«Жайлы мектеп»: тапсырыс беруші кімнің мүддесін көздейді?

0
310

«Жайлы мектептердің» техникалық жобаларында шетелдік жеткізушілердің мүддесі басым. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасына жүгінген бизнес өкілдері осылай деп дабыл қағып отыр. Олардың пікірінше, «Самұрық-Қазына» қоры мемлекет қаржысы арқылы шетелдің экономикасына қолдау көрсетпек.

Қазақстанның Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының басшысы Қанат Ибраев «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасы ең алдымен құрылыс саласын қолдауға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, конкурс­тық құжаттама тек құрылыс кәсіп­орындарының қатысуын көздейді. Тиісінше, мектепке қажетті гранит, жиһаз, жабдық және тағы да басқа дүниелерді сатып алу мүмкіндігі тапсырысты алған құрылысшыға беріледі.

– Ал құрылысшылар жобаны арзандату үшін ақша үнемдеуге тырысатыны анық. Олар бірінші кезекте үнемдеуді қосалқы мердігерлердің есебінен жүргізеді. Біздегі тәжірибе осы­ны көрсетіп отыр. Әрине, бұл жер­де құрылысшыларды да кінәлай алмай­мыз. Өйткені материалдардың қымбаттауына олар кінәлі емес, – дейді Қанат Ибраев.

Оның айтуынша, үлгілік шартта Қазақстан нарығында материалдар жеткіліксіз болған жағдайда (нендей жеткіліксіздік екені айтылмайды) мердігердің импорттық өнімді сатып алуға құқығы бар екені айтылған. Отандық жиһаз жасаушылар осы бір тармақтан «қорқып» отыр.

– Әдетте, мұндай жағдайда келесідей сценарий орын алады: Мердігер соңғы уақытқа дейін күтеді. Тиісінше, еш­қан­дай материал сатып алмайды. Мер­зімнің аяқталуына санаулы сәттер қалғанда тапсырыс берушіге «қазақ­стандық өндірушілердің шамасы кел­мейді, сондықтан тиісті жабдықтар мен жиһаздарды Қытайдан немесе Ираннан сатып алайық» деген уәжді алға тартады. Мен мысал ретінде айтып отырмын. Біз бұл жерде ештеңені қадағалай алмаймыз. Демек қажетті дүниелерді отандық тауар өндірушілерден сатып алмау талаптары шартта әу бастан ескерілген, – дейді қауымдастық басшысы.

Қанат Ибраев тағы бір олқылықты айтып берді. Шартта тапсырыс беруші­нің материалды ауыстыруға құқығы бар екені жазылған. Оның пікірінше, бұл сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын бірден-бір тармақ саналады. Осылайша, тапсырыс беруші «сатып алу уақытын қысқартамыз» деп немесе «отандық кәсіпорындармен келісімге келе алмадық» деген желеумен өздеріне ыңғайлы мердігерлерді таңдай алады.

– Сондықтан жиһаз өнеркәсібіне қатысты сатып алуды жеке лот ретінде бөлек қарастыру қажет. Сатып алудың және конкурстық құжаттаманың бұл тәртібі «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу тәртібі негізінде әзірленді. Кәсіпкерлер ұзақ жылдар бойы күресіп, отандық тауар өндірушілерге арналған 14 жеңілдікке қол жеткізгенін ұмытпайық. Алайда олар ұлттық жобаға арналған конкурстық құжаттамада көрсетілмеген. Отандық тауар өндірушілер 50 пайыз көлемінде банк кепілдігін енгізуге тиіс, – деп нақтылады Қ.Ибраев.

Қазақстан жиһаз ұсталары гильдия­сының мүшесі Игорь Проценко жиһаз үлгілеріне қатысты пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, жиһаз өндірісі үшін жалпы техникалық сипаттама қажет. Өйткені жаңа мектептерге қажетті жи­һаз­дың көлемі Қазақстандағы барлық өндірушінің жылдық жұмысынан үш есе көп.

– Ұлттық жобаға өндірушілердің көбі қатыса алмайды. Өйткені әр мектепті жан-жақты жабдықтау көп уақытты қажет етеді. Біз осы уақытқа дейін 4,5 мыңға жуық мектепті жабдықтадық. Әрине, техникалық тұрғыдан жақсы жабдықталған өндірушілер сапалы өнім шығара алады. Алайда олардың технологиялық мүмкіндіктері мен қуаттылықтары шектеулі. Оның үстіне қазір өндірушілердің көбі екі-үш жылға алдын ала тапсырыс қабылдап қойған. Біразы бөлшек саудада жүр, біразы экспортқа жұмыс істейді дегендей. Олар ұлттық жобаға бола қабылдап қойған тапсырыстарынан бас тартпасы анық. Бірақ біз олардың технологиялық мүмкіндіктерін кооперацияға біріктіре аламыз. Егер жиһаз тым күрделі болмаса, онда кейбір компания бір-екі номенклатуралық позицияны шығаруы мүмкін. Мысалы, жылына 1500-2000 дана мұғалімнің жұмыс үстелін дайындауға болады. Біз мұндай өндірушілерді тарта аламыз. Алайда ол үшін бізге жиһаз бойынша жалпы техникалық жіктеме қажет. Сондықтан біз осы мәселе бойынша ортақ шешімге келуге тиіспіз. Жалпы техникалық сипаттаманы және жалпы дизайн құжаттамасын әзірлеп, оны жиһаз жасаушылардың барлығына тарату маңызды, – дейді Игорь Проценко.

Тас өңдеу саласы одағының басшысы Дәурен Ағзымов тапсырыс беруші жобаға «талшықты цемент панелін пайдалану керек» деген талап енгізгенін алға тартты. Алайда мұндай панель Қазақстанда мүлдем өндірілмейді екен.

– Біздің елде ондай зауыт жоқ. Ал «Самұрық-Қазына» болашақта тал­шықты цемент зауыты салынады деп мәлімдеді. Бірақ оның қашан салынатыны әлі белгісіз ғой. Бұдан шығатын қорытынды – тапсырыс беруші шетелдік жеткізушілердің мүддесін қолдап отыр. Шартта отандық тауар өндірушілерді қорғау туралы жазыл­маған. Жалпылама айтылған талаптар мәселені шешпейді. Бұл жердегі тұтас жүйе құрылысшылардың еркіне тиіп отыр, – дейді кәсіпкер.

«Ақнұр Кабель» ЖШС басқарушы директоры Аслан Әлдибек құрылысшылар үшін нормативтік мерзімді енгізуді ұсынды. «Мысалы, бізге тамызда 1 қыркүйекке дейін тиісті өнімді жасау керек деген тапсырыс түссе, өндірушілер мұны орындап үлгермейді. Біз ұсынып отырған нормативтік мерзім осындай жағдайларды реттеу үшін керек. Айталық, өнімге бес ай бұрын тапсырыс берілсе дейміз», деді ол.

Кәсіпкерлер ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін 1,5-2 жылдық кесте әзірлеуді ұсынып отыр. Соның нәтижесінде, өндірушілер жұмысты жоспарлап, тапсырысты ойдағыдай орындай алатын болады. Жалпы, отандық нарық «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы тапсырыс­тарды орындауға әзір. Мәселен, былтыр жиһаз өнеркәсібі бойынша ішкі нарықтың айналымы 69 млрд теңгені құраған. Осының өзі отандық жиһаз жасаушылар әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

Кәсіпкерлер отандық өнім шетелдің импорттық тауарынан кем түспейтінін алға тартып отыр. Бастысы бірыңғай оператор сапаны бақылау үшін өндіру­шілер негізге ала отырып жұмыс істей­тін техникалық регламенттерді бақы­лауды жолға қоюы керек. Қысқасы, кәсіп­керлер «Жайлы мектеп» ұлттық жоба­сының үйлестірушісі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ отандық бизнес үшін іс жүзінде орындау мүмкін емес талаптарды қойып отырғанына қапалы.

– Мысалы, І санаттағы лицензия алу үшін қызмет жеткізуші осы жылды қоса алғанда соңғы бес жылда жалпы ауданы 75 мың шаршы метрді құрайтын әлеуметтік нысан салуы талап етіледі. Бұл ретте қолданыстағы заңнамада «әлеуметтік нысан» ұғымы қарастырылмаған. Осыған байланысты қандай критерийлер негізінде есептеу жүргізілетіні туралы түсінік жоқ. Кі­тапханалар, мешіттер, мұражайлар, әуежайлар, вокзалдар, ауруханалар және басқа да көптеген нысан бар. Біз оларды осы тізімге енгізу керек деп санаймыз. Бұл – күрделілігі бірдей санаттағы нысандар. Сол мұражай да, сол кітапхана да әлеуметтік нысан болып саналады, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Аңсар Сейсекеев.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ құрылыс және пайдалану жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Ғабит Малғаздаровтың айтуынша, қазіргі кезде конкурстық құжаттамаға толықтырулар енгізу мәселесі қарас­тырылып жатыр. Пайдалануға берілген көппәтерлі тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандардың ауданы бо­йынша жұмыс тәжірибесінің болуы талқылануда. «Біз әлеуметтік нысандарды өзгертпейміз, қалдырамыз. Мұра­жайлар, мешіттер, кітапханаларды қосу туралы ұсынысты қарастырамыз», деді Ғ.Малғаздаров.

Сондай-ақ палата мамандарының әлеуетті өнім берушіде ағымдағы сот талқылауларының болмауы талаптарына қатысты ескертулері қабылданды. Бұл да компаниялардың конкурсқа қаты­суын шектейді. Өйткені сот шешімі заң­ды күшіне енгенге дейін шағымдарға қа­тысу жеткізушіде қандай да бір берешек­тің немесе талаптардың болуын растамайды.

Қазақстанда импортталатын құ­­рылыс материалдары мен жаб­дықтарын сатып алатын құрылыс са­лу­шыларға айыппұл санкцияларын қол­дану мәселесі әзірге ашық күйінде қа­лып отыр. Естеріңізде болса, бұған дейін ұлттық палата осындай айыппұл енгізуді ұсынған болатын.

«Атамекен» алаңында өрбіген келіс­сөздер нәтижесінде бірқатар маңыз­ды мәселе бойынша келісімге қол жеткізілді. Samruk-Kazyna Construction отандық өндірушілердің пайдасына кейбір өзгерістерді қарастыруға және енгізуге дайын.

Еске сала кетейік, 10 ақпанда Samruk-Kazyna Construction-ның https://skcn.qaz.network/ жаңа онлайн платформасында жобалау мен мектепті толықтай салып, жөндеу бойынша кешенді қызмет көрсетушілерді таңдаудың байқау құжаттарын алдын ала талқылау бас­талып 15 ақпанда аяқталды. Кез келген азамат құжаттарды қарап, өз ұсынысы мен ескертуін білдіруге мүмкіндік алды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз