге байланысқа шығып, пікірін білген едік. Олардың көз тігіп, құлақ түріп отырғаны да осы екен. Атал­ған карта іске қосылысымен іске кірісуге дайын шетел жас­тарының қарасы мол көрінеді. Байқауымызша, олар карта ашылған күннен бастап кейінгі жылдарда байырқалап қалған қазақтың байсалды көшін қайта қозғауға зор септігін тигізеді деп сенеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ