«Атамекен» ҰКП бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовке қатысты сот басталды
Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Абылай Мырзахметовке қылмыстық кодекстің 28-бабы 4-бөлігі – 367-бабы 4-бөлігі (пара беруге көндіру), 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша айып тағылған.
Сот барысында судья Айжан Күлбаева сотталушының қорғаушылары Мырзахметовке қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтарпау шарасын бас бостандығынан айырудан басқа шараға ауыстыруды сұрағанын айтып өтті.
«Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, сотталушы Мырзахметовке қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. 2023 жылдың 12 мамырдағы бұлтартпау шарасына санкция беру кезінде тергеу соты Мырзахметовтың аса ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінгенін, жасалған іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігін назарға алды. Сондай-ақ істі тергеу барысына қысым көрсету және Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шығу мүмкіндігі туралы сотқа дейінгі тергеу органы ұсынған деректер ескерілді. Тергеу соты сотталушының бостандықта болуы сотқа дейінгі іс жүргізу органдары мен соттан жасырына алатынына, объективті толық тергеуге кедергі жасау немесе қылмыстық әрекетін жалғастыруы мүмкін екенін ескерген», – деді судья.
Сондай-ақ бұлтартпау шарасы қажеттілік болған кезде өзгеретінін айтты.
«Бұл жағдайда сот сотталушының қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын бас бостандығынан айыруға байланысты емес өзге де бұлтартпау шарасына өзгерту қажет деп таппады», – деді судья.
Айта кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Абылай Мырзахметовті 2023 жылдың 11 мамырында ұстады. Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деген күдікке ілінген болатын.
Содан кейін 2018-2019 жылдар аралығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Нұржан Әлтаев делдал арқылы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам қаражат алды деп айыпталды. Ол сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.