Қатерлі дертпен күрескен қайсар балалар

0
257

Былайғы жұрт қатерлі ісіктің балаларда кейде туабітті пайда болатынынан хабарсыз. Ресми деректерде әлемде онкологиялық ауруға шал­дыққан балалардың көбейіп жатқаны айтылады. Өкініштісі, ата-аналар зарыға күткен перзентінің қатерлі ісікке шалдыққанын кеш аңғаратын жайттар кездеседі. Өткен аптада онкологиялық ауруға шалдыққан бала­лар­дың халықаралық күні өтіп, елде осы күні дертпен күресіп жатқан кішкентай «қаһармандар», ата-аналар мен дәрігерлер жүздесіп, бір-біріне құрмет көрсетті.

Осы күні Астанадағы Ана мен бала ор­талығында дәрігерлер онкологиялық ауруға душар болған балалардың көңілін аулап, қоғам назарын бүлдіршіндерге аударуға ықпалдасады. Дертінен айығып, қалыпты өмір сүріп жүрген жастар орталықтағы жасөспірімдерге қолдау көрсетіп, пікір алмасып, жігерлендіреді. Ал орталықтың онколог дәрігерлері сирек кездескен диагноздар турасында, ауруды алдын алу жолдары және емдеу әдістері жайлы сөз қозғады.

Ана мен бала орталығында балаларға жайлы жағдай жасалғанын бірден аңғардық. Мұндағы 4 онкологиялық бөлімде 140 балаға дейін ем қабылдайды. Орын тапшы­лығы сирек байқалады. Себебі Алматы қаласында педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы бар. Орталықта жаңа туған нәрестелер мен 18 жасқа дейін­гі балалар емделеді. Ана мен бала орталы­ғының онколог-гематолог дәрігері Гүлшат Көшерованың айтуынша, орталыққа қайыры­лып, трансплантациясыз-ақ қатерлі ісіктен айыққан балалар көп.

– Статистикаға жүгінсек, лейкозға (ақ қан) шалдыққан балалардың саны орта есеппен жылына 280-ге дейін жетеді. Лейкоз деген – қан түзетін органдар жүйесінің қатерлі ісігі. Егер баладан лимфобласты лейкоз анықталса, ол 60-80 пайыз емделіп кетеді. Ал миелоблас­ты лейкоз болса, бала 60 пайыз сырқаттан айығады. Қиыны сол, кейде лейкоздың белгілері байқалмағанымен анализ алғанда қан арқылы анықталып жатады. Ең бірінші кезекте біз балаларды химиотерапияда емдей­міз. Ол үшін алдымен операция арқылы ісікті аламыз. Бірақ осыдан соң ісік метастаз беруі мүмкін. Яғни ісік клеткалар арқылы қан немесе лимфа ағынымен басқа органдарда қайта пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар сирек кездеседі. Балалардың басым көпшілігі химиотерапиядан емделіп шығады. Егер баланың дерті химиотерапияға келмесе, трансплантация жасалады. Ашып айтсақ, донор туысы болса, сүйек кемігі ауыс­­тырылады. Байқасаңыздар, бастапқыда емнің барлығы орталықта жасалады. Егер де балаға ем қонбаса немесе донор табылмаса, Түркия, Беларусь, Ресейге немесе басқа да елдерде квота арқылы тегін ем қабылдай алады. Кейінгі жылдары қатерлі ісікке шал­дыққан балалар көбеюде. Әсіресе Астана қаласында, Алматы, Түркістан облыстарында жиі тіркеліп жатыр. Бұл статистика аталған аймақтарда халық көп шоғырланғаннан болса керек,  – дейді дәрігер.

Балалар орталықта диагнозына қарай ем алған соң бес жылға дейін диспансерлік есепте тұрады. Қатерлі ісікке шалдыққан балаларды емдеуде сырқатты мейлінше ерте анықтаған тиімді екенін дәрігерлер бұған дейін де сан мәрте ескертті. Алайда шалғай ауылдарда дертті дер кезінде анықтау мүмкін болмай жатады екен. Осы күнге дейін орталықта ұзын-саны 186 трансплантация жасалған. Оның ішінде 10 трансплантация туыстық емес донордан алыныпты. Дерттен айыққан балалар көп болса, ауырып жатқандар да аз емес. Дәрігерлердің айтуын­ша, жасы кіші балалардың ағзасы емшараны жақсы қабылдаса, жасөспірімдердің қабылдауы күрделірек болады. Мұны үш жасар перзентін бауырына басып, орталықтан шыққан Гүлсім есімді ана да растап отыр.

– Атырау облысы Құлсары қаласынан келдік. Қызымыз Айкөркемнің жасы – үште. Лимфобласты лейкоздың түрі бойынша диагноз қойылды. Маусым айынан осында ем алып жатырмыз. Балаларда да қатерлі ісік болатынын біз бұрын-соңды білмедік, естімедік. Отбасымыз үшін осы хабар ауыр соққы болды. Дәрігерлер жасы кіші балалар емді жақсы көтеретінін айтты. Құдайға шүкір, дәрігерлердің арқасында баламыз ауруды жеңіп шықты. Бүгін бізді «чемпион баламызбен» орталықтан шығарып салды. Біз ауруды жеңдік. Қазір медицина дамыған, шетелге шықпай-ақ ем алуға болады екен. Біз одан әрі дәрігер ұсынған емшаралары қабылдап тұрамыз. Баланың емі тегін, дәрі-дәрмегі барлығы тегін берілді. Дәрігерлер мұндай ауру­ларды мейлінше ерте анықтаса, балалардың дерттен айығып кету мүмкіндігі жоғары. Ата-аналарға айтарым, бала ауырып жатса, бірден дәрігерге апару керек, – дейді Гүлсім Имаш.

Қатерлі ісікке шалдығып, кейін трансплантация жасатқан 9 жасар Нұргелді Нұрболат анасы екеуі дәрігерлерге алғысын айтып жатты. Анасының алдына түсіп, диагнозын, дәрігерлердің жылма-жыл жасаған емшараларын айтып берген Нұргелдіге біз де таңғалдық.

– 2019 жылы ауырып, кейін 2020 жылы орталықтан ем алып шықтым. 2022 жылы қайта ауырдым. Бес ай орталықта жатқан соң ағам донор болып, трансплантация жасалды. Жұлындағы жілік майын ауыстырды. Міне, дәрігерлердің арқасында жазылып шықтым. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Өзім секілді балалар ауырмасын деп тілеймін. 2019 жылдан бері диспансерлік есепте тұрамын. Қазір Оралда әзірге үйде оқып жатырмын. Енді бұйырса, алты айдан кейін жалпы білім беретін мектептің 5-сыныбына өзім қатынаймын деп отырмын, – дейді ол.

Ана мен бала орталығында онколо­гия бөлімінің меңгерушісі, дәрігер Даир Нұр­­ғалиев ата-аналармен, дертті жеңіп шық­қан балалармен кездескенде онко­логия­лық ауру­ларды емдеудің тарихынан бастап егжей-тегжейлі айтып берді. Ел мед­и­цинасының әлеуеті, жетістігі, дәрігер­лер­дің біліктілігі жайында көптің көкейіне ой са­ларлық дүниелерді түсіндірді.

– Біз медицинасы көш ілгері елдердің тәжірибесін қолданып, онкологиялық аурулар­ды емдеудің тың әдіс-тәсілдерін меңгеруге басымдық беріп отырмыз. Осы тұрғыда Корея, Түркия, Ресей, Германияда серіктестеріміз бар. Күрделі операцияларда шетелден дәрігер шақырамыз. Бұрын шетелде жасалған операциялардың көбі қазір өзімізде жасалады. Әрине, кез келген ата-ананың баласын шетелде емдетуге құқы бар. Егер де сол сырқаттың емі елде бар болса, ата-аналардың шетелге баруды көздеп, елден қайырымдыққа ақша жинағанын дұрыс деп санамаймын. Өкінішке қарай, осындай келеңсіздіктен ең әуелі балалар зардап шегеді. Мысал ретінде айтсам, бірде ата-ана баласын бізде емдетуге қарсы болып, халықтан жиналатын ақшаны күтіп қалды. Сол мезгілде, өкінішке қарай, баланың дерті асқынып кетеді. Ата-аналар онкологиялық ауруда бала үшін әр күн маңызды екенін ескермей жатады. Дәл сол жағдайда баланы өзіміздің орталықта емдеуге, аман алып қалуға мүмкіндік болды. Осындай оқиғаларда, біріншіден, бала зардап шексе, екіншіден, қоғамда қате пікір қалыптасуы мүмкін. Қазір ешқандай медициналық құжатсыз ақша жиып, баланы шетелге апарып жатқандар бар. Бірақ мұндай сәттерде баланың денсаулығына ешкім кепілдік бере алмайтынын ұмытпағанымыз жөн,  – дейді дәрігер.

Желіде дертке шалдыққан баланың ахуа­лын көрген қарапайым халық баланы аман алып қалуға титтей де болса көмегіміз тиер деп ақша аударудан қашпайды. Ал қайы­рымдылық қорлары мүмкіндігінше меди­циналық орталықтарға қайырылып, сондағы науқас балаларға жәрдемдессе, қайыры мол. Қазір де Ана мен бала орталығына жәрдемдесіп жатқан қайырымдылық қорлары бар. Орталыққа ем алуға келген балаларға шын мәнісінде шетелде бағасы шарықтап тұрған емшаралардың барлығы тегін. Кейбір аса күрделі аурулармен күресуге елдегі медицина дәрменсіздік танытса, дәрігерлер баланы шетелге Денсаулық сақтау министрлігі арқылы жолдайды. Осылайша, балалар шетелде де тегін емделе алады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ