ҚАУЕСЕТ ШЫНДЫҚҚА АЙНАЛДЫ. ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ КҮДІККЕ ІЛІНДІ
Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары жемқорлыққа күдікті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасарына қатысты тергеуді аяқтады.
Ол «Аqjaiyq» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасарына оның сенім білдірілген адамдарымен жұмысты нақты орындамай-ақ өтеулі қызметтер көрсетудің жалған шарттарын жасасу туралы заңсыз нұсқау беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп күдіктенеді. Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке айтарлықтай зиян келтірілді. Күдіктіні процессуалдық ұстау кінәні толық мойындауға байланысты қолданылмады – делінген Антикор таратқан ақпаратта.
Қылмыстық іс жеделдетілген тәртіппен аяқталып, сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Естеріңізде болса 26 шілдеде Антикор аталған азаматтардың жемқорлыққа қатысы бар деген БАҚ-та тараған ақпаратты жоққа шығарған болатын.
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында және telegram-арналарда Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары мен «Ақжайық» ӘКК экс-басшысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұстағаны туралы ақпарат таратылуда. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Аталған адамдар ұсталған жоқ – деген болатын Антикор.
Arasha.kz
ФОТО: dauletten.kz