Атырау аумағында 2,5 тоннадан астам қоқыс жатыр

0
321

Атырау қаласы қазір расымен де қоқыс алаңына айналғандай. Ауаға жібері­летін лас қалдықтарды айт­пағанның өзінде, Атырау облысы аумағында 2,5 миллион тоннадан астам қоқыс жатыр. Ол қоқыс­тардан мұнайлы өңірдің қай уақытта түпкілікті тазаратыны белгісіз.

Бүгінде облыс аумағында 55 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Және онда 2 миллион 650 мың тонна қоқыс жиналған. Оның тұрғындардың денсаулығына тигізіп жатқан залал-зардабы өз алдына бөлек тақырып.

Әрине, қоқыстың тау-төбе болып жиналып қалуы кейбір тұрғындардың қарапайым қоқыс тастау мәдениетін меңгермегенін көрсетсе керек.

Айналаға кәмпиттің қағазы мен су­дан босаған пластик құтыны лақтырып кететіндер қоқысты бейберекет тастау­ға болмайтынын әлі күнге дейін үйрене алмай жүрміз.

«Тіпті, нанның өзін басқа лас қал­дықтармен қосып, лақтыра салу әдетке айналған. Қалада нан қалдық­тарына ар­налған контейнерлерде де бар. Бірақ тұрғындар үшін нанды түрлі тұр­мыстық қалдықтармен бірге қоқыс жә­шігіне лақтыра салу оңай болып тұр», – дейді атыраулық Гүлмира Тасымова.

Жаз шықса, қолқаны қабатын иістен зәрезап болған тұрғындар қаланы қо­қыстан тазалау мәселесі түпкілікті ше­шілгенін қалайды. Әйтсе де, жауаптылар бір-біріне сілтеп, тұрғындардың қалауын орындауға асықпайды.

Әзілхан Байбатыров – қаланы қоқыс­тан тазарту жауапкершілігін басқаға ысыр­май, өз қолына алған атыраулық азаматтың бірі. Алғашқы қадамын пластик құтыларын жинауға арналған 300 жәшікті қала ішіне орнатудан бастаған әлеуметтік кәсіпкер сол кездің өзінде айына 10 тонна пластик пен 15 тонна қағаз қалдығын жинаған.

Кәсіпкер жылдық қуаты 150 мың тон­на қоқыс өңдеуге жететін қалдық сұрып­тау кешенін салды. Испаниялық Imabe Iberica компаниясымен бірлесе салын­ған кешен заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Бірақ іс мұнымен бітпей тұр. «Тұр­мыстық қалдықтарды қайта өңдеу және сұрыптау саласы мемлекет тарапынан субсидияланбайынша, Қазақстанды қоқыстан тазарту мүмкін емес.

Жалпы құны 3 миллиард теңгеге тұрғызылған кешенді күтіп ұстау үшін жылына 660 миллион теңге керек. Егер күтіп-баптау жұмыстары уақытылы жүргізілетін болса, кешен әлі жиырма жыл қоқыс өңдеуге қауқарлы. Бірақ Атырауда тұрмыстық қалдықты шығару үшін бекітілген тариф өте төмен. Оны көтеруге халық қарсы. Шын мәнінде, қоқыс үшін тұрғындар төлейтін қаражат операциялық шығындарды өтеуге ғана жетеді.

Шын мәнінде, қалдықтарды өртейтін жақсы зауыттың құны кемінде 300 млн – 1 млрд доллар аралығында тұрады. Және ондай зауыттар қалдықтардың көп бөлігін өртеу арқылы, жылу мен электр энергия­сын өндіреді. Осындай кешенді жүйе тұр­мыстық қалдықтарды жинау мен энергия қолданғаны үшін төленетін тарифтердің жоғары болуының арқасында жұмыс істейді. Қазақстандағы жағдай керісінше болғандықтан, біз ондай өркениетті ел­дердің тәжірибесін қолдана алмаймыз. Сондықтан шетелдік инвесторлар Қазақ­стандағы тұрмыстық қалдықты қайта өң­деу саласына инвестиция салғысы кел­мейді», – дейді GreenCityClinic компа­ния­сының директоры Әзілхан Байбатыров.

Сала маманының сөзінің жаны бар. Өркениетті елдерде расымен кәдімгі қо­қысты өңдеп пайда табатындар көп. Мысалы, Швейцарияда қоқыс полигон­дарын салуға 2000 жылдан бері тыйым салынған екен.

Өйткені бұл елдегі әр отбасы тұрмыс­тық қалдықтарды өздері сұрыптап, тиісті мекемелерге өткізеді. Сол үшін арнайы төлемақы да алады. Және қоқысты сұ­рыптау мәдениетіне бүлдіршіндерді балабақшадан бастап үйретеді екен.

Қоқыс сұрыптауда әлемге үлгі мем­лекеттің бірі – Франция. Париж маңын­дағы Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқысты парализ әдісімен өртеп, атмосфераға зиян келтір­мей отыр. Қоқысты қайта өңдеу арқылы француздар алюминий, әйнек, тіпті, га­зетке арналған қағазға да шығарады екен.

 «Жапонияда қоқыстар арнайы кон­тейнерлерге сұрыпталып жиналады. Іріктеліп салынған қалдықтар қайта өңделіп, құрылыс материалы не­ме­се шикізат ретінде кәдеге асы­рылады. Тіпті, өр­тел­ген қоқыс күлін ар­найы құрылғымен тығыздап, құрылысқа пайдаланады. Осындай өркениетті ел­дер­дің озық тәжірибелері бізге де керек», – дейді микробиолог ғалым Жанар Нұртөлеу.

Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу бас­қармасының басшысы Нұрлан Жанто­қовтың айтуынша, Атырауды қоқыстан тазартуға салынып жатқан екі өңдеу зауытының көмегі болады.

«Промэкология» ЖШС мен «Грин­сити» ЖШС кешендерінің қуаттылығы жылына 75 және 150 мың тоннаны құ­рай­ды. Бірінші кешен бойынша инвестиция көлемі 1 миллиард теңгені, екіншісі бо­йынша 1,5 миллиард теңгені құрады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдейтін екі кешеннің құрылысы биыл аяқталады», – дейді Нұрлан Жантоқов.

Зерттеулерге сүйенсек, әр адам ғұмыр бойына 20 тоннадай қоқыс тастайды екен. Ресми деректерде 2018 жылдың өзінде Қазақстанда 5 млрд тоннадай қоқыс жи­налғаны айтылады. Бұл көлем қазір кө­беймесе, азаймағаны белгілі. Сол қо­қыстың қайта өңделетіні 2-3 пайызы ғана екен. Сондықтан қоқыс сұрыптау мә­дениетін өзімізден бастамасақ, әуелі өзі­міздің кейіннен келер ұрпақтың ден­саулығына қатер көп.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ